Accessibility links

Әзірбайжан отбасы Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр


Гусейнәли Бабаев. Құлсары, Атырау облысы, 7 мамыр 2013 жыл.
Гусейнәли Бабаев. Құлсары, Атырау облысы, 7 мамыр 2013 жыл.

Атырауға 1994 жылы Әзербайжаннан көшіп келген Бабаевтар отбасы Азаттыққа әлі күнге дейін Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргендерін айтып шағымданды.

Бабаевтар отбасы Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласына Әзербайжанның Нефтечала ауданынан көшіп келген. Отағасы Гусейнәли Бабаевтың айтуынша, үш баласымен (қызы Гүнай, ұлдары Сабухи мен Шахин) бірге көшуіне Әзербайжандағы Таулы Қарабақтағы жанжал себеп болған. Бабаевтардың «балаларының қамы үшін» Қазақстанға қоныс аударуына тағы бір себеп – Атырау облысының Құлсары қаласында тұрып жатқан туыстары екен.

– Бүгінге дейін Қазақстан азаматтығын алуға арызданып келеміз. Төлқұжат үшін тиісті мемлекеттік салықты да бірнеше мәрте төлегенімізбен, бізге белгісіз себептермен ала алмай отырмыз. Бір ұлым кісі қолынан өлді, оның денесін де елге жеткізе алмадық. Өзіміз де 20 жылдай болды, Қазақстаннан аттап шыға алмай отырмыз, – дейді Гусейнәли Бабаевтың жұбайы Сурма Надиева.

ҚҰЖАТ ЖИНАУ МАШАҚАТЫ

Сурма Надиеваның айтуынша, күйеуі бірнеше мәрте арызданып, ақыры Әзербайжанның Нефтечала аудандық ішкі істер бөлімі 1976 жылы берген
Сурма Надиева. Құлсары, Атырау облысы, 7 мамыр 2013 жыл.
Сурма Надиева. Құлсары, Атырау облысы, 7 мамыр 2013 жыл.
төлқұжат негізінде 1999 жылы күзде Жылыой ауданындағы 4-ауылға бір жылға тіркелген.

Бабаевтар отбасының айтуынша, олар 2000 жылдан бастап өздерін тұрақты тұрғындар ретінде тіркеуге өтініш беріп келеді. Бірақ Жылыой аудандық ішкі істер бөлімінің миграция қызметі «алдымен Гусейнали азаматтық алуы керек, содан соң қалғандары автоматты түрде азаматтық алады» деген.

Бұл әулеттің «Қазақстанда төлқұжат алудан күдер үзіп, 2011 жылы Әзербайжанға қайтқан», қазір тарихи отандарында тұрып жатқан қыздары Гүнай Бабаева Әзербайжанның Ақтаудағы вице-консулына жолдаған хатында:

«2001 жылы Жылыой ішкі істер бөлімі әкеме тек уақытша тұруға рұқсат қағазын берді. Сол жылы дәл осындай уақытша куәлік ағаларым Сабухи мен Шахинге берілді. Ал 5 жылдан соң аудандық ІІБ ата-анама олардың Әзербайжандағы есептен шығу туралы қағаздары жоқтығын, олардың бұған дейін өткізген құжаттарының жоғалғанын хабарлаған. Бұл олардың азаматтық алуды сұрап, жинап өткізген төртінші құжаттары еді» деп жазады.

Бабаевтардың бір ұлы Сабухи азаматтығы жоқтығы туралы уақытша куәлік алған соң, 2002 жылы Құлсары қалалық әскери комиссариатына шағымданып, әскери борышын өтеуге тілек білдірген. Алайда азаматтығы болмағандықтан оны әскерге алмаған, бірақ әскери билет берген.

2006 жылы Бабаевтар отбасы азаматтық алуға қажет құжаттарын қайта жинап, Жылыой аудандық ішкі істер бөліміне бесінші мәрте өтініш түсірген. Әзербайжанның Нефтечала ауданынан келген ақпараттан соң ағайынды Сабухи және Шахин Бабаевтар «Қазпошта» арқылы төлқұжат рәсімдеуге тиісті соманы да төлейді. (Сабухи Бабаев 2009 жылы маусымның 20-сында берілген, жеке куәлік алу үшін төлем төлегенін дәлелдейтін №16774068 түбіртегін де Азаттық тілшісіне көрсетті).

Ал отағасы Гусейнәли Бабаев 2007 жылы азаматтығы жоқтығы туралы куәлікті жаңадан алады. 2010 жылы Жылыой аудандық ішкі істер бөлімі ерлі-зайыпты Бабаевтарға Әзербайжаннан келген есептен шығу туралы қағаздың қате екенін хабарлап, қайта сұрау салу қажет екенін айтады. Гусейнәли Бабаев 2011 жылы тамыздың 15-сінде азаматтық алу туралы тағы да өтініш жазып құжаттарын тапсырған. Оның сөзінше, осы күнге дейін жауап жоқ.

Әулеттің бір ұлы Шахин Бабаев 2010 жылы көз жұмған. Екінші ұлдары Сабухи Бабаев тек 2011 жылы Әзербайжан консулдығының араласуымен азаматтығы жоқтығы туралы куәлікті екінші мәрте алған.
Құжатымыз болмағандықтан балаларыма екпе де ектіре ала алғаным жоқ. Азаматтығы жоқ деп балаларымның ешқайсысын мектепке де қабылдамады.
Сурма Надиева.

– Құжатымыз болмағандықтан балаларыма екпе де ектіре ала алғаным жоқ. Азаматтығы жоқ деп балаларымның ешқайсысын мектепке де қабылдамады. Шахиным талантты футболшы еді. Алматыдағы спорт мектебіне оқуға түсемін деген арманын да жүзеге асыра алмады. Ол кісі қолынан қаза тапты. Ал кіші ұлым төлқұжаты жоқ болғандықтан отбасын құрып, некелесе алмай жүр, – дейді Сурма Надиева.

Отбасы құжаттары жоқтықтан банк қызметтерін де пайдалана алмай, сотқа да арыздана алмай жүргендерін айтады.

БЕС ЖЫЛ ЖӘНЕ АЛТЫ АЙ

Азаттық тілшісі Бабаевтар отбасының жағдайы туралы Жылыой аудандық ішкі істер бөлімі көші-қон қызметінен жауап ала алмады.

Ал Атырау облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының бастығы Болат Досқалиев «Жылыой аудандық ішкі істер бөлімінің көші-қон қызметі бастығы таяуда жұмыстағы бақылаусыздыққа бола қызметінен алынғанын» айта келіп:

– Жылыой аудандық көші-қон бөлімін тексеруді жалғастырып жатырмыз. Қашан аяқталатынын айта алмаймын. Бабаевтар мәселесін әлі анықтай алмай жатырмын, – деді Азаттық тілшісіне.

Ол «Жылыой аудандық миграция қызметіне тапсырма бердім, бұл мәселемен айналысқан адам себебін айтқан соң сізге хабарлаймын» деп уәде етті.

Азаттық тілшісінің азаматтық алу мерзімінің ұзақтығы туралы сауалына:
Қазақстан республикасы президенті бұйрығына сәйкес, азаматтықты рәсімдеу алты айдан аспайды.
Атырау облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының бастығы Болат Досқалиев.

– Қазақстан республикасы президенті бұйрығына сәйкес, азаматтықты рәсімдеу алты айдан аспайды, – деп жауап берді Атырау облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының бастығы Болат Досқалиев.

Бабаевтардың адвокаты Әбілғазы Нағиевтің айтуынша, ол отбасы биыл тағы да Қазақстан азаматтығын алуға өтініш жазып, құжаттарын өткізген.

– Мамырдың 6-сында 200 адамның Қазақстан азаматтығын беру туралы өтінішін ел президенті қанағаттандырып, қол қойды. Бірақ ол тізімге Бабаевтар енбеген. Олар елге келген сәттен бастап тіркеуге алынып, заңға сәйкес жеке бастарына қатысты мәліметтер анықталған соң Қазақстан азаматтығын алуға еш кедергі болмауы тиіс еді. Тіпті олардың биыл жазған арыздарынан соң да заңға сәйкес алты айлық мерзімі өтіп кеткен, – дейді адвокат.

Қазақстанның «Азаматтық туралы» заңы бойынша, ел аумағында заңды түрде кем дегенде бес жыл тұрған шетелдік бұл елдің азаматы бола алады.
XS
SM
MD
LG