Accessibility links

Орталық жылу жүйесін аңсатқан кешен


"Саранда" тұрғын үй кешені жанында жүрген көлік пен адам. Астана, 28 қараша 2016 жыл.
"Саранда" тұрғын үй кешені жанында жүрген көлік пен адам. Астана, 28 қараша 2016 жыл.

Астанадағы «Саранда» тұрғын үй кешенінің кей тұрғындары жылу мен ыстық су тарифіне наразы. Оларға қызмет көрсететін компания «бағаны көтеруге жанар-жағармай қымбаттауы себеп болғанын» айтады.

Астана қаласындағы «Саранда» тұрғын үй кешенінінің тұрғыны, үш балалы Күнсұлу Әбілова бұл ғимаратқа жылу беретін «Saranda басқарушы компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (ЖШС) 110 мың теңге шамасында қарыз.

Тұрғындар тарифтің өсуіне наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:04 0:00
Жүктеп алу

Тарифті қалай шығаратындарын көрсетпей отыр ғой. Бұл қаланың орталық жылыту жүйесі тарифінен 10 есе артық.

- Біз әдейі төлемей отырған жоқпыз. Тарифтер көңілімізден шықпайды. Мәселен, әлі аяз түспеген қазан айында жылудың 1 гикакалориясын (1 Гкал/сағатын – ред.) 24 мың теңге қылып шығарып берді. Ол айда 0,5 гикакалория пайдаланғанбыз. Енді қараша айында 1 гикакалория шығады. Тарифті қалай шығаратындарын көрсетпей отыр ғой. Бұл қаланың орталық жылыту жүйесі тарифінен 10 есе артық, – дейді Күнсұлу Әбілова.

Ері екеуі де «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында жұмыс істейтін Күнсұлу Әбілова аумағы 61 шаршы метрлік, екі бөлмелі бұл пәтердің кілтін 2013 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алған. Қазір ол өзі сияқты тарифке наразы тұрғындармен бірге үйлерін Астананың орталық жылыту жүйесіне қосуды сұрап жүр.

«ТҰРҒЫНДАР 42 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАРЫЗ»

«Саранда» тұрғын үй кешенінің сыртқы есіктерінде «жылу мен ыстық суға қарыздары бар тұрғындар жылыту жүйесінен ажыратылады» деген хабарландырулар тұр.

Бұл кешенге жылу беретін автономды жылыту жүйесін басқарып отырған «Saranda басқарушы компаниясы» 278 пәтер иесінің жалпы қарызы 42 миллион теңгеге жеткенін айтады. Компанияның аты-жөнін атамауды өтінген қызметкері «тарифтер жанар-жағармайдың қымбаттауы салдарынан көтеріліп отыр» деген уәж айтады.

Саранда тұрғын үй кешенінің автономды жылыту жүйесінің пеші. Астана, 28 қараша 2016 жыл.
Саранда тұрғын үй кешенінің автономды жылыту жүйесінің пеші. Астана, 28 қараша 2016 жыл.

- Өткен жылы солярканың литрі 70 теңге, ал биыл 142 теңге болғанымен ешкімнің шаруасы жоқ. Тұрғындар шығын құжаттарымен танысамын десе ерікті. Батареядағы жылу да, крандағы ыстық су да солярка жағатын котельныймен жылытылады. Өткендегі 35-36 градус аяздарда күніне 13 мың литрге дейін кетті, – дейді «Saranda басқарушы компаниясының» қызметкері.

Осыған байланысты «Сарандада» ыстық судың да бағасы өсіп, 1 текше метрі 1400 теңгеге дейін жеткен.

«10 ЕСЕ ҚЫМБАТ ТАРИФПЕН ТӨЛЕП ОТЫРМЫЗ»

Алайда «Саранда» тұрғын үй кешенінің кей тұрғындары Saranda басқарушы компаниясының» «жағармай қымбаттаған соң тариф өсті» деген уәжіне сенбейді.

- Жанар-жағармай екі есе қымбаттады. Ал біз өзге астаналықтарға қарағанда 10 есе қымбат тариф бойынша төлейміз. Компания монополист болып отыр. Сондықтан жылу мен ыстық суға кез келген бағаны қоя береді. Біздің орталық жылыту жүйесіне қосылуымыз оларға тиімсіз, – дейді Дина есімді тұрғын.

"Саранда" тұрғын үй кешеніндегі кіреберісте жапсырылған хабарлама. Астана, 28 қараша 2016 жыл.
"Саранда" тұрғын үй кешеніндегі кіреберісте жапсырылған хабарлама. Астана, 28 қараша 2016 жыл.

«Саранда» тұрғын үй кешені тұрған Астана қаласы Есіл ауданы әкімдігі дерегінше, жылу жүйесі аумағы жоқ болған себепті ол кешенді әзірше қалалық орталық жылыту жүйесіне қосу мүмкін емес. Әкімдік Азаттыққа берген ресми жауабында қазір Хусейн бен Талал көшесіндегі ТМ-52 жылу магистралінен «Сарандаға» жылу әкелетін құбырлар жүйесінің жобасы жасалып жатқанын хабарлаған.

«Астананың сол жақ жағалауын үзіліссіз жылумен қамтамасыз ету және дербес қазандықтарды қосу үшін 2016-2017 жылдары ЖЭО-2 (жылу электр орталығы – ред.) көзін кеңейтуді аяқтау, 4 және 5 жылу магистральдарының құрылысын іске қосу жоспарлануда» делінген әкімдік жауабында.

«Саранда» тұрғын үй кешені Есілдің сол жағалауында, солтүстік басы Керей мен Жәнібек хандар көшесіне, оңтүстік жағы 38-көше мен Хусейн бен Талал көшесі қиылысына жақын маңда тұр. Онда әр блогы жеті қабатты екі үйден тұратын 13 блок бар. Тұрғын үй кешені «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен салынып, компанияның қызметкерлеріне жеңілдіктермен берілген. Ресми дерек бойынша, ондағы 1288 пәтердің 1078-інде осы компанияның қызметкерлері тұрып жатыр.

XS
SM
MD
LG