– Мәссаған, мына картинаны кім салған, ей? – дей бергенімде, асүйде жүрген бажам баж ете қалды:
– Ойбай, жолама! Тиіспе ол суреттерге!
– Әй, неге сонша ойбайлайсың?! Атақты Пикассоның суретіндей-ақ, о несі-ей?! – дедім бажамның айғай салғанын жақтырмай. – Бұл не, шынымен қымбат картиналар ма?
– Қымбат! Қымбат болғанда да қымбат... Оның несін сұрайсың?! Қабырғадағы бұл суреттердің бәрі «хозяйндыкі» ғой. Бізде мұндай суреттер қайдан болсын, өзіміз көрпе-жастығымыз бен ыдыс-аяқтарымызбен таксимен көшіп келгенде. Біле білсең, Әйгерім апта сайын шаңын сүртіп отырады бұл картиналардың, – деді бажам Руслан жаныма жетіп келіп.
– Демек, өзі де суретші болды ғой, – дедім картинаға үніле қарап тұрып.
– Кім?!
– Ол...
– Ол дегенің кім, әй?
– Сенің «хозяныңды» айтамын да...
– Е-е, жоға... Осындағы бір университетте «замдекан».
Осы сәтте асүйден «шайға келіңіздер» деген балдызым Әйгерімнің даусы шықты.
***
Бажамның үйіне көптен бас сұқпап едім. Қу тіршілік мойын бұрғызбайтыны рас қой. Оның есесіне бұл пәтерге көшіп келгендеріне көп бола қоймаған.
– Келгенің мұндай жақсы болар ма... – деді кенет бажам маған қарап қулана күлімсіреп. – «Жолы болар жігіттің бажасы шығар алдынан» дейтін бе еді?
– «Жеңгесі шығатын» еді ғой... Жә, айта бер, не болып қалды? – деп сұрадым. Оның бірдеңе сұрағысы не өтінгісі келсе, әлгіндей қулана күлімсірей қалатын қашаннан әдеті.
– Сәке, тап бүгін кешке дейін 40 мың теңге қажет болып тұр. Өзімде 30 мың теңгедей ақша бар. Соған жетпей тұрғаны...
– Не... – деп күмілжи беріп едім:
– 2-3 күнде қайтарамын! Маған да жалақысы құрығыр түсуі керек. Рас, қиналып тұрмын. Бүгін келіп алып кетемін деді «хозяйн»... – деп мұңайды.
– Мақұл, – дедім. – Бірақ...
– Айттым ғой, 2-3 күнде қайтарамын! Әйгерімнің де «пособиясы» түсіп қалар, сонымен ептеп-септеп күн көрерміз...
– Бірақ мен де саған бір өтініш айтуға келдім, бажа, – дедім. Ол елпең ете қалды.
– Үйдегі ваннадан су кетіп тұр еді, соны жөндеп берсең...
– Ой, Сәке, сол да сөз болып па, тәйірі. Ертең кешке жөндеп беремін!
– Онда келістік!
– «Хоп»!
***
Күн жексенбі болатын. Есік қоңырауын басып едім, бажам әдеттегідей күлімсірей қарсы алды:
– Ооо, Сәке, жақсы келдің! Өзіміз де күтіп жүр едік асыға...
Амандық-саулық сұрасқан соң:
– Әй, ассалау қайда?! – дедім балкон есігінің түбінде қолына қарындаш алып ақ қағазды армансыз шимайлап жатқан Рүстемге (Бажамның екінші ұлы. Жасы 4-те).
Ол басын жерден жұлып алып, жүгіріп келіп қолымды алды.
– Әй, өскенде суретші боласың ба? – дедім. Ол басын шайқады. Кенет, асүйден (бажамның «офисы») Руслан шығып:
– Осы ұлым суретші болатын сияқты. Көрмейсің бе, қалай-қалай салады, ә? – деп күлді. – Керемет картиналар салса, сосын оны қымбат ақшаға сатсақ, онда бұлай пәтер жалдап тентіреп жүрмес едік, – деп күрсінді.
Бажамды аяп кеттім... Қолында табақтай дипломы бола тұра қаладан тұрақты жұмыс табылмай, кез келген жұмысты істеп жүр. 2-топтағы мүгедектігі және бар. Балдызым Әйгерім - мектепте мұғалім. Ұстаздардың жарытып ақша тапқанын көрсем, көзім шықсын. Осылайша, күн көріп жүр. Көмек берер менің де қолым қысқа.
Кенет:
– Папа, аға, міне, біздің үйді салдым! – деген дауыстан бажам екеуміз селк ете қалдық. Рүстем ақ қағазға бала қиялымен 3 қабатты тұрғын үй салыпты. Соны көрсетіп тұр екен бізге.
– Құдды өзі пәтер жалдап көрмегендей-ақ кіжінетін әлгі «хозяиндарыңның» картиналарын төріңе іліп қойғанша, мына Рүстем баламыздың суреттерін іл ендігі жолы! Міне, саған қымбат картина! Бала болса да, өз үйлерінің болғанын армандайды ғой. Арманына жетсін балақай! – деп үйден шығып кеттім.
Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ, Астана қаласы
Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.