Accessibility links

Көшпенді көшкен түн


Қолғанат Мұрат, Азаттықтың блог байқауына қатысушы
Қолғанат Мұрат, Азаттықтың блог байқауына қатысушы

Сәулесі әлсіз түнекте олар өмір сүріп жатыр. Үміт бар, бірақ әлсіз.

Түн. Саналарын қою қараңғылық басқан. Сәулесі әлсіз түнекте олар өмір сүріп жатыр. Үміт бар, бірақ әлсіз. Бұлар жері барлардың түрлі формада салған, времянкаларын жалдап тұрады. Бұлар көп, бірақ қорғансыз. Бұлар күнде әртүрлі жағдайда күледі. Әттең, күлкілерінің түбінде бір мұң жатады! Бұларда сұрақ көп. Саналарындағы сумаңдаған қара сұрақтардан шаршағаны соншалықты, бәрін тастап кең далаға безіп кеткілері келеді. Бұлардың барлығы санаулы топтың миллиардтарын толтыруға өмір бойы жұмыс жасап, нәпақасын тауып жүріп, өліп кетеді. Бұлардың көбі "балаларымыздың жарқын болашағы болатын мемлекетіміз үшін жұмыс жасап жатырмыз" деп ойлайды. Бұларды қорғайтын мемлекеттің өзі жекешеленіп кеткенін түсінеді, бірақ түсінбеген сыңай тантады. Себебі Бұларда басқа таңдау жоқ.

Бұлар олардың жазығы жоқ болса да, жек көре бастады. Бұлар мен олардың арасы күннен күнге ажырап келеді...

Түн. Саналарын қою қараңғылық басқан. Бұлар көп... Бұлар ұйықтап жатып түс көреді. Түстерінде ылғи батыстан - шығысқа, оңтүстіктен - солтүстікке ұланғайыр созылып жатқан даланың қара топырағын қолдарындағы күректерімен қопарып, үйлерінің іргетасын қалап жатады да, оянып кетеді. Бұлар ішектерін тарта терең бір күрсінеді де, қайтадан ұйқыларына кетеді. Бұлар көп... Бұлар кең сарайдай үй салып алған олармен араласады. Бірақ бұлар өздерін оларға қарағанда бір саты төмен ұстайды. Бұлар қашан да иіліп тұрады, үйшігі бар итпен сөйлессе де. Бұлар олардың жазығы жоқ болса да, жек көре бастады. Бұлар мен олардың арасы күннен күнге ажырап келеді...

Түн. Саналарын қою қараңғылық басқан. Бұлар көп... Бұлар «қазақ сегіз миллионға жетті» деген статистикалық мәліметті де толтырып жүр. Бұлар әр жерде туған балаларын, түрлі бұрыштарда өсіріп, бағып-қағып жатыр. Бұлардың балаларының өзі, сурет салса, үй салуға бейім тұрады. Бұлардың балалары да тез жетіледі. Себебі жағдай - солай.

Бұлар бүгін түнде де Алласына тәубасын айтып, гәзеттің бетін ашып жіберіп, үй іздеп отыр, қыстан тоңбай шығатын.

Түн. Саналарды қою қараңғылық басқан. Бұлар көп...

Қолғанат МҰРАТ

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

XS
SM
MD
LG