Accessibility links

Ұлттық банк «Время» газетінен 1 миллион доллар айыппұл өндіріп алмақшы болып, сотқа жүгінді


Халық банкінің Алматы облыстық бөлімшесінің ғимараты.
Халық банкінің Алматы облыстық бөлімшесінің ғимараты.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко «Время» газетін сотқа бергендігін растады. Республикалық басылымға қарсы шағымға журналист Алексей Коноваловтың “Чьё чутьё?” атты мақаласы себеп болып отыр.

"ОЛАР ТІПТІ ҚАТТЫ КЕТІП ҚАЛДЫ..."

ҚР Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко мамырдың 12-і күні Алматыда баспасөз-конференциясында банктің «Время» газетіне қарсы шағым түсіргендігін мәлімдеді.

«Біз шағымдануды аса жақтыра бермейміз. Шындығында, «Время» газетіне қатысты ұстанымды өзгертуге тура келді. Өйткені олар тіпті қатты кетіп қалды», - деді ол.

Ал «Время» газетінің редакциясы сөз болып отырған тақырыпқа қатысты сұрақтарды жауапсыз қалдыруды жөн деп санайды.

«Әзірге «Время» газеті ресми түрде ешқандай түсініктеме бермейді. Бар айтарым осы...», - деді газеттің бас редакторының орынбасары Виктор Верк.

ҚР Ұлттық банкі «Время» газетіне қарсы шағымды биыл сәуірдің 20-ы күні Алматы қаласының Жетісу аудандық сотына түсірген. Ол бойынша банк «Время» газетінің редакциясынан 150 млн теңге, мақала авторы Алексей Коноваловтан 15 миллион теңге моральдық шығын талап етіп отыр.

Қазірдің өзінде республикадағы сөз бостандығына қатысты қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар банк талабының тым қатаң екендігін айтуда. «Әділ сөз» қорының қоғамдық сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженованың пікірінше, осы арқылы мемлекеттік орган онсыз да құпиясы мол қаржы жүйесін одан сайын құлыптап тастауға тырысуы мүмкін.

«Осындай қомақты қаржы өндіріп алуды сұрауы шағым түсірушінің қарапайым халықтан өзге дүниеде өмір сүретінін көрсететін секілді. Осыған қарап олар «бізге тиіспесе, ештеме айтпаса, қолайсыз сұрақтар қоймаса екен» дегендей көзқарасты ұстанатындығын аңғаруға болады, - деді «Әділ сөз» өкілі.


ДАУДЫҢ БАСЫ - ТЕҢГЕ ҚҰНСЫЗДАНҒАН 4 АҚПАН АЛДЫНДАҒЫ БАНК ОПЕРАЦИЯЛАРЫ ТУРАЛЫ МАҚАЛА

Биыл сәуірдің 1-і күні республикалық «Время» газетінде жарияланған мақалада аутор: «KASE сайтындағы ақпарат бойынша, дәл 3 ақпанда, яғни Халық банк өзінің аффилирленген компаниясымен бірге 1 млрд доллардан астам қаржы сатып алған күні, оның депозиттеріне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан 120 млрд теңге түсті, немесе ескі курс бойынша миллиард доллар», - деп жазды.

Қазақстанда теңге девальвациясынан бір күн бұрынғы банк операциялары туралы баяндалған мақала жарыққа шығысымен-ақ республикадағы қаржы мекемелері мен банктер «Время» деректерін бірінен соң бірі жоққа шығарып жатты.

Мысалы, ҚР қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі сәуірдің 3-і күні таратқан хабарламасында: «Агенттік А. Коноваловтың мақаласында келтірілген ақпарат шындыққа жанаспайтындығы туралы газеттің алдағы санында жариялауды талап етіп, «Время» газетінің редакторы Н.В. Борейконың атына ресми хат жолдады» деп жазды.

Ал, Халық банкі болса, газет редакциясы жариялаған осы ақпаратын жоққа шығармаса сотқа жүгінетіндігін ескерте отырып: «2009 жылы 3 сәуірде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ «Қазақстандық қор биржасы» АҚ-нан бар болғаны 86,25 млн АҚШ долларын сатып алды, оның үстіне бұл валютаның барлығы Банк клиенттеріне сол күні сатылып кетті. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-нан 120 млрд теңге көлеміндегі депозит Банкке 3 ақпан емес, 2009 жылы 30 қаңтарда түсті» деп хабарлады.

ҚР Ұлттық банкі, сәуірдің 8-і күні таратқан хабарламасында, «Время» келтірген деректерді «толық ойдан шығарылған» деп атап, «бұл ретте Ұлттық Банктің өз абыройы мен қадір-қасиетін қорғау үшін сот төрелігіне жүгінуге құқығы бар» екендігін қатаң ескертті.

Алайда жеделдетіп теріске шығаруды жариялау талабын «Время» газеті орындауға асыққан жоқ. Есесіне, газеттің сәуірдің 15-і күнгі нөмірінде, бас редактордың орынбасары Марат Әсіпов, сөз болып отырған мақалада келтірілген деректер KASE биржасының ашық сайтынан алынғандығын, сондай-ақ қаржылық институттардан теңге девальвациясы қарсаңындағы саудаға қатысушы компаниялардың және олардың қожайындарының толық тізімін жариялауын сұрады.

Бірақ ҚР Ұлттық банкі 5 күннен кейін сотқа арыз түсірген.
XS
SM
MD
LG