Accessibility links

Астана маңында жер дауы қоздап жатыр


Астана маңындағы "заңсыз сатылды" деген жерлердің біріне үй салып жатқан жұрт. (Көрнекі сурет)
Астана маңындағы "заңсыз сатылды" деген жерлердің біріне үй салып жатқан жұрт. (Көрнекі сурет)

Ақмола облысы Целиноград аудандық соты Қосшы ауылындағы «заңсыз сатылған» жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтаруға кірісті.

Шілденің 8-і күні Целиноград аудандық сотында «жер телімдерін сату-сатып алу келісім-шарттарын жою» туралы прокуратура шағымы бойынша алдын-ала тыңдау өтті. Судья Төлеген Тұрғамбаевтың сот ғимаратында ілінген кестесіне қарағанда, бүгін 22 жауапкермен алдын-ала әңгімелесу белгіленген.

«20 ГЕКТАР ЖЕРДІ 10 СОТЫҚТАН БӨЛІП САТҚАН»

Адвокаттар Серік Нұрлыбаев пен Марат Садуовтардың айтуларынша, аудан орталығы Ақмолда өтіп жатқан бұл сот тыңдауына кәсіпкер Нұрбол Қайрановтың Астана түбіндегі Қосшы ауылынан сатып алған жерінің дауы себеп болған. Олардың сөзінше, Нұрбол Қайранов жекеменшік баспана салу мақсатындағы 20 гектар жер телімін сатып алып, оны басқа тұрғындарға 10 сотықтан бөліп сатқан.

– Онда коммуникациялар өткізіліп, жер қатынастары бөлімі арқылы 10 сотықтан сегментация жасалған. Кейбір тұрғындар алған жерлеріне үй салып та үлгерді. Қазір ол жер жеке меншік құқығында, – дейді адвокат Серік Нұрлыбаев.

Адвокат Серік Нұрлыбаев Целиноград аудандық соты алдында тұр. Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылы, 8 шілде 2016 жыл.
Адвокат Серік Нұрлыбаев Целиноград аудандық соты алдында тұр. Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылы, 8 шілде 2016 жыл.

Заңгердің дерегінше, жуырда бас прокуратура Целиноград аудандық жер қатынастары бөлімінің 2014 жылғы бұйрығын заңсыз деп тауып, кәсіпкер Нұрбол Қайранов пен одан жер сатып алған азаматтардың сату-сатып алу келісім-шарттарын жою туралы сотқа шағымданған.

– Прокуратураның айтуынша, кәсіпкер архитектура және қала құрылысы бөліміне өтініш жазбаған. Бірақ кәсіпкер «жазғанмын» деп отыр. Қызмет көрсеткені туралы квитанциясы бар, – дейді адвокат Серік Нұрлыбаев.

Бүгін таңғы сағат 9:30-да басталуы керек алдын-ала сот тыңдауы 10:30-ға шегерілді. Тыңдауға кәсіпкер Нұрбол Қайранов та, одан жер телімін сатып алды делінген азаматтар да келмеді. Процеске прокурор мен адвокаттар ғана қатысты. Адвокаттардың дерегінше, «қазір Қосшы ауылының бұрынғы әкімінің үстінен жемқорлық баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған, сотқа жеткен жер дауы осы істің аясында өтіп жатыр».

Целиноград аудандық сотында жер дауына қатысты тағы бір осындай іс қаралып жатыр. Онда да бірнеше тұрғынның «жер телімін мемлекетке қайтаруы жайы» тыңдалған. Заңгер Марат Садуовтың айтуынша, «кеше Целиноград аудандық сотының судьясы Ж.Теміров прокуратураның осындай шағымы бойынша тыңдау өткізген».

Заңгер Марат Садуов. Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылы, 8 шілде 2016 жыл.
Заңгер Марат Садуов. Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылы, 8 шілде 2016 жыл.

– Онда Қосшы ауылы әкімінің жер телімдерін бір адамға заңсыз бөліп, басқа адамдарға сатқан жер алу туралы келісім-шарттарды жою жайында прокуратура талап-арыз берген. Кеше он шақты адам тыңдалды, – дейді Марат Садуов.

«БҰЛ – БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ ТЕКСЕРУІ»

Азаттық тілшісі Қосшы ауылында қанша даулы жер телімі бар екенін, оларды мемлекет меншігіне қайтарудың қандай себептері барын білмекке Целиноград аудандық әділет басқармасына хабарласты. Бірақ басқарма өкілдері «ресми жазбаша сауал жолданса ғана бес күннің ішінде жауап беретіндерін» айтты.

Ал Целиноград ауданының прокуроры Жамбыл Сматов «Қосшыдағы жер дауымен бас прокуратура айналысып жатқанын» хабарлады.

Бұл – аудандық прокуратураның тексеруі емес, бас прокуратураның тексеруі.
Целиноград ауданының прокуроры Жамбыл Сматов.

– Бұл – аудандық прокуратураның тексеруі емес, бас прокуратураның тексеруі. Бас прокуратураның сол жөнінде арнайы департаменті бар, – дейді Жамбыл Сматов.

Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз қызметі Астана маңындағы Қосшы ауылындағы жер дауы туралы «әзірше ақпарат берілмейтінін» хабарлады.

Целиноград аудандық соты «заңсыз сатылды» делінген ондаған жер телімін мемлекет меншігіне қайтару жайлы келесі отырысты шілденің 15-іне белгілеген.

Ақмола облысы Целиноград ауданына қарайтын Қосшы ауылы Астанадан 25 километрдей жерде. Ауылдың былтыр тағайындалған әкімі Дінмұхамед Қалиевтың жергілікті БАҚ-тарға айтуынша, ауыл тұрғындарының саны 35 мыңға жеткен, олардың көбі Астанаға қатынап жұмыс істейді.

Қосшы ауылының картадағы орны

XS
SM
MD
LG