Accessibility links

«Мәсімовтің курткаларын» Сағымбаевтың есіне түсірді


Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев.
Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев.

Астаналық құқық қорғаушы Талас Сағымбаев премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесіне – бизнесмен Қажымқан Мәсімовке 300 мың теңге айыппұл төлемеді деген айыппен үш жылға дейін сотталуы мүмкін.

Биліктің мәлімдеуінше, құқық қорғаушы Талас Сағымбаев соттың төрт жыл бұрынғы шешімін орындамаған. Бүгін кешкісін сотта Сағымбаевқа соңғы сөз берілуі тиіс. Ол өзіне тағылған қазіргі, бұрынғы айыптардың бәрін жоққа шығарады.

Сәуірдің аяғында Астананың Сарыарқа аудандық сотында Астана автотранспорт қызметкерлері кәсіподақ төрағасы Талас Сағымбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық істі қарайтын сот процесі басталған. Оған премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесі, бизнесмен Қажымқан Мәсімовке 300 мың теңге айыппұл төлеу туралы сот шешімін орындамады деген айып тағылған.

2011 жылы сот құқық қорғаушыға президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қажымқан Мәсімовтің үстінен жолдаған шағымын қайтарып алуды және өзі таратқан ақпаратты баспасөз арқылы терістеуді міндеттеген.

Құқық қорғаушылар қауіпсіздігі коалициясының хабарлауынша, Талас Сағымбаев соттың бұрынғы шешіміне қатысты шағымданбаған, енді оған жаңа айып тағылған.

Ал Сағымбаев «сот менің қатысуымсыз өткен әрі маған ескерткен жоқ» деген уәжбен соттың 300 мың теңге төлету шешімін де, ақпаратты баспасөз арқылы терістеуге міндеттеуін де заңсыз санайды.

Бірақ ол кезде бизнесмен Қажымқан Мәсімовтің адвокаты Гүлжан Омарова Азаттық тілшісіне Талас Сағымбаев сотқа екі мәрте келмегендіктен іс оның қатысуынсыз қаралғанын айтқан еді. Адвокаттың сөзінше, бүкіл жұрттың алдында «борышқор» деп атаған соң Қажымқан Мәсімов ар-намысын қорғау үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Алматыдағы КТК телеарнасы мен «Время» газеті Талас Сағымбаевтың «Шымкенттегі бір топ кәсіпкер мен үлескерлер Қажымқан Мәсімовті келісім-шарттағы міндеттемелерін орындамады деп айыптайды» деген сұхбатын жариялағаннан кейін Қажымқан Мәсімов сотқа жүгінген. Ал құқық қорғаушы Сағымбаевтың айтуынша, ол бұл мәлімдемені кәсіпкер, үлескерлер көмек сұраған соң жасаған.

Құқық қорғаушы Талас Сағымбаев бизнесмен Қажымқан Мәсімовтің қатысы бар делінген 50 курткаға қатысты хикаяны да айтып берген. Сағымбаевтың сөзінше, 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданын су басқан кезде Қажымқан Мәсімовтің компаниясынан адамдар келіп, зардап шеккендерге таратамыз деген уәдемен кәсіпкер Гауһар Айтымбетовадан әлгі курткаларды алған. Сағымбаевтың болжамынша, әрқайсысы 5 мың теңгелік 50 куртканы зардап шеккендерге таратқан болуы мүмкін, бірақ олардың ақшасын сол күйі ешкім төлемеген.

Ал Қажымқан Мәсімов Азаттыққа берген сұхбатында бұрынғы сот шешіміне риза екенін айтып, «сотта Сағымбаев ештеңені, оның ішінде әлгі курткаларға қатысты оқиғаны да дәлелдей алмады» деді

Былтыр тамызда құқық қорғаушы «сот шешімін орындамағаным үшін Астана қаласы полицейлері мен прокуратурасы тарапынан қысымға ұшырадым» деп мәлімдеген.

Талас Сағымбаевтың үстінен қылмыстық кодекстің 430-бабына сәйкес іс қозғалған. Бұл бап бойынша кінәлі адамды үш жылға дейін еркіндігін шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG