Қарағанды облысындағы өнеркәсіптік қала - Жезқазған қаласында биылғы мамырда басталған сотқа жүгінуге Facebook әлеуметтік желісінде Берік Жағыпаровтың былтыр жариялаған жазбалары түрткі болған. Аймақтағы ірі жұмыс беруші «Қазақмыс» тау-кен корпорациясын сынауға қатысты қозғалған жала жабу ісі бойынша оны қылмыстық жауапқа тартуды әрі «моральдық зиян ретінде» 2 миллион теңге (шамамен 6 мың доллар) өтемақы өндіріп беруді талап еткен болатын.
«Қазақмыс» корпорациясында жұмыс істейтін талапкер Мұрат Шегірбаевтың мәлімдеуінше, Жағыпаров «Жомарт» кенішіне жұмысқа қабылдау, қызметте өсу бағаларының «құпия прейскуранты» бар және кеніштің 10 жылдығына орай берілген сыйақы «адамдарды алалап, әділетсізтаратылды» деп көрінеу жалған мәлімет таратқан.
БІТІМ
Жала жабу ісі тараптар бітімімен аяқталған. Жезқазған қалалық сотының биылғы маусымның 14-індегі қаулысына сәйкес, істі тоқтату туралы арыз жәбірленуші Мұрат Шегірбаевтан тсүкен. Сот қаулысында «Жәбірленуші сотталушы 2016 жылғы қыркүйектің 1-і және 29-ында жариялаған мақалаларында баяндаған дәйектеріне терістеу жариялады, сот алдында және фейсбук желісінде кешірім сұрады, сондықтан оның кешірімін қабылдап, талаптарымнан бас тартамын деп көрсетті» делінген.
Берік Жағыпаров маусымның 14-і күні Facebook желісіндегі парақшасында жария кешірім сұраған пост жариялады. Онда«Жомарт» кеніші жұмысын, оның ішінде персонал қызметі бөлімі бастығы Мұрат Шегірбаевтың қызметін тексеруді сұрап, былтырғы қыркүйек айында «Молодежная газета» редакторы атынан «Қазақмыс» корпорациясы басқарма төрағасына хат жазғанын айтқан.
Жағыпаровтың әлгі постынан үзінді: «...Екі аптадан кейін жолдаған сауалымызға мыс компаниясы басшысынан кінәлі адамдар жазаланды деген жауап алдық. Қыркүйектің 29-ы күні біз әлгі хат негізінде «Жомарт» кеніші директоры С.Попов пен персонал қызметі бөлімі бастығы Мұрат Шегірбаев жазаланды деген мақала жаздық. Кейінірек сотта бұл өзге хатымызға жауап болған, Шегірбаев мырзаға оның ешқандай қатысы жоқ екенін нақтылап айттық. Қателік үшін Мұрат Шегірбаевтан жария түрде кешірім сұраймын...» .
Ертеректе, яғни кінәсін жоққа шығарып жүрген кезде баспасөз өкілдерімен сөйлесуден қашқақтамаған белсенді Азаттыққа өзге комментарий беруден бас тартқан болатын. Сот қаулысына сәйкес, сотталушы Жағыпаров мақалаларда қоғамдық пікірге негізделген өз болжамдарымды келтірдім деп «көрсеткен».
КЕШІРІМНЕН КЕЙІНГІ РЕАКЦИЯ
Қылмыстық өндірісті тоқтау туралы сот шешімі жарияланғаннан кейін бірнеше күн өткенде Азаттық тілшісі Мұрат Шегірбаевтан «Facebook-те жарияланған жария түрдегі кешірім мәтінімен келіспейтінімді сотта айтқанмын» деген хабарлама алды. Бұған қоса, ол «Жағыпаров менен жария кешірімді өзге мәтінмен сұраған, бітімге келуге содан кейін келістім» деп жазған.
Ертеректе Мұрат Шегірбаев Азаттыққа берген сұхбатында Берік Жағыпаровты танымайтынын, бірақ ол әлеуметтік желіде ол жала деп санайтын, тіпті оларды «әлдекімнің тапсырысы» деп атаған төрт пост жазған деген болатын. Сұхбат кезінде ол әлгі постар туралы «жай адамдардан» естігенін айтты.
— «Қазақмыс» корпорациясында 25 жылдан бері жұмыс істеймын. Слесарь болып бастадым, жергілікті жастар одағында жұмыс істедім. Жоғары экономикалық білімім болғанымен, «Қазақмыстың» көптеген кәсіпорнында өз салам бойынша, басшы қызметтерде жұмыс істегеніммен, қызмет сатысымен жылдар бойы көтерілдім. 2011 жылы менің бастамаммен және басшылықтың келісімімен аудит бөлімі құрылды, өйткені мен еңбек жолымды төменгі сатыдан бастағанмын, бүкіл проблемаларымызды білемін. Содықтан аудит бөлімі құрылып, оны мен басқардым, түрлі заң бұзушылықтарды анықтап, жолын кестім. Пара және өзге де сол сияқты заң бұзушылықтарға қарсы екенімді әлгі бөлімді құру идеям дәлелдейді, - дейді Мұрат Шегірбаев.
«Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішінің персонал қызметі бастығының сөзінше, беделін еңбегінің арқасында жинаған, ешкімнің жала жабуына жол бермейді. Оның сөзінше, белсендінің әлеуметтік желідегі постарынан кейін жеті ай ішінде оны үш мәрте тексерген, соның кесірінен жұмысқа «жүйкесі сыр беріп» келетін болған.
- Ол кінәлілер жазаланды деп жазады. Ол әлгі ұры жазаланды деп түйіндегендей болады да, басқарма төрағасының жауабын, бірақ өзге жауабын тіркейді. Неге? Өйткені ол басқарма төрағасына тамыздың 31-і күні 29 шығыс нөмірімен хат жолдаған. Тексерулерден кейін жұмысымда ешқандай заң бұзушылық болмағаны жайлы анықтама көрсете аламын, - дейді Мұрат Шегірбаев.
Оның сөзінше, әлгі жала қалың жұртқа тараған. Бұған қоса, Мұрат Шегірбаев Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының белсенді Берік Жағыпаровқа қатысты қылмыстық істі тоқтатуға шақырған үндеуіне қатысты пікірін айтты.
- Ауыздан шыққан сөз атылған оқ екенін білесіз ғой. Кейін құқық қорғаушылар мені қорғаудың орнына,неге оны жақтайды деп ойладым. Сонда шындық қайда қалды? – дейді Мұрат Шегірбаев.
Жезқазған қалалық соты қаулысында қылмыстық өндіріс тоқтағаннан кейін сол тараптардың дәл сол жайтқа қатысты дәл сол негізде сотқа қайта жүгінуіне болмайды делінген.
Азаматтық белсенді Берік Жағыпаров ертеректе Жезқазған қаласында «Молодежная газета» басылымы редакторы болған, ал кейінірек- оны жапқаннан кейін «Қазақмысты» сынауын әлеуметтік желілерде жалғастырған.
«Қазақмыс» тау-кен корпорациясы көбінесе Қарағанды облысында түрлі-түсті және сирек металдар өндірумен айналысады.