Accessibility links

Балқашта ЖЭС салуға экологтар күмәнмен қарайды


Балқаш жылу электр станциясының макеті. («Самұрық-энерго» компаниясының веб-сайтынан алынған сурет).
Балқаш жылу электр станциясының макеті. («Самұрық-энерго» компаниясының веб-сайтынан алынған сурет).

Қазақстан парламенті Балқаш көлінің жағасында жылу электр станциясын (ЖЭС) салу келісімі жобасын мақұлдады. Ал экологтар "Балқаш көлінің проблемасы онсыз да жеткілікті" дейді.

Қазақстан үкіметі осы жобаның көмегімен елдің орталығы мен оңтүстігіндегі электр қуатының тапшылығын азайтпақ. Қазақстанның басқа үлкен аймақтары сияқты бұл өңірлерде де қара және түсті металлургияның, өнеркәсіптің өзге салаларының ондаған ірі кәсіпорны шоғырланған. Электр қуатын қазіргіше Қазақстанның шығысынан тасымалдаудың шығыны көп.

ЕСКІ ИДЕЯНЫ ЖАҢҒЫРТУ

Бұл аймақты электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін 1970 жылдары Екібастұз көмірімен жұмыс істейтін, қуаттылығы 4 мың МВт (мегаватт) болатын оңтүстікқазақстандық ГРЭС құрылысының жобасы әзірленген еді. Бірақ Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауынан Үлкен деп аталатын кентпен қатар салына бастаған ГРЭС-тің құрылысы өндіріс құлдырап, электр энергиясын тұтыну деңгейі кеміген соң тоқтап қалды. Ал қазір аймақ экономикасы қайтадан дами бастады. 2007 жылы үкімет бұрын бөлініп, жарым-жартылай игерілген
Теміртаудағы ескі электр станциясының ғимараты. Көрнекі сурет.
Теміртаудағы ескі электр станциясының ғимараты. Көрнекі сурет.
жерде қуаты 3 мың МВт болатын Балқаш ЖЭС-ін тұрғызу туралы шешім қабылдады. Тендерді Кореяның Korea electric power corporation (KEPCO) компаниясы мен Samsung C&T әлемдік конглемератының бір бөлімшесі ұтып алды.

«Самұрық-Қазына» қорының ақпараты бойынша, бұл ЖЭС Қазақстанның энергия тапшылығын көріп отырған орталық және оңтүстік аймақтарын электр қуатымен қамтып, жылына 9 миллиард киловатт-сағатқа дейін қосымша электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. 2010 жылдың қазанында Кореяның ақпараттық агенттіктері «Балқаш ЖЭС жобасының құны 3,8 миллиард доллар» деп хабарлады. Қазақстан парламенті биыл наурыз айында Балқаш ЖЭС-інің құрылысы туралы келісімге қол қоюды мақұлдады.

ЖОБА ТУРАЛЫ АЙТЫС

Алайда кейбір мамандар үкіметтің жаңа жобасына күмәнмен қарайды. Экологтардың айтуынша, Балқаш көлінің жағасында жылу электр станциясын салу аймақтың экологиясына кері әсерін тигізбек. ЖЭС 2018 жылы іске қосылады деп жоспарланған.

— Бұл кәсіпорын айдынның жылу алмасу процесіне ғана әсерін тигізіп қоймай, өндіріс қалдықтарын сақтаудағы онсыз да қиын жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Аймақта 80 жылға жуық жұмыс істейтін «Қазақмыс» корпорациясының зиянды қалдықтары сақталатын қоймалардағы ауыр металл тозаңдары дауыл тұрғанда суға, атмосфераға тарайды, – деді Балқаш көлі экологиясы саласында көп жыл жұмыс істеген Галина Садовая Азаттық тілшісіне.

Парламент депутаты Ғани Қасымов Қазақстан және Оңтүстік Корея үкіметтерінің арасындағы ЖЭС құрылысын жүргізудегі ынтымақтастық туралы келісімді талқылау кезінде бұл құрылыс Балқаш маңындағы экологиялық ахуалды
Парламент депутаты Ғани Қасымов.
Парламент депутаты Ғани Қасымов.
ушықтырып жібереді деп мәлімдеді.

Жылу электр станциясы темір жол арқылы ашық вагондармен тасымалданатын Екібастұз көмірімен жұмыс істейді. «Бұл станция жылына 4 миллион тонна немесе тәулігіне 186 вагон жанған көмірдің қалдығын шығарады» дейді Қасымов.

Аймақта ЖЭС қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт жоқ.

Үкіметаралық келісім туралы жобаны парламентте таныстырған Қазақстанның индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау ЖЭС-тің энергоресурстарды тұтыну деңгейі мен оларды тасымалдау көлемі жөніндегі Ғани Қасымовтың есебін растады. Алайда вице-министр Балқаш ЖЭС-інде шығатын қалдықтардың мөлшері Қазақстандағы қазіргі нормалардан бірнеше есе төмен екенін айтып, "жобаның техникалық-экономикалық негізіне еуропалық нормалар алынған" деп сендірді.

БАЛҚАШТАҒЫ СУ ДЕҢГЕЙІ

Балқаш көлінің суы азаюына шаруашылық жұмыстары әсер етіп отыр. Көлдің экосферасы жыл сайын жаңа проблемаларға тап болады. «Казгипроводхоз» институтының мамандары ұлттық ғылым академиясы география институтының математикалық талдау есептерінің негізінде Балқаш көлі үшін оңтайлы су деңгейі 341-342 метр деп белгілеген. Ал 2012 жылдың басында көлдің су деңгейі 267 метр болған.

Бұл әзірше талапты деңгейге сәйкес болғанымен, экологтардың пікірінше, су деңгейінің шекті мөлшерге, яғни 230 метрге жақындауы айдынның саяздану процесін тездетеді. Сарапшылар Балқаш көліне құятын Іле өзенінің сағасындағы шағын көлдердің тартылуын алаңдарлық жайт деп есептейді. Қазіргі кезде 16 көл жүйесінің бесеуі ғана қалған.

Гидрологтар «жылу электр станциясын салудың зардабынан көл алдымен суы
Балқаш мыс қорыту зауыты. Қарағанды облысы, 10 ақпан 2013 жыл.
Балқаш мыс қорыту зауыты. Қарағанды облысы, 10 ақпан 2013 жыл.
тұщы және тұзды екі бөлікке, ал кейін сортаңға айналатын ұсақ-ұсақ батпақты көлшіктерге тарамдалып кетеді» деген болжам айтады.

Кейбір бақылаушылар «Қазақстанға сырттан келетін және ел аумағы арқылы ағатын өзендердің бас жағында орналасқан, экономикасы өсіп келе жатқан Қытай суды көп пайдаланып жатыр» деген уәж айтады. Ал қазақстандық мамандардың көпшілігі "Қазақстанның өзінде суды қалай болса солай пайдаланады" дейді.

— Қытай суды өлшеусіз көп пайдаланады. Оның үстіне, олар су қоймасын сала бастады. Бұл мәселеге қатысты келіссөздер 2015 жылға дейін шегерілді. Әйтеуір біздің мекемеге жағдайды оңалту жөнінде ақпарат түскен жоқ. Судың көп бөлігі, яғни жылына 3 мың 239 текше шақырым су шаруа қожалықтарын суаруға жұмсалады. Су тегін болғандықтан, біздің дихандар оны үнемдеуге мүдделі емес, – дейді балық шаруашылығы ғылыми институтына қарасты Балқаш филиалының маманы Бұрынбай Қарыбеков.

Балқаш көлінің тартылуы – планетадағы ең ірі көлдердің бірінің проблемасы. Өйткені көл - көлемі жөнінен талай мемлекеттің жер аумағынан асатын, Балқаш-Іле жасанды бассейні экожүйесінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Бұл экожүйе Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен Қытайдың солтүстік-батысындағы 413 мың шаршы шақырым болатын үлкен аумақты алып жатыр.
XS
SM
MD
LG