Мәжілісте заң жобасын таныстырған, «құжатты әзірлеуде шет елдің тәжірбиесі де ескерілгенін» айтқан әділет министрі Марат Бекетаевтың сөзінше, жобада президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптар күшейту қарастырылған.
Бекетаевтың сөзінше, президенттікке кандидаттарды қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар ғана ұсына алады - азаматтардың президенттікке кандидат ретінде өзін-өзі ұсынуына тыйым салу қарастырылған.
– Біз адамдар өздерін үміткер ретінде ұсынғанын талай мәрте көрдік. Мұның шынайы ұмтылыс емес екенін жұрт жақсы біледі. Олар өз аттарын шығару үшін ғана осындай әрекетке барады. Көрші мемлекеттерге қараңыздар, Украинада қиялдан туған кейіпкер де сайлауға түсті. Осындай оқиғалар өзін үміткер ретінде ұсынудың дұрыс еместігін көрсетті, – дейді ол.
Заң жобасында бұған қоса кандидаттарға мемлекеттік қызмет немесе сайланатын мемлекеттік лауазымды қызмет атқарған кем дегенде бес жыл тәжірибесі болуы шарт.
Тағы бір өзгеріс – президенттікке кандидаттың ол міндеті атқаруына кедергі келтіретін ауруы жоқтығын растау туралы талаптар жайы. Кандидат міндетті медициналық тексеруден өткізіледі. Бұл талап «Сайлау туралы» заңға енгізілмек. Парламент депутаты Меруерт Қазбекова бұл өзгерісті қолдап, «денсаулыққа қатысты талапты баяғыдан қою керек еді» деп біледі.
– Қазір көлік жүргізу үшін медициналық текесеруден өту керек. Ал мемлекетті басқаруға ешқандай талап қойылмайды. Біз елдегі ең үлкен лауазымға үмітті болған кейбір кандидаттардың ақыл-есінің күмән тудыратынына куә болдық. Сондықтан, мұндай норма елдегі ең жоғары лауазымға үміткерлер үшін аса маңызды, – дейді ол.
Бірақ журналист Қуандық Шамахай бүгін мәжіліс мақұлдаған заң жобасының кейбір тұсымен келіспейтінін айтады. Оның сөзінше, жеке тұлғаның өзін президенттікке үміткер ретінде ұсынуына тыйым салатын заңды қабылдау елдегі саяси белсенділікті төмендетеді.
Қазір жұрт арасында партияларға деген сенім соншалықты керемет болмауы мүмкін.
– Өйткені қазір жұрт арасында партияларға деген сенім соншалықты керемет болмауы мүмкін. Халықтық мүддені, ұлттық мүддені биік қоятын сондай азаматтар болса, олардың өзін-өзі ұсына алмайтын осындай жағдайға ұшырауы қоғамдағы тағы бір жағымды көрініс емес, – дейді ол.
2011 жылғы президент сайлауында өзін-өзі кандидат ретінде ұсынған саясаткер Уәлихан Қайсаров та кандидат тәуелсіз болуы керек деп біледі. Саясаткер «олай етпеген жағдайда үміткер өзін қолдаған партия не ұйымның айтқанымен ғана жүреді» деп алаңдайды.
– Сонда президент сол партияға тәуелді болып келеді. Үлкен қауіп төнетін жағдайларда олардың қолына сондай көзір карталар беріледі, – дейді ол.
Қазақстанда биыл көктемде конституцияға президенттің кейбір өкілеттіктерін үкімет пен парламентке бөліп беруді қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Қазақстанда 2015 жылы өткен президент сайлауына әуелі жиырма шақты адам қатысуға ниет білдірген.
Бірақ олардың үшеуі ғана тіркеуден өтіп, сайлауға жіберілген. «Нұр Отан» партиясы атынан сайлауға түскен қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев – 97,75 пайыз, Қазақстан халықтық коммунистік партиясының кандидаты Тұрғын Сыздықов – 1,61 пайыз, өзін өзі ұсынған Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов 0,64 пайызы дауыс алған.
ВИДЕО: Президенттікке өзін-өзі ұсынғандар