Астанада кей журналистер «бұқаралық ақпарат құралдарына (БАҚ-қа) қатысты заңдарға енгізілетін түзетулер бүгін бізді қатыстырмай қаралды әрі үкіметтегі талқылаудан хабар әзірлеуге мүмкіндік бермеді» деп қынжылады.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігі баспасөз қызметінің Азаттыққа мәлімдеуінше, талқылауға баспасөз өкілдерін қатыстыру жоспарланбаған.
Талқылау «Қазмедиа» орталығында өтіп жатқанына қарамастан, шараға тілшілер кіре алмады. Қазіргі кезде республикалық мемлекеттік телеарналардың көбі «Қазмедиа» орталығы ғимаратынан хабар таратады. Бұл журналистер жұмыс істейтін орын болғанымен, бөтен БАҚ өкілдері түгілі, түзетулерді талқылауға олардың өздеріне кіруге рұқсат етпеген.
Ішінде БАҚ туралы заңға да түзетулер қарастырылған «Ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын құрастырған жұмыс тобының ондаған мүшесі бар. Топқа кей медиа-менеджерлер де кірген. Олардың көбі – «Хабар», «Казахстанская правда», «Вечерняя газета» сияқты үкіметтік әрі билікшіл БАҚ басшылары мен директорлары.
МИНИСТР АБАЕВҚА ШАҒЫМДАНУ
БАҚ қызметіне қатысты заңдарға енгізілетін өзгерістерді құрастырған жұмыс тобының алғашқы отырысына Азаттық және өзге БАҚ тілшілері сияқты Ratel.kz интернет-сайтының тілшісі Болат Әбілқасымов та кіре алмаған. Журналист Facebook желісіндегі парақшасында әріптестерін әлгі шараға кіргізбей қойды деп наразылық білдірген. Ол ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың Facebook желісіндегі парақшасына жазған, бірақ жауап алмаған.
Журналист Болат Әбілқасымов баспасөздің жұмысына қойылатын жаңа талаптарға қатысты бұлыңғыр түсініктерді шенеуніктер іс жүзінде өз қалауынша түсініп, қолдануы мүмкін деп алаңдайды. Мысалы, түзетулердің бірі «шектеулі қолжетімді дербес мәліметтерді таратуға жазбаша келісім» алуға міндеттеуді қарастырады.
Сонда сіздер журналистер шенеуніктерден ауызша комментарий ала алмасын дейсіздер ме?
«...Енді бізге мақалада аты-жөні аталған әр шенеунікті титрлеу үшін жазбаша келісім сұрауға тура келеді. Өйткені жұмыс орны да шектеулі қолжетімді дербес дерек қой. Ал 18-баптың 3-тармағы, кешіріңіз, тіпті сандырақ тармақ! Сонда сіздер журналистер шенеуніктерден ауызша комментарий ала алмасын дейсіздер ме? Мұны қалай түсінуге болады? Тағы бір мәселе. Алкогольді жарнамалауға тыйым туралы шешім кезінде қаншама шу болған. Бірақ ол кезде сіздің әріптестеріңіз ұлттың денсаулығының қамын сылтауратқан... Кешіріңіз, бірақ сыра мен шарап жарнамасы кімдердің мүддесі үшін қайтарылды деген сұрақ туады?» деп жазған Болат Әбілқасымов министрге қойған сұрағында.
Журналистер ортасында қолданылатын «титрлеу» сөзі бұл арада видеожазбаға титр салуды процесі ретінде айтылған. «Құқықтық медиа-орталық» қоры директоры Диана Окремова Facebook желісіндегі парақшасында БАҚ туралы заңға енгізу жоспарланған кәмелетке толмағандарды қорғау, ақпараттың шынайылығын тексеруге міндеттеу, дербес мәліметтерді жариялауға келісім алу сияқты түзетулерден шошып кеткенін жазған.
«Әсіресе терістеуді жариялауға міндеттеу туралы тармақ. Оны мұқият оқып шығыңыздаршы! БАҚ-тар үшін артықшылық – сыра мен шарап жарнамасы» деп жазған Диана Окремова спиртті ішімдіктерді жарнамалаудағы ұсынылған шектеулерді айтады.
АҚПАРАТТЫҢ ЕКІ КӨЗІ
«Қазақстандағы Интерньюс Network» компаниясы заңгері Ольга Диденконың айтуынша, жұмыс тобының алғашқы отырысы өтетін сәтке қарай түзетулер жобасынан әлеуметтік желілерде сынға іліккен кей ережелерді алып тастаған. Мысалы, журналистерге теңестіруді ұсынған блогерлердің мәртебесі туралы, жеке өміріне қатысты мәліметтер мен дербес деректерді таратуға өз қолымен жазылған келісім талап ету жайлы ережелер. Ал шығу деректерін жариялау мен міндетті данасын тапсыру сияқты техникалық сипаттағы кемшіліктер үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуға қатысты кей нормаларды жұмсартқан.
– Министрліктің дау тудырған өзге ұсыныстары бәрібір қалған. Мысалы, журналист ақпараттың шынайылығын тексеруге міндеті деген ұсыныс. Қандай жолмен, қандай амал, әдіс арқылы тексеретіні түсініксіз, бірақ мұндай міндет қарастырылған. Балаларды сәйкестендіру деректерін таратуға заң жүзінде салынған тыйымды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік (20-200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл) қарастырылған, – дейді Ольга Диденко.
Ол ақпарат алу құқығы мен жауап алу құқығы және терістеу туралы баптарға қатысты күмәнді сұрақтар да көп деп алаңдайды.
Мемлекеттік қызметшілерден әлдебір мәселе бойынша комментарий немесе сауалдарға қатысты жауап алу мүлде мүмкін болмай қалуы ықтимал.
– Заң жобасындағы 18-баптың қазіргі редакциясы журналистің ақпарат алу құқығын тым көп шектейді. Шын мәнінде, министрлік журналистерге ақпарат алудың тек екі жолын – баспасөз қызметі мен жазбаша сауалға жауап жолдауды ғана қалдыруды ұсынып отыр. Яғни мемлекеттік қызметшілерден әлдебір мәселе бойынша комментарий немесе сауалдарға қатысты жауап алу мүлде мүмкін болмай қалуы ықтимал. Мұндай концепция мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпаратты өз бастамасымен және превентивті түрде таратуды көздейтін «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заң концепциясына мүлде қайшы. Ақпаратты ресми және ақпараттық хабарламалар деп бөлу қисыны да түсініксіз. Біз ақпарат қолжетімділік құқығын қосымша шектеудің орнына, мемлекеттік органдар мен өзге ақпарат көздерінің ашық болуын қамтамасыз ету керек деп санаймыз, – дейді Ольга Диденко.
Қазан айының басында ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Facebook-тегі парақшасында өзі басқаратын ведомствоны «тұжырымдамаға қатысты қоғамдық пікірталас қызу жүріп жатқаны тек қуантады», ал «министрлік сараптамалық сипаттағы сындарлы ұсыныстарды, оның ішінде сыни пікірлерді де ескереді» деп хабарлаған.
Министрлік сайтында жарияланған жобада журналистерді ақпараттың шынайылығын тексеріп, жеке басына қатысты мәліметтері жарияланатын адамнан немесе оның заңды өкілінен жеке бас мәліметтерін жариялауға рұқсат алуға міндеттеу ұсынылған. Құжат бойынша, жеке адамның ресми және ақпараттық хабарламаларда келтірілген мәліметтерін жариялауға шектеу қойылмайды.
Өзгерістер жобасында төрт кодекс пен 12 заңға, соның ішінде «Жарнама туралы», «Байланыс туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Пошта туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдарға түзетулер енгізу қарастырылған. Бұл заң жобасының концепциясы қыркүйекте электрондық үкімет сайтында жарияланған еді.