Әдебиет саласы бойынша соғыс туралы жазбалары үшін жазушы-публицист Светлана Алексиевич биыл Нобель сыйлығының иегері боп жарияланды. Бұл хабардың мені таңдандырғаны сонша, есіме бірден «Соғыстың соңғы жазын» жазған және сол үшін тауқыметтен басқа еш сый көрмеген қазақ ақыны Өтежан Нұрғалиевтың нұрлы бейнесі оралды.
Бәрімізге белгілі Өтежан Нұрғалиевтың ақындық тағдыры өте сәтті басталған. «Жұлдыз» журналына түскен алғашқы топтамасын оқып он жеті жастағы жас талапкерді айтулы ақынымыз, кезінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» баспаға дайындаған Қуандық Шаңғытбаев «қазақтың Пушкині» деп жариялап, Ақтөбе облысындағы Байғанин ауылынан Алматыға шақырып алған. Содан 1964 жылға дейін қазақ поэзиясында махаббат лирикасының теңдесі жоқ классигі Өтежан Нұрғалиевтың дәуірі орнайды. Әрине, онда бәрі де болады: сағаттап өлең оқыған поэзия кештері де, көңіл көтеруден басқа қайғысы жоқ дос-жаран отырыстары да, түрлі қарсыластармен, оның ішінде оқып жүрген факультетінің басшылығы да бар, қызу айтыстар да. Ақыр аяғында мұның бәрі жас «классиктің» оқудан шығып кетуімен тынады. Дәл сол кездері орыстілді ақын Олжас Сүлейменовтің жұлдызы жанып, қазақтың әдеби қауымы енді Өтежанды "Есениндей талантты болса да, кітапты көп оқымаған" деп пыш-пыш әңгіме тарата бастайды. Осының нәтижесінде адуын ақын әріптестеріне тас ренжіп, астананы тастап ауылына көшіп кетеді. Бірақ бірнеше жылдан кейін Алматыға қайта оралғанда, Өтежан туған жерінде босқа жүрмегенін көрсетіп, «Соғыстың соңғы жазы» деген балладалар жинағымен қайтып келеді. Бірақ бұл жинақтан ол қаншама тамаша үзінділер жарияласа да, тек түсінбеушілік пен қабылдамаушылыққа ұрынады. Себебі Өтежанның ақындық позициясы сол кездегі идеологиялық ұстанымдарға қайшы келе берді.
Біріншіден, егер соғыс тақырыбын жыр еткің келсе, ол майдандағы соғыс болуға тиіс, екіншіден, ол жеңімпаз соғыс болуы керек, үшіншіден, онда көп ұлтты кеңес халқының бірлігі суреттеліп және соның ішінде орыс ұлтының ұлылығы әйгіленуге тиіс. Ал Өтекең болса осы мызғымас қағидалардың үшеуін де бұзған. Ақын майдан емес, соғыс кезіндегі қазақ ауылының ауыр тұрмысын суреттеген, сосын бұл тұрмыста жеңімпаздықтың еш нышаны жоқ екенін көрсеткен және тек қазақ ауылы ішіндегі кеңес бюрократиясы тудырған ішкі қайшылықтарды әшкерелей берген. Осы кезектегі ойымызды түйіп жіберсек, «Соғыстың соңғы жазын» соғыс кезіндегі қазақ ауылының энциклопедиясы деп атауға болады, бірақ автор одан әріге барған, ол Ресей империясының, кейін Кеңес үкіметінің қазақ менталитетін, немесе қазақы ділін бұзып, саяси шолақ белсендіге айналдырғанын суреттеген. Егер қазақ бұрын еркін кезінде «жарлысы мен байы тең, жайсаңы мен жайы тең» болса, отарлау заманынан бастап жат жұрттық отарлаушы мен ұлт жайсаңдарының езгісіне түскен бейшараға айналды. Және егер қазіргі жастар арасындағы мықты ақынымыз Ақберен Елгезек өлеңдерінде ешбір ұшы-қиыры жоқ мұң жататын болса, ол екі-үш ғасырлық аға буыннан келе жатқан таптау мен жасқаудың табы. Міне «Соғыстың соңғы жазында» Өтекең осы батпан құйрық құбылысқа, француз ойшылы Дерриданың тілімен айтсақ, деконструкция жасайды. Ылғи да әкесінің беделін пайдаланып «озық» аталып жүрген Басқарма баласына арнаған жырында ақын былай дейді:
Тартып алған бедел менен бағаны,
Сол баланы уақыт еске салады.
Тура отыз жыл толған екен, мінеки,
«Төрт» пен «бестің» арасында адасып,
Менің бағам жылап кетіп барады.
Айтпақшы, ең қызығы Өтекең өзі жырлаған оқиғалардың көбісін жеті жасар баланың көзімен суреттейді. Кезінде Экзюпери «Біздің шығу тегіміз - балалық шақ» деп еді ғой. Өкінішке орай, Өтежанның балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тура келген. Сондықтан ол соғыста болмаса да, соғыстың түп- тұқияндағы қазақ ауылына тигізген әсерінен жаны шырқыраған және соны ондаған, жүздеген ауыл адамдарының бейнесі арқылы жеткізе білген. Олардың арасында жас шамасы қатарлас болса да, бір-біріне ене мен келін болған Әнеш пен Қамқадан бастап, көзінен айырылған Бала би, Дон Кихотша пайдасыз қимыл жасаған Сағындық, өз немересін оның жеп қойған екі түйнегі үшін айырмен шаншып ауылдан шығындырып жіберген есек мінген қара кемпірге дейін кең құлаш эпикалық сарынмен Гомерше суреттеп берген.
Жас кезден-ақ адамдарға сұғылған
Талай-талай айыр барын ұғынғам.
Көз алдымда... соңғы жылы соғыстың,
Құйттай бала алашаға тығылған.
Айырда емес барлық кінә, халайық,
Кемпірде емес барлық кінә, бар айып.
Соғыс деген Қара Кемпір қарайды
Тарихтан екі көзі алайып...
Мен мұнда грек өркениетінің тұңғыш жыршысы Гомерді бекер атап отқан жоқпын. Меніңше Өтекең «Соғыстың соңғы жазы» эпопеясына (мен бұл дастандар жинағының жанрын осылайша атауды ұсынамын) Гомердің «Илиадасын» пайымдау арқылы келген. Есіңізде болса, Троян соғысы Приамның баласы Парис грек Менелайдың әйелі, Елена сұлуды ұрлап алып қашуынан басталады. Біздің қазіргі логикамызға салсақ бұл еш негізі жоқ соғыс, гректер мен трояндықтар арасында бұрын еш қатынас болмаған, ал бірақ мұнда сезімдер қақтығысы, Паристың Еленаға деген махаббаты жатыр. Және оның сыртында, немесе астарында грек құдайларының бір-біріне араздығы тұр. Алайда жырды жырлау барысында негізгі кейіпкері боп Ахилл шыға келеді. Сол сияқты Өтекеңнің жыр жинағында да иә басты сюжет, иә басты кейіпкер жоқ. Ұлы Отан соғысының өзі дастан сыртында, балладаларда тек қазақ ауылын мұз боп қарыған соғыстың көлеңкесі мен салдары жырланады. Егер Гомер құдайлар мен адамдарды бір-біріне тең қылып жырласа, Өтекең тірі жанның арасында да бәрі бір-біріне тең деген тамаша тұжырымға келеді. Ал бұл болса иерархиялық сатыға негізделген кеңестік бюрократиялық билікке қайшы философиялық тұжырым!
Ал енді егер қазіргі Нобель сыйлығының иегері Светлана Алексиевичке көшсек, ол ақын емес, философ емес, журналист, көсемсөзші-эссеист. Жазатын жанрын белорус жазушысы Алесь Адамович "роман-оратория" немесе "ұжымдық проза" деп атауға болатынын айтқан. Мұндай романды құрастырушы - белгілі оқиғаға байланысты тірі куәгерлердің айғақтарын жинаушы және реттеуші. Кеңес Одағы кезінде Алексиевич өзінің Ұлы Отан соғысына арнаған дүниелерін шығара алмай жүрген, тек Қайта құру кезеңі келгенде ғана оның «Соғыстың жүзі көріксіз» («У войны не женское лицо») романы орыс журналдарында 2 000 000 тиражбен шығып, содан бастап атағы арта берген. Кейін ол Беларусь президенті Лукашенкоға қарсы оппозицияға шығып, Италия мен Францияға көшіп кетеді. Сөйтіп, бір тақырыпты тынбай жырлауы арқылы 30 жылдан кейін ең жоғарғы әдеби мәртебеге жетіп отыр.
Біздің Өтекең Алексиевичтен артық болмаса, бір мысқал кем емес, бірақ «Соғыстың соңғы жазының» бірнеше кітапшалары арасына жылдар салып шыққасын, 17 жасында «қазақтың Пушкині» аталған Өтежан Нұрғалиев ешкімге керек болмай қалды. Өйткені оның түр-түсі жоқ, ұлты жоқ, ұлттық қасиеттері жоғалған шолақ белсенділер еліне айналған қазақ ауылын азалаған жыр дастандары советтік идеологияға мүлде қарсы еді және оның орасан еркіндікпен жазылған қарқыны билік түгіл сол кездегі зиялы қауымның өзін қатты шошытқан еді. Сөйтіп Өтекең соңғы 30 жыл арасында персона нон гратаға айналып, ақыры шаршағасын, бұл дүниеден миығынан бір күлді де кете салды. Бірақ мұрасы әрі тірі. Оның дәлелі Маргарита, Бэла, Тахмина есімді қыздары өз қаржысына шығарған екі томдық жинағы. Бірінші томына осында сөз болған «Соғыстың соңғы жазы» өлеңдер жинағы кірген. Көлемі - 501 бет. «Көне соқпақтар, соны сұхбаттар (Өтежан Нұрғалиев туралы)» деп аталатын екінші томына Өтекең поэзиясы жөніндегі мақалалар мен өзінің түрлі басылымдарға берген сұхбаттары жарияланған. Көлемі – 496 бет. Екеуі де 2012 жылы шыққан. Әзірше бар тындырғанымыз - осы. Іс жүзінде Өтекеңнің шықпаған мұрасы бұдан, ең кемінде, он есе көп. Келесі жылдың қаңтарында ақын Өтежан Нұрғалиевтің арамыздан кеткеніне бес жыл болады. Бұл орны толмас қайғы, ешбір жалаң сөздермен өтелмес шығын. Оны тек Өтекеңнің мұрасын шығарып, насихаттаумен, шығармаларының тереңіне бойлап, ыждаһатты зерделеумен ғана толтырамыз. Тәңіріміз тек соған адал көңіл мен зейінділік берсін.
Ескерту: блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.