Азнабкиев бұл туралы Азаттық радиосына берген сұхбатында айтты. Азаттық тілшілері зағиптың Ақтау мен Астанада өткізген наразылық шаралары туралы бұған дейін де бірнеше рет жазған болатын.
Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының қабылдауынан кейін Ақордадан Маңғыстау облысы әкіміне телефон соғылған.
Баспанасыз азамат, үш баланың әкесі, Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Атамекен ауылының тұрғыны Исраил Азнабкиев осыдан соң ғана әкімнің қабылдауына кіруге мүмкіндік алған.
Ол әлеуметтік жеңілдікпен берілетін баспананы ала алмай, екі жылдан бері түрлі наразылық шараларын өткізіп келеді.
– Енді облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджанов мені Мұнайлы ауданында бірінші болып салынатын көп қабатты үйден пәтер алатындар тізіміне енгізді, - дейді ол.
«ПРЕЗИДЕНТ ҚАБЫЛДАҒАНША ЕШҚАЙДА КЕТПЕЙМІН»
Исраил Азнабкиев сирек кездесетін аса ауыр Бехчет ауруына ұшыраған. Ол өткен аптаның сәрсенбісі, ақпанның 1-інде әйелі мен балаларын ертіп, Қазақстан президентінен көмек сұрап, Астанаға барған еді.
Мүгедек жан Астана қаласының темір жол вокзалындағы акциясын президент қабылдағанша жалғастыратынын айтқан. Оның айтуынша, Маңғыстау облысының басшылары мүгедек әрі баспанасыз екеніне төрт жыл бойы назар аудармай келген.
Исраил Азнабкиев өткен аптада Қазақстан президенті әкімшілігінде болып, мемлекеттік инспектор Жайсаң Ахметжановпен кездесті. Кездесуде басындағы бар қиындықты баяндап берген.
Ахметжанов оның мәселесін бақылауға алатынын, Маңғыстауға қайта беруіне болатынын айтқан екен. Исраил Азнабкиев шенеунікке «Мәселе түбегейлі шешілмейінше, Астанадан ешқайда кетпеймін, екі жыл бұрын да дәл осы кабинетте дәл осындай уәде естігенмін» деген.
Исраил Азнабкиев шенеунікке өзінің Ақтауда өткізген наразылық шаралары туралы газетке шыққан мақалаларды беріп кеткенін, енді вокзалдағы наразылық акциясын жалғастырғанын айтқан еді.
«ЖАРЫЛҚАҒАН» - МУСИН
– Көп ұзамай қалта телефоныма хабарласқан адам кешкі сағат алтыдан кешікпей Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусиннің қабылдауына келуімді сұрады. – дейді Азнабкиев.
«Аслан Мусин Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхамеджановқа телефон соқты. Қасында үйсіз жүргеніне шағымданып шаршаған зағип адамның отырғанын айтып: «Бұл адамға пәтер беруге заңды негіз болмаса да, пәтермен қамтамасыз ету керек» деп нұсқау берді» дейді шағымданушы.
Исраил Азнабкиев ақтауға келген соң, ақпанның 6-сында облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджановтың қабылдауында болған.
Облыс әкімі Мұнайлы ауданының әкімі Елубай Әбілевке хабарласып, ауданда салынатын екі қабатты үйлердің алғашқысы салынып біткен бойда Азнабкиевтерге пәтер беруді тапсырған.
Бірақ әлеуметтік жеңілдікпен берілетін мұндай үйлердің құрылысы әлі басталған жоқ, әзірше тек жоспары ғана бар.
Исраил Азнабкиев «Маңғыстау облысы әкіміне кіру үшін міндетті түрде Астанаға барып наразылық шарасын өткізу керек пе?» дейді. Ол «облыс әкімінің уәдесін бір айдан кейін шенеуніктің есіне қайта салу керек, сонда ғана өз мақсатыма жетемін» деп ойлайды.
– Мен ешкімнің уәдесіне сенбеймін. Құрғақ уәделерді естіп болдым. Үндемей жүре берсең, «баяғы жартас бір жартас» болып қала береді. Ешкім сені қайтадан есіне де алмайды, - дейді зағип.
Қазақстанда заң бойынша тиесілі әлеуметтік баспанаға қолы жетпей наразы болып жүргендер аз емес. Бюрократиялық қағазбастылық пен билік кеңселеріндегі түрлі қулықтарды жеңу үшін адамдар наразылық шарасын өткізудің түрлі айласын жасайды.
Балалар үйінде тәрбиеленген Анатолий Романов 2009 жылы әлеуметтік баспана алу үшін әкімдік ғимаратының алдындағы ағашқа шығып наразылық шарасын өткізді. Бұл туралы 2009 жылы Азаттық тілшілері жазған болатын.
Анатолийді сол әрекеті үшін психиатриалық емханада үш күн тексерген. Тал басына шығу арқылы ерекше акция өткізген Романовқа тиесілі пәтер ақыры берілген еді.
Ядролық жарылыстардан зардап шегіп, ауыр дертке шалдыққан Уәлихан Серікқалиев та 2009 жылы өзіне тиесілі пәтерді көп қиындықты көріп жүріп алды. Азаттық тілшілері бұл туралы да жұртшылықты хабардар еткен.
Уәлихан Серікқалиевті Семей қаласы әкімшілігінің хатшы қызы әкімнің қабылдауына кіргізбей қойған. Арызданушы қала әкімшілігінің шыға беріс есігін күзетіп жүріп, арызын ақыры жеткізген болатын. Қала әкімі содан кейін ғана мүгедек адамға тиесілі баспана мәселесін жедел шешуді қолға алған еді.