Астаналық зейнеткер Еркебай Қолдашев қыркүйектің 15-інен кейін екі қызы, үш немересі, әкесіз қалған екі жиені – жиыны жеті, өзімен сегіз адамды қайда алып баратынын білмейді. 2008 жылдан бері тұрып жатқан жатақханадағы 11 шаршы метрлік екі бөлмесін олар сот шешімімен босатуы тиіс.
Қыркүйектің 2-сі күні Еркебай Қолдашевпен бірге басқа жеті отбасы, жиыны 45 жанды жатақханадан шығару үшін сот орындаушылар келген. Бірақ пәтерлерінен өз еріктерімен шықпаған тұрғындар сот орындаушыларға «баспананы қыркүйектің 15-і босатып беруге» уәде беріп, қолхат жазған. Сол мерзімге дейін қала басшыларына жағдайларын жеткізуге тырысқан тұрғындар қыркүйектің 5-і күні баспасөз мәслихатын өткізді.
ВИДЕО: Астанадағы жатақханадан шығару (2 қыркүйек)
САЯЖАЙДАН ЖАТАҚХАНАҒА КӨШУ ДАУЫ
- Астанадан 2003 жылы шағын жер үй алдық. Оны жыл сайын үлкейтіп, көлемін 120 шаршы метрге жеткіздік. Құжаттарын түгендеп, тұрғылықты мекен ретінде тіркелдік. 14 жан тұрдық. Үйдің саяжай екенін, саяжайды сот үй деп есептемейтінін қайдан білейін? 2008 жылы шырылдатып қуып шықты. Алып келді де осы жатақханаға кіргізді. Енді бұдан да қуып жатыр,- дейді Еркебай Қолдашев.
Оның бұрынғы саяжайының орнында бүгінде «Алау» спорт кешені тұр. Саяжайдан жатақханаға көшірілген бұл тұрғындар жер теліміне деп алған өтемақыларының Астанадан жаңа баспана алуға жетпегенін айтады. Енді жатақханадан да шығарылғалы жатқан орта жастағы Серік Әбдірәсілов:
- Кезінде саяжайымды мемлекет қажетіне алғанда бастапқы бағалаудағы үш миллион теңгенің орнына (2008 жылғы бағаммен 25 мың доллар) әкімдік сот арқылы 800 мың теңге ғана (6 мың доллардан асады) беріп, осы жатақханаға орналастырған, - дейді.
Серік Әбдірәсіловтің сөзінше, әкімдік өкілдері «жатақхана құжаттары толық жасалғаннан кейін, екі бөлмені жекешелендіріп беру мәселесін қарастыратындарын ауызша айтқан» .
ШЕНЕУНІК ЖАУАБЫ
Наразы тұрғындардың уәжін тыңдауға келген Астана әкімдігіне қарасты «Қалалық жылжымайтын мүлік» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысы Александр Строчков «саяжайлардың мемлекет қажеті үшін алынғанын», тұрғындарға кезінде «өтемақы, сондай-ақ, уақытша тұруға жатақханадан баспана берілгенін» айтты.
Оның сөзіне қарағанда, енді сол «уақытша берілген» жатақхананың құрылыс жұмыстары толық бітіп, 2008 жылы кірген жеті отбасының тұра беруі үшін қайта келісім-шарт жасау мәселесі көтерілген. Бірақ мәселені қараған комиссия келісім шартқа отыруға заңдық негіз жоқ деген шешім шығарған. «Қалалық жылжымайтын мүлік» басшысы Александр Строчков:
- Бастапқыда белгілі бір мерзімге келісім шарт жасалды. Ол кезде бұл жатақхана «Квартира бюросы» мекемесіне қарайтын және құрылыс жұмыстары бітпеген еді. «Квартира бюросы» таратылған соң жатақхана «Қалалық жылжымайтын мүлікке» қарады және қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары бітіп, құжаты жасалды. Сосын тұрғындармен құжат жасау жұмысы шықты. Тұрғындар бізге қағаздарын тапсырды. Комиссия оны қарап, тұрғындармен қайта келісім жасауға заңды негіз таппады. Заңды негіз болса, оларды жатақханада қалдырар едік. Мәселе сотта қаралып, оларды баспанадан шығаруға шешім шықты,- дейді.
«ТҰРҒЫНДАРДЫ ӘКІМДІК ӘУЕЛ БАСТА АЛДАП КЕТТІ»
Астанадағы баспана дауында тұрғындардың мүддесін қорғап жүретін құқық қорғаушы, қоғам белсендісі Зәуреш Батталова қалалық әкімдік тұрғындарды «әуел баста алдап кеткенін» айтады.
- Қалалық әкімдік саяжай тұрғындарын жатақханаға орналастырған кезде бұл ғимарат «Квартира бюросының» емес, «Жасыл Аймақ» мемлекеттік мекемесінікі болатын. Бізде құжаттары бар. Яғни, келісім-шарт негізсіз жасалды. Мен сол кезде біздің ұсынысымызбен құрылған комиссияның қоғамдық өкілі едім. Қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошунға «бұл алдамшы нәрсе, тұрғындар үшін келісім-шарттың ешқандай заңды күші жоқ, ертең уақыт келгенде оларды тағы да қуып шықпақсыңдар ғой» дегенмін. Міне, сол уақыт келген секілді, - дейді ол.
Ал «Қалалық жылжымайтын мүлік» мекемесінің басшысы Александр Строчков бастапқы келісім-шарт дұрыс болғанын айтады. Бірақ ол Азаттық тілшісінің «Пригродный жатақханасы заң жүзінде 2014 жылы ғана пайдалануға берілсе, тұрғындар 2008 жылдан бері қалай тұрды? Олармен жалға алу келісім-шарты қалай жасалды?» деген сұрақтарына «Енді, осылай болып қалды. Солай болды енді» деп жауап берді.
«Қалалық жылжымайтын мүлік» мекемесінің өкілі қыркүйектің 15-і күні тұрғындар өз еріктерімен баспаналарынан босатпаса, сот орындаушылары оларды заңды негізде күштеп шығаратынын айтады. Ол «егер тұрғындар сот шешіміне келіспесе, жоғарғы сотқа шағымдануына болатынын» да ескертті.
Жатақханадан шығуы тиіс Серік Әбдірәсілов Қазақстан жоғарғы соты мен бас прокуратураға қыркүйектің 5-і күні шағым түсіргенін айтты. Бірақ ол шағымы қаралып біткенше, сот орындаушылары отбасын көшеге шығарып тастайды деп алаңдайды.
«Жатақханаға алдап кіргізіп, күшпен шығарып жатыр» деген Әбдірәсіловтің жұбайы Бақытгүл Әлибекова «қала әкімі өздерін далаға тастамас» деп үміттенеді.
Астанада саяжай жер телімдері мемлекет қажетіне алынып, берілген төлемақы жаңа баспана алуға жетпей, далада қалғандарын айтып шағымданған адамдардың наразылық шаралары бірнеше жылдан бері өтіп келеді. Мұндай азаматтардың бірқатары парламент депутаттары мен үкіметтен көмек сұрап бірнеше рет үндеу жасап, наразылық шеруілеріне шықты, аштық акциясын да өткізді. Бірақ олардың талабы орындалмады. Қала билігі заңға сәйкес әрекет еткенін және тұрғындарға жер телімі мен баспаналарына лайықты өтемақы ұсынылғанын мәлімдеп келеді. Наразылар жылжымайтын мүліктері «тым арзан бағаланатынын» айтады.