Астана тұрғыны Жанат Мұқанов бес жыл бұрын Кенен Әзірбаев көшесіндегі мемлекеттік қызметкерлер үшін салынған үйдің коммерциялық мақсаттағы қосалқы алтыншы қабатынан 6 миллион теңгеге пәтер алған. Бұл үй Астана әкімдігінің тапсырысымен салынған. Алайда туындаған даудан кейін Жанат Мұқанов өз пәтеріне күмәндана бастағанын айтады. "Баспанаға қолым жетті ме, жетпеді ме" деген күдік әлі сейілмегенге ұқсайды.
- Әйел, бала-шағам бәрі алаңдаулы. Не істейтінімізді білмейміз. Президентке, «Нұр Отанға» барамыз ба екен? – дейді ол.
Үйді салған «Норд-диалог» құрылыс компаниясы соңғы қабаттағы пәтерлерді алдын-ала үлескерлік келісім-шарттар бойынша сатқан. Алайда бұл компания «Астана банкі» алдында қарызға батып, салған пәтерлері арестке қойылған. Соның салдарынан Жанат Мұқанов сияқты ондаған тұрғын сатып алған пәтерін өз атына аудара алмай жүр.
- «Норд-Диалог» қарызын қайтармаса, банк бізден пәтерлерімізді тартып алатын тәрізді, - дейді Жанат Мұқанов.
Кенен Әзірбаев көшесінде осындай проблемаға ұшыраған тағы бір үй бар. Екі үйдегі жетпістен астам пәтердің жартысының құжаты рәсімделіп үлгерген. Ал осы екі үйдегі 37 пәтердің иесі Жанат сияқты бағасын толық төлесе де, құжаттарын рәсімдей алмай жүр.
Тұрғындар «Астана банкімен» бірнеше мәрте соттасқан да. Үлескерлердің өкілі Ержан Шәтеновтің айтуынша, егер сот «Норд-Диалог» компаниясын банкрот деп тапса, пәтерлер арестен шығарылып, тұрғындар атына рәсімдеуге мүмкіндік туады.
«Норд-Диалог» банкрот деп жарияланса, банкротты іске асырушы маман барлық пәтерлерді үлескерлер иелігіне өткізеді. Сондықтан бұл біздің мүддемізге сай болар еді.
- «Норд-Диалог» банкрот деп жарияланса, банкротты іске асырушы маман барлық пәтерлерді үлескерлер иелігіне өткізеді. Сондықтан бұл біздің мүддемізге сай болар еді, - дейді ол.
Астана соты осы аптда «Астана банкінің» «Норд-Диалог» компнаиясын банкрот деп табуға қарсы аппеляциялық шағымын да қараған еді. Сотқа банктің атынан келген Дәурен есімді қызметкерден тілшілер комментарий сұрағанымен, ол өз мекемесінің осыған қатысты ұстанымын айтудан бас тартты.
Ал сот процесін видеоға түсіруге тыйым салған Астана қалалық сотының аппеляциялық коллегиясы банк шағымын қанағаттандырды. Судьялардың айтуынша, егер «Норд-Диалог» банкрот деп жарияланса, пәтерлер аукционмен сатылып, компания борышын өтеуге жұмсалады да, үлескерлердің мүлде пәтерсіз қалу қаупі бар. Сондықтан олар үлескерлерге әр пәтерден аресті шешу туралы сотқа жеке-жеке жүгінуге кеңес берді.
Судьялардың айтуынша, «Норд-Диалог» банкрот деп жарияланса, пәтерлер аукционмен сатылып, компания борышын өтеуге жұмсалады да, үлескерлердің мүлде пәтерсіз қалу қаупі бар.
Бірақ үлескерлер өкілі Ержан Шәтенов «Астана банкі» сотқа қатысушы тараптардың біріне айналғалы аппеляциялық шағымдарымен үлескерлер мәселесінің шешілуіне кедергі жасап келеді дейді.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 9 мың адамның мүддесіне қатысты 59 проблемалық тұрғын үй кешені бар. Оның ішінде 42 нысан Астана қаласында орналасқан. Бұл үйлер қазір 7 мың үлескердің алаңдаушылығына себеп болып отыр.