Accessibility links

Айдос Садықовтың адвокатының шағымын Жоғарғы сот қанағаттандырмады


Оппозиция белсендісі Айдос Садықов. Ақтөбе, 16 шілде 2010 жыл.
Оппозиция белсендісі Айдос Садықов. Ақтөбе, 16 шілде 2010 жыл.

Айдос Садықов 42 жасқа толған күні Жоғарғы сот оны түрмеде қалдыруға шешім шығарды. Бұдан үш күн бұрын оның отбасында дүниеге қыз бала келді. Айдос Садықовтың адвокаты енді БҰҰ жанындағы адам құқықтары жөніндегі комитетке шағымданбақ ниетте.


Желтоқсанның 6-сы күні Астанада Қазақстан Жоғарғы соты қазір түрмеде отырған оппозиция белсендісі Айдос Садықовтың адвокаты түсірген талап-шағымды қанағаттандырмау туралы шешімін жария етті.


ТҮРМЕДЕГІ ТУҒАН КҮН

Желтоқсанның 6-сы күні Айдос Садықов 42 жасқа толды. Бұл күнді абақтыда отырып қарсы алған Айдостың зайыбы Наталья осыдан үш күн бұрын, яғни желтоқсанның 3-і күні босанып, өмірге қыз бала әкелді. Ата-анасы нәрестеге қандай есім беру туралы да алдын-ала келісіп қойыпты.

- Шамасы, сәбиімізді Шарлиз деп атайтын шығармыз. Бұл Айдостың қалауы болатын. Айдостың пікірінше, Шарлиз - «жігерлі қыз» деген мағынаны білдіреді, - деді Наталья Садықова Азаттық тілшісіне.

Ол жұбайының адвокатының талап-арызын қарау жөнінде сот отырысының ЕҚЫҰ саммитінен кейінге ауыстырылуында бір мән бар деп есептейді.

«Қандай шешім шығаратындары белгілі болғандықтан олар әдейі кейінге шегерді. Бәлкім, саммит кезінде наразылық танытылып қалуы мүмкін деп сескенген болар», - дейді Наталья Садықова.


ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ ШЕШІМІ

Түрмеде отырған Айдос Садықовтың адвокаты Татьяна Лазарева осыған дейін Ақтөбе қалалық №2 сотының шешіміне наразылық танытып, облыстық сотқа талап-арыз түсірген болатын. Облыстық сот қалалық соттың шешімін
Жоғарғы соттың судьясы Моряк Шегенов оппозиция белсендісі Айдос Садықовтың адвокаты Татьяна Лазареваның талап-арызын қанағаттандырмау туралы шешімді оқып тұр. Аcтана 6 желтоқсан 2010 жыл.
күшінде қалдырған еді.

Бұдан соң шағымданушы тарап ҚР Жоғарғы сотына жүгінді. Алғашында Жоғарғы сот адвокат Лазареваның талап-арызын қарашаның 26-сы күні қарайтын болған. Алайда, белгісіз себептерге байланысты сот отырысы ЕҚЫҰ саммитінен кейін өткізілетін болды.

Желтоқсанның 6-сы күні Жоғарғы соттың судьясы Моряк Шегенов төрағалық еткен соттар алқасы адвокат Татьяна Лазареваның талап-шағымын қанағаттандырмай, Ақтөбе қалалық №2 сотының шешімін күшінде қалдыруды ұйғарды.

- Жоғарғы соттың судьялары Айдос Садықовқа қатысты қылмыстық іс материалдарымен танысып, одан кейін адвокат Лазареваны тыңдаған соң мынадай шешім шығарды: Жоғарғы сот сотталған Айдос Садықовтың ісін қайта қарау жөніндегі адвокаттың талап-арызын қараудан бас тартады, - деді Жоғарғы соттың судьясы Моряк Шегенов.


АДВОКАТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМҒА ШАҒЫМДАНБАҚ

Айдос Садықовтың адвокаты енді әділдік іздеп халықаралық ұйымдарға шағымдану ниеті барын айтты.

- Барлық инстанцияларға шағымданып болдық. Еш нәтиже болмағанын
Татьяна Лазарева – Айдос Садықовтың адвокаты. Аcтана, 6 желтоқсан 2010 жыл.
көрдіңіздер. Енді біз БҰҰ жанындағы адам құқықтары жөніндегі комитетке арызданамыз, - деді адвокат Татьяна Лазарева Азаттық тілшісіне.

Желтоқсанның алғашқы күндері Астанада өткен ЕҚЫҰ саммиті алдында азаматтық қоғам өкілдерінің балама саммиті өткені жөнінде Азаттық радиосы хабарлаған. Осы жиында абақтыда отырған құқыққорғаушылар мен журналистер жайында сөз болғанда абақтыда отырған Айдос Садықовты босату туралы мәселе көтерілген.

Биыл шілденің 16-сы күні Ақтөбе қалалық №2 соты Айдос Садықовты «тәртіпсіздік жасады» және «полицияға қарсылық білдірді» деген айыптар бойынша екі жылға бас бостандығынан айырған болатын. Тамыздың соңында Ақтөбе облыстық соты қалалық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Айдос Садықов өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Ол өзін билік тарапынан жасалған арандатудың құрбаны болдым деп есептейді.
XS
SM
MD
LG