Accessibility links

Үлк-е-е-ен үй туралы түс


Алдаберген Рахметов жіберген көрнекі сурет
Алдаберген Рахметов жіберген көрнекі сурет

Әкесі бұған: «Біз жоқта бауырларыңа қарап қой, жылатпа, сен азаматсың ғой» дейтін.

Атып тұрды. Қалшылдап жатыр екен. Бауыры екеуі жамылып жатқан жыртық көрпе ысырыла-ысырыла тізесінде ғана қалыпты. Көрпені өзіне қарай тартып алмақ болып оқталды да, мұрыны пысылдап ұйықтап жатқан інісін қимай, ол ойынан қайтты. Жалғыз терезеден түсіп тұрған жарықтан үйдің іші бозғылт тартып қалыпты. Басын көтеріп жан-жағына қарап еді, аядай ғана времянканың толық суреті көз алдына келіп тұра қалды: төр жақта әкесі мен шешесінің бос орыны, оның қасында киім ілетін жалғыз шкаф, ала дорба, осы жанұяның ескі досы қасиетті қара бесік, одан төменірек ұйықтап жатқан екі апасы, кіші інісі (домалап барып қалыпты) және осы үйдің ең үлкен байлығы - төрде тұрған пульті жоқ теледидар. А-а-а, есік жақта ілініп тұрған айнаны ұмытып барады екен.

Отағасы Есіркептің жеті жаны бар семьясы паналаған 5х6 времянканың бар кескін-келбеті - осы. Оның өзі өзінікі емес, жалдамалы. Былтыр күзде қиян шетте құмда қалған ауылдардың бірінен талғажау қылып отырған он шақты уақ жандығын қасқыр қырып кеткесін амалсыз көшкен. Содан бергі мекендеп отырған қара шаңырағы. Осының өзін әрең тапқан (бес баласы бар отбасыны кім кіргізеді), енді айырылып қалмау үшін айлық жалдау ақысын (30 000 теңге) алдын ала беріп тұру керек келісім солай, әйтпесе үйді босатады.

Әкесі Есіркеп базарда арба айдайды, шешесі Ұлпан - базардағы асханалардың бірінде ыдыс жуушы. Екеуі таң қараңғысынан кетеді (3 автобус ауыстырып жетем дегенше базар ашылады). Әкесі бұған: «Біз жоқта бауырларыңа қарап қой, жылатпа, сен азаматсың ғой» дейтін. Сосын көзіндегі мөлтілдеп шыққан жасты білдіртпей сүртіп «Иа, Алла! Қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады, балаларымды несібесінен айырма, жамандарға қолымды жайдырма, осы өміріме шүкір» дейтін.

Қарнының шұрылы ойын бөліп жіберді. Мойнын созып қарап еді, кішкентай қара қазанда кешеден қалған тамақтың жұрнағы көрінді. Жеп алмақ болып оқталды да, демалыс күні алаңсыз ұйықтап жатқан бауырларының аш қалатынын ойлап, ол райынан қайтты. Сосын өздерінің үлке-е-е-е-ен үйлері туралы көріп жатқан керемет түсін жалғастырмақ болып інісінің қасына жата кетті.

Алдаберген РАХМЕТОВ

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

XS
SM
MD
LG