Accessibility links

Үкіметтің жаңа құрылымы әртүрлі пікір тудырды


Қазақстан үкіметінің кеңейтілген жиыны. Астана, 30 шілде 2014 жыл.
Қазақстан үкіметінің кеңейтілген жиыны. Астана, 30 шілде 2014 жыл.

Қазақстанда үкімет құрылымы өзгеріп, енді 12 министрлік қана қалды. Сарапшылардың арасында бұл реформадан үміт күтетіндер де, оны өзгеше жоритындар да бар.

Тамыздың 6-сында Қазақстан үкіметінің кеңейтілген жиыны өтті. Жиынды басқарған ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев жемқорлықпен күрестен бастап Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсеріне дейін сөз етті. Министрлер мен әкімдерді сынай отыра «жалпы жаман жұмыс істемегенін» ескерткен Қазақстан президенті «үкіметтің ықшам болуы тиістігін» айтты.

– 17 министрлік, 9 агенттік, 54 комитет және 272 департаменттің орнына үкіметтің 12 министрлік, 30 шақты комитеттен тұратын жаңа құрылымы жайлы шешім қабылдадым. 9 агенттік министрліктердің құрамына комитет ретінде кіреді, – деді ол.

Ел үкіметінің жаңа құрылымының мән-жайы Қазақстан президенті ресми сайтында жариялаған мемлекеттік басқару жүйесінің реформасы туралы жарлықтан мәлім болды.

Енді Қазақстан үкіметі құрамында мынандай 12 министрлік болады: ішкі істер министрлігі, сыртқы істер министрлігі, мәдениет және спорт министрлігі, ұлттық экономика министрлігі, қорғаныс министрлігі, инвестициялар және даму министрлігі, білім және ғылым министрлігі, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, ауыл шаруашылығы министрлігі, қаржы министрлігі, энергетика министрлігі, әділет министрлігі.

«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ЖАН БІТІРУ ҮШІН ЖАСАЛСА...»

Азаттық тілшісі үкіметтің жаңа құрылымы туралы сарапшылар пікірін сұрастырып білді.

Бұрын өзі де мемлекеттік қызметте істеген Айдос Сарым бұл бастаманы қолдайды.

Саясаттанушы Айдос Сарым.
Саясаттанушы Айдос Сарым.

– Әсіресе қаржы полициясының таратылуы бизнеске берілген жақсы мүмкіндік деп есептеймін. Қазақстанда күштік құрылымдар онсыз да көп. Оның орнына қаржы мониторингімен айналысатын, ондағы ерекшеліктерді жақсы білетін азаматтық құрылым пайда болғаны дұрыс, – дейді ол.

Айдос Сарым үкімет құрамы соңғы жылдары бірнеше рет өзгеріп, мемлекеттік қызметкерлердің саны бірнеше рет қысқарғанын, бірақ уақыт өте қайта көбейе бастайтынын айтады. Оның сөзінше, қазір әр министрліктің жанынан кем дегенде төрт-бес қор не төрт-бес еншілес кәсіпорын құрылып, министрліктің жұмысын атқаруға кіріскен, ұлттық басқару компанияларының өзінде 40-50 адамға дейін жұмыс істейтін департаменттер бар.

Бірақ сұқбаттасымыз «төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің онсыз да үлкен бюрократиялық құрылымға – ішкі істер министрлігіне бірігуі, әлеуметтік қорғау министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігінің қосылуы алда көптеген мәселе тудыруы мүмкін» деген қаупі барын да айтты.

– Әрине, үкімет құрылымынан гөрі жүйенің өзгеруі, демократиялық үрдістердің орнауы маңыздырақ екені анық. Бірақ мемлекеттік қызметке қалай да жан бітіру үшін жасалған қадам болса, мұны да құптау керек, – дейді Айдос Сарым.

«ҚОҒАМ НАЗАРЫН БАСҚАҒА БҰРУ ЖӘНЕ БИЛІК ТАРТЫСЫ»

Ал оппозициялық саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, үкіметтегі өзгерістердің екі саяси қыры бар.

– Біріншісі, осындай имитациялық өзгерістер арқылы қоғам назарын аударту. Екіншісі, бұл – президент әкімшілігі мен үкімет арасындағы мәңгілік тартыстың нәтижесі. Өркениетті елдерде тартыс заң шығарушы билік пен атқарушы биліктің арасында, ал бізде президент әкімшілігі мен үкімет арасында жүреді, – дейді ол.

Саясаткер Әміржан Қосанов.
Саясаткер Әміржан Қосанов.

Саясаткер министрліктерге қоса мемлекеттік қызметкерлер саны да азайып, осыған жұмсалатын қаржы шын мәнінде қысқарса, «бұл өзгерісті сонда ғана мақтауға боларын» айтады.

Әміржан Қосанов ұлттық экономика министрлігі, инвестициялар және даму министрлігі құрылып, олардың құрамына бірнеше министрлік пен агентіктің қосылғанын «кейбір топтардың ықпалын күшейту» деп жориды.

– Мәселен, ақпарат агенттігінің инвестиция және даму министрі болып тағайындалған Әсет Исекешовтің қолына түсуі билік ауысымы қарсаңында назар аудартады. Ал мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қаржы полициясымен біріктірілуі қасқырға қой баққызғанмен тең, – дейді Әміржан Қосанов.

Президент Назарбаев жаңадан құрылған бес министрліктің біріне – Әсет Исекешов басқаратын министрлікке бұрынғы индустрия және жаңа технологиялар, көлік және коммуникация министрліктері, байланыс және ақпарат агенттігі, ұлттық ғарыш агенттігінің өкілеттіктері берілетінін айтқан.

Қазақстан президенті резиденциясы. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті резиденциясы. (Көрнекі сурет)

Құрамына бұрынғы экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, өңірлік даму министрлігі, статистика агенттігі, табиғи монополияларды реттеу агенттігі, бәсекелестікті қорғау агенттігі енетін ұлттық экономика министрлігін Ерболат Досаев басқарады.

Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау министрліктері бірігіп, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі болып қайта құрылды. Оған Тамара Дүйсенова жетекшілік етеді.

Жаңадан мәдениет және спорт министрлігі құрылып, оған мәдениет министрлігінің, дін істері, спорт және дене шынықтыру ісі агенттіктерінің құзыреті берілді. Мәдениет және спорт министрлігін Арыстанбек Мұхамедиұлы басқарады.

Жаңадан құрылатын энергетика министрлігіне мұнай және газ, индустрия және жаңа технологиялар, қоршаған орта және су ресурстары министрліктерінің функциялары мен өкілеттіктері беріліп, Владимир Школьник министрі болды.

Ақорданың Twitter парақшасының хабарлауынша, басқа министрліктер өкілеттіктері өзгергенмен сақталып қалады.

Қазақстан үкімет биыл ғана, 2014 жылы сәуірдің 2-сінде Кәрім Мәсімов премьер-министр қызметіне тағайындалғаннан кейін қайта жасақталған еді.

XS
SM
MD
LG