Accessibility links

ҮЕҰ этикасы кодексін әзірше қабылдамайтын болды


"Қазақстанның азаматтық альянсы" президенті Нұрлан Ерімбетов (сол жақта) министрлер мен депутаттарға көрмені таныстырып жүр. Астана, 25 қараша 2016 жыл.
"Қазақстанның азаматтық альянсы" президенті Нұрлан Ерімбетов (сол жақта) министрлер мен депутаттарға көрмені таныстырып жүр. Астана, 25 қараша 2016 жыл.

Астанада өтіп жатқан Қазақстанның 7-азаматтық форумында билік бір ай бұрын хабарлаған ҮЕҰ этикасының кодексі жобасы қабылданбады. Құжатты қабылдау ұйымдардың дауына бола кейінге қалды.

Азаматтық форумдағы үзіліс кезінде «Қазақстан азаматтық альянсының» атқарушы директоры Ильдар Катенов Азаттыққа қоғамдық ұйым жайлы қилы пікірлерді бір этикалық кодекске әзірше біріктірудің сәті түспегенін айтты. Бірақ оның сөзінше, кодекс жобасы дайын әрі көптеген тармақтан тұрады. Олардың бірі үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) қатарын «жағымсыз элементтерден» тазартуға мүмкіндік береді.

Бағаны әдейі арзандатып, демпингпен айналысатын, сапасыз қызмет көрсететін бір күндік ұйымдар өте көп.

– Бағаны әдейі арзандатып, демпингпен айналысатын, сапасыз қызмет көрсететін бір күндік ұйымдар өте көп. Оны не істейміз? Мұнымен қалай күресеміз? Егер ондайлар пайда болса, оларды нарықтан ығыстырып шығару үшін бүкіл секторды іске шақырамыз, өйткені олардың кесірі бәріне тиеді, – дейді Ильдар Катенов Азаттыққа.

Катенов кей белсенділер этикалық кодекстен ҮЕҰ-ға еш пайда жоқ деп дауласатынын айтады. Өзге белсенділер азаматтық секторда жұмыс істегісі келетіндердің бәрі ұстануы тиіс әлдебір этикалық нормаларды орындауды талап етеді.

– Біреулер байбалам салуға, яғни билікті сөгіп-мінеуге үйренген, ал конструктив жоқ. Әйтеуір сынаудың жөні осы екен демей, бір уақ билікке құрметпен қарап, конструктивті бірдеңе ұсыну керек қой, – дейді Ильдар Катенов.

Бүгін Астанада өтіп жатқан 7-азаматтық форумда мұндай ештеңе айтылмады. Ұлттық мұражайда өткен шарадан хабар таратуы тиіс БАҚ-тарды іріктегені сияқты, шараға қатысатын делегаттарды да мұқият іріктеген. Азаттық тілшісін 7-азаматтық форумға аккредитациялаудан бас тартқан болатын. Бірақ кіреберісте тұрған полицейге журналистік куәлікті көрсетіп, форумға кірудің сәті түсті. Форумға БАҚ-тарды аккредитациялаумен ақпарат және коммуникация министрлігіне қарасты ақпарат комитеті айналысқан.

Форумға Қарағандыда келген делегат – «Экомузей» қоғамдық ұйымы директорының жұртшылықпен байланыс жөніндегі орынбасары Анна Андрейчуктің айтуынша, өзі жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым конкурста жеңгені үшін, экологиялық проблемаларды шешуге қосқан үлесі үшін оған көтермелеу ретінде форумға жолдама берген.

Қарағандыдағы «Экомузей» ұйымының құрылғанына талай жыл болған әрі ұйым білім беру жобаларымен және аймақтың экологиялық проблемаларын шешумен айналысады. Белсенді «Сіздердің ҮЕҰ үшін мұндай шара пайдалы ма?» деген сұраққа жауап таппады.

– Көп нәрсе жар салып жариялайтындай жақсы емес. «Азаматтық альянс» тағы бір супердиалог алаңы мен суперпартнер болғысы келетінін естідік. Мемлекетке бірдеңе етіп жақындаймыз деп жұрттың көбі «Азаматтық альянсқа» кірмейді ғой, – дейді Анна Андрейчук.

«Экомузей» қоғамдық ұйымы директорының жұртшылықпен байланыс жөніндегі орынбасары Анна Андрейчук. Астана, 25 қараша 2016 жыл.
«Экомузей» қоғамдық ұйымы директорының жұртшылықпен байланыс жөніндегі орынбасары Анна Андрейчук. Астана, 25 қараша 2016 жыл.

Форумда азаматтық қоғам өкілдері «әсіресе ауылдарда бізді тең құқылы әріптес деп санауды сұраймыз» деген сөздер айтты. Бұған қоса олар үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс бөлу шарттарын қайта қарауды өтінді.

Азаматтық форумға қатысушылар мен қонақтары арасында аймақтық және республикалық ҮЕҰ, парламент депутаттары, билік өкілдері болды. Олардың саны делегаттар санымен шамалас болды. Қатысушылар арасында Қазақстан президенті болуға үміткер мен бұрынғы кандидат - Мұсағали Дуамбеков пен Мэлс Елеусізов болды, екеуінің де өз ҮЕҰ-лары бар.

Форум үкімет мүшелері келерден үш сағат бұрын ҮЕҰ-ларға арналған түрлі секцияларды өткізуден басталды. Көп ұзамай бір топ парламент депутаттары мен мәдениет және спорт, дін істері және азаматтық қоғам министрлерін ертіп, премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов келді. Тасмағамбетов пен өзге үкімет мүшелері аймақтардағы ҮЕҰ жетістіктеріне арналған стендтерін аралап жүргенде делегаттар оларды мәжіліс залында төзімділікпен күтіп отырды.

Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов (ортада) аймақтардағы ҮЕҰ жетістіктеріне арналған көрмеде. Астана, 25 қараша 2016 жыл.
Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов (ортада) аймақтардағы ҮЕҰ жетістіктеріне арналған көрмеде. Астана, 25 қараша 2016 жыл.

Көп ұзамай мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлем хатын оқыды, белсенділер орындарынан тұрып, қол шапалақтады.

Форум соңында премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов белсенділерге үкімет өкілдерімен әр тоқсан сайын кездесіп, аймақтардағы жағдайды бірге талқылауды ұсынды. Бұған қоса ол жиі кездесулер азаматтық қоғамға үкімет реформаларын анығырақ жеткізуге көмектесетінін айтты.

Тасмағамбетовтің сөзінше, қазір Қазақстанда 18 мың ҮЕҰ тіркелген, оның 8 мыңнан көбі белсенді жұмыс істейді, ал азаматтық секторда шамамен 30 мың адам жұмыспен қамтылған. Бірақ олардың бір бөлігі мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастырумен айналысады. Белсенділердің өздері мұндай жалған ҮЕҰ-дарды GONGO (Government-Organized Non-Governmental Organization – үкімет құрған үкіметтік емес ұйымдар) деп атайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG