Accessibility links

Назарбаев пен Порошенко «сенім мен түсіністік» жайлы айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Украина президенті Петр Порошенко. Астана, 9 қазан 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Украина президенті Петр Порошенко. Астана, 9 қазан 2015 жыл.

Қазанның 9-ы күні Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина президенті Петр Порошенко кездесті.

Қазақстан президентінің ресми сайтының жазуынша, кездесу барысында сауда-экономика, көмір өнеркәсібі, көлік-логистика және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жолдары талқыланған.

Президенттер маңызды халықаралық мәселелер жөнінде, соның ішінде Украинаның оңтүстік-шығысындағы ахуал мен Минск келісімінің жүзеге асырылу барысы туралы да сөйлескен.​

Келіссөздерден соң Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «тараптар көп мәселелер бойынша өзара түсіністік тапқанын» мәлімдеді. Назарбаевтың сөзінше, кездесу барысында президенттер екі елдің саяси және экономикалық ынтымақтастығын талқылаған.

Петр Порошенко екі мемлекет арасында «ел басшылары мен халықтар арасында орнаған өзара сенім мен құрметке негізделген саяси диалогты дамытуға ниеті үшін» Назарбаевқа ризашылығын білдірді. Порошенко Қазақстанның халықаралық құқықтың іргелі принциптеріне беріктігі, егемендік пен халықаралық деңгейде мойындалған мемлекет шекарасы аумағындағы жерінің тұтастығын құрметтейтіні зор маңызға ие екенін мәлімдеді.

Екі ел президенттерінің бұл кездесуі Украина мен Қазақстан арасында тауар айналымы көлемі азайған шақта өтіп жатыр. Назарбаевтың сөзінше, өзара сауданың бәсеңдеуі энергия көздері бағасының кемуіне, Батыс пен Украинаның Ресейге салған санкциялар мен оған Кремльдің қарсы шараларына байланысты. Украина ресми органдарының мәліметі бойынша, бұл елдің Қазақстанмен жалпы сауда көлемі 2015 жылдың алғашқы жартысында 544,1 миллион долларды құраған.

Петр Порошенко Астанаға қазанның 8-і күні кешке келген. Сол күні ол Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовпен кездескен. Порошенконың сапары аясында Астанада бүгін қазақ-украин бизнес форумы өтіп жатыр.

Бұл - Петр Порошенконың 2014 жылы Украина президенті болып сайланғаннан бергі Қазақстанға алғашқы сапары.

XS
SM
MD
LG