Accessibility links

«Қатаң үнемдеуге» тірелген құрылыстар


Құрылыс алаңында жүрген жұмысшылар. (Көрнекі сурет)
Құрылыс алаңында жүрген жұмысшылар. (Көрнекі сурет)

Биліктің «қаржы үнемдеу» жайлы сөзіне алаңдаған салымшыларды «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» уайымдамауға шақырады. Қаржыны қысқарту медицина және білім беру мекемелерінің құрылыс жоспарына әсер етпек.

МЕМЛЕКЕТТІК ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫ

Алматылық Рүстем Қапасов жұбайы екеуі мемлекеттік бағдарламамен баспана алу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» ақша жинап жүргенін айтады. Бірақ, Қазақстан үкіметі теңге бағамын еркіне жіберген кезде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикадағы дағдарысқа байланысты жаппай үнемдеу және құрылыс саласындағы жобаларды қысқартып, кейбірін тоқтата туралы айтқаны ерлі-зайыптылардың армандаған баспанаға қол жеткізе алмай қаламыз ба деген күдігін күшейткен.

– Екі бөлмелі пәтерге ақша жинап жатқанымызға екі жылдан асты. Жаңа үйге 2016 жылдың жазында кіріп қалармыз деп жоспарлаған едік. Енді президенттің үкіметке тапсырмасынан кейін көптен күткен баспанаға уақытында кіре алмай қаламыз ба деп алаңдаймыз, - дейді Рүстем Қапасов.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» арада жасалған келісім-шарт бойынша, салымшы үш жылдың ішінде пәтер құнының кемінде жартысына жететін қаржы салуы тиіс. Сосын ол жетпейтін соманы банктен аз пайыздық үстемемен несиеге алу құқығына ие болады.

Қазақстанда «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасының орындалуына қадағалау жасайтын «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі аталған бағдарлама бойынша салынатын баспанаға ақша жинап жатқан азаматтарға уайымдауға негіз жоқ дейді.

«Мемлекеттік бағдарламамен бекітілген тұрғын үй құрылыстары тоқтамайды және қысқармайды. Үкімет шешімімен жасалған жоспар бойынша тұрғын үй құрылысы жалғаса береді» делінген холдинг баспасөз қызметінің Азаттыққа жауабында.

«Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бойынша Қазақстанда 2015 жылы 7 миллион 200 мың шаршы метр, 2016 жылы – 7 миллион 600 мың, 2017 жылы – 7 миллион 700 мың, 2018 жылы – 8 миллион, ал 2019 жылы – 9 миллион шаршы метр баспана салу жоспарланған.

УАҚЫТША ТОҚТАЙТЫН ҚҰРЫЛЫСТАР

Президент Назарбаевтың ақша үнемдеу жөніндегі тапсырмасы елдегі медициналық және білім беру нысандарының құрылыс жоспарларына әсер етпек.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Алексей Цой 2018 жылдың соңына дейін мемлекеттік бюджеттен жаңа бастамаларды іске асыруға қаржы бөлу уақытша тоқтатылатынын айтады.

Бітпеген құрылыста тұрған кран. (Көрнекі сурет)
Бітпеген құрылыста тұрған кран. (Көрнекі сурет)

Оның сөзінше, қазіргі кезде республикалық бюджет қаражаты есебінен 52 денсаулық мекемесінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

«Елдегі қалыптасқан экономикалық жағдайды, сондай-ақ бюджет қаражатын үнемдеу қажеттілігін ескере отырып, алдағы үш жылда бұған дейін құрылысы басталған, жоспар бойынша 2015-2016 жылдарда аяқталатын медициналық нысандарға басымдық беріледі» деп түсіндіреді вице-министр Азаттыққа.

Ал білім және ғылым министрлігі «құрылысы басталып кеткен мектептер мен балабақша нысандарында құрылыс жұмысы толық аяқталғанша жалғаса беретіні» туралы хабарлады.

Министрліктің мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаеваның айтуынша, елде 2015-2016 оқу жылында республикалық бюджет есебінен – 77 мектеп, ал жергілікті бюджет есебінен – 80 мектеп іске қосу жоспарланған. Сонымен бірге, биыл республикалық бюджет қаржысына 43 балабақша, жергілікті бюджет есебінен – 40 балабақша салынады деп бекітілген.

«Ал 2015-2017 жылдары Қазақстанда Ұлттық қор есебінен 70 мектеп және 27 балабақша салу жоспарланған» дейді Жаңыл Жонтаева Азаттыққа.

Министрлік 2017-2018 жылдарға арналған білім беру нысандарының құрылыс жоспары әлі қаралып жатқанын және президенттің қаржы үнемдеу тапсырмасы жоспар құру кезінде ескерілетінін жеткізді.

«ҚАТАҢ ҮНЕМДЕУГЕ» КӨШУ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл басынан бері әртүрлі жиындарда қаржыны қатаң үнемдеу туралы бірнеше рет айтқан.

Ақпанда Назарбаев қазақстандықтарға «қатаң үнем саясатына көшеміз» деп мәлімдеген соң мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігі 700 миллиард теңгеге қысқарған.

Үкімет үйіндегі баспасөз орталығында журналистер премьер Кәрім Мәсімовтің жаңа экономикалық саясатқа өту туралы мәлімдемесін тыңдап отыр. Астана, 20 тамыз 2015 жыл.
Үкімет үйіндегі баспасөз орталығында журналистер премьер Кәрім Мәсімовтің жаңа экономикалық саясатқа өту туралы мәлімдемесін тыңдап отыр. Астана, 20 тамыз 2015 жыл.

Елде білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту салаларында жоспарлы жаңа нысандардың кейбірінің құрылысын тоқтату, ғылым және денсаулық сақтау мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтауға бөлінетін қаржыны да қысқарту туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ 2017 жылы өткізілетін EXPO көрмесі мен қысқы универсиаданың бастапқы жобасының кейбір тұстарынан қаржы үнемдеу, Алматы метросының құрылысын тоқтата тұру жайлы да айтылған еді. Бұған дейін жобаланған Бейнеу-Ақтау, Щучинск-Зеренді, Астана-Қарағанды-Балқаш-Алматы тас жолын салу да уақытша тоқтайтыны немесе жол құрылысына бөлінген қаржы азаятыны хабарланған.

Тамызда Астанада өткен биліктегі «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің бюро отырысында президент Назарбаев үкімет пен әкімдерге «қаржыны қатаң үнемдеуді» тағы да тапсырған еді.

XS
SM
MD
LG