Accessibility links

Қоғамдық қабылдау мәселені шеше ме?


"Нұр Отан" партиясының қоғамдық қабылдауына келген тұрғын Любовь Мамаева. Астана, 12 қараша 2015 жыл.
"Нұр Отан" партиясының қоғамдық қабылдауына келген тұрғын Любовь Мамаева. Астана, 12 қараша 2015 жыл.

Депутаттар да тұрғындарды қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдай бастады. Ал сарапшылар олардың шаруа шешердей ықпалы барына сенбейді.

Астана тұрғыны Любовь Мамаева мәжіліс депутаты Анатолий Пепенинмен кездесу үшін «Нұр Отан» партиясының ұйымдастырған қоғамдық қабылдауға келді.

Ол депутатқа екі мәселені – Украинада дүниеге келген туысының құжатын рәсімдеу кезінде қазақстандық ресми орындарда көрген қиындығын және баласына атасынан қалған жер үйдің белгісіз себеппен сүріліп кеткенін айтпақ.

– Депутат мәселемізді шешеді деп ойлаймын. Өйткені бауырымның ісі жылжыған. Бірақ қазір қайта тоқырап қалды. Алғаш келгенімде олар бәрін шақырып алып нұсқау берген. Көш-қон полициясы депутатқа есеп беру үшін «мәселем шешілді» деп жазып беруімді өтінген. Көмектесер деп жазып бергенмін. Енді депутатқа тағы жолығуыма тура келді, – дейді Любовь Мамаева.

«МИНИСТРГЕ АЙТСА, ТЕРЕҢ ЖӘНЕ ӘДІЛЕТТІ ҚАРАЛАДЫ»

Любовь Мамаеваның арызы тыңдаған мәжіліс депутаты Анатолий Пепенин ол кісінің бірінші шағымы – құжат рәсімдеуге байланысты көші-қон полициясына өтініш-хат жазатындарын мәлім етті.

Мәжіліс депутаты Анатолий Пепенин (ортада) азаматтармен кездесіп отыр. Астана, 12 қараша 2015 жыл.
Мәжіліс депутаты Анатолий Пепенин (ортада) азаматтармен кездесіп отыр. Астана, 12 қараша 2015 жыл.

Тұрғынның мұраға қалған үйге қатысты шағымына «Нұр Отан» партиясы орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесі жетекшісінің орынбасары Жұмажан Жүкенов араласып, «полицияға жүгініңіз» деген кеңес берді. Любовь Мамаева мәселелерін шешу үшін ертең барлық құжаттарын әкелетін болып қайтты.

Мәжіліс депутаты Анатолий Пепенинмен кездесуге 10 адам жазылған еді, екі сағатқа созылған кездесуге солардың алтауы ғана келді. Тұрғындардың көбі баспана және жұмыс жайлы шағымдарын жеткізді. Депутат оларға «не істеу керектігі жөнінде кеңес беретіндерін» айтады.

– Өтініштерін қабылдап, мәселені шешуге құзырлы инстанцияларға септессін деп хат жолдаймыз. Әрине, сот шешімдеріне әсер ете алмаймыз. Сот істерімен де келгендер бар. Оларға «апелляцияға беруге болады» деп, заңгерлік кеңес айтамыз, – дейді депутат Анатолий Пепенин.

«Нұр Отан» партиясы қоғамдық қабылдау бөлмесі жетекшісінің орынбасары Жұмажан Жүкенов қабылдау кестесін көрсетіп тұр. Астана, 12 қараша 2015 жыл.
«Нұр Отан» партиясы қоғамдық қабылдау бөлмесі жетекшісінің орынбасары Жұмажан Жүкенов қабылдау кестесін көрсетіп тұр. Астана, 12 қараша 2015 жыл.

«Нұр Отан» партиясы өкілі Жұмажан Жүкеновтің айтуынша, қыркүйектен шілдеге дейін ай сайын сегіз депутат осындай қабылдау өткізбек.

– Апта сайын екі-үш рет мемлекеттік мекемелер басшылары қабылдайды. Орталықта министрлердің барлығы қабылдауларын өткізген. Әрине, министрге келіп, мұң-мұқтажын айтқан азаматтардың мәселесі өте терең және әділетті қаралады, оған ықпал етеді, – дейді ол.

«ПАРЛАМЕНТ АТҚАРУШЫ БИЛІККЕ ПӘРМЕН БЕРЕ АЛМАЙДЫ»

«Республика-Аймақ-Даму» қоғамдық қорының жетекшісі, блогер Ғалым Байтоқ қарапайым азаматтардың мәселелерін шешу үшін депутаттарға жолығуының тиімді тұсы бар деп біледі.

– «Ауыр салмақтағы» депутаттар (мәселені шешу үшін) министрлерге тікелей телефон соға алады. Үкімет басшыларына хабарласатын депутаттар да бар. Ал «жеңіл салмақты» депутаттар министрге емес, вице-министрге қоңырау шалады, – дейді Ғалым Байтоқ.

Блогер Ғалым Байтоқ. Астана, 12 мамыр 2015 жыл.
Блогер Ғалым Байтоқ. Астана, 12 мамыр 2015 жыл.

Бірақ ол «азаматтарға көмек көрсетудегі негізгі мәселе – депутаттардың құқықтары аз, сондықтан олардың құзіреттерін көбейту керек» деп біледі.

Саясаткер Әміржан Қосанов та Ғалым Байтоқтың «депутаттардың өкілеті аз» деген пікірімен келіседі.

– Мәжіліс депутаттарының жеке азаматтар мәселесін шешу-шешпеуін айту үшін ең алдымен парламент құзыреті мен өкілеті туралы әңгіме қозғауымыз керек. Өкінішке қарай, біздегі парламент атқарушы билікке – үкіметке, облыс-аудан әкімдеріне ешқандай пәрмен, тапсырма, орындалатын бұйрық бере алмайды, – дейді Әміржан Қосанов.

Саясаткер «Нұр Отан» партиясының депутаттарды шақырып, қоғамдық қабылдау өткізуі азаматтардың шаруаларын шешеріне күмәнмен қарайды.

Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 10 желтоқсан 2013 жыл.
Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 10 желтоқсан 2013 жыл.

– Депутат та, үкімет те – сол партияның өкілі. Егер шешетін болса, олар шаруаны баяғыда шешер еді. Қоғамдық қабылдау өткізу – жай ғана электорат үшін «біз халықты қабылдап жатырмыз» деген мағынадағы спектакль, театр. Өркениетті жүйедегідей жеңген партия үкімет құрап, жоспарын орындаса отыра беретін, орындамаса кететін жүйе болғанда, ол партияның ықпалы да болар еді, – дейді Әміржан Қосанов.

Президентшіл «Нұр Отан» партиясы парламенттегі фракциясының депутаттары мен мемлекеттік органдардың жетекшілері азаматтарды қабылдайтынын 2 қарашада хабарлаған. Партияның жоспарынша, облыс орталықтары мен Алматы қаласының тұрғындары ол қабылдауға бола Астанаға келмей-ақ, «Нұр Отан» партиясы филиалдарында өтетін видеоконференция арқылы қатыса алады.

XS
SM
MD
LG