Accessibility links

Ұзақ жасы ресми танылмаған қариялар


Сахан Досова 130 жасқа толған күні. 27 наурыз 2009 жыл.
Сахан Досова 130 жасқа толған күні. 27 наурыз 2009 жыл.

Өзбекстанда 135 жаста делінетін Тути Юсупова дүние салды. Бірақ оның ұзақ жасағаны халықаралық деңгейде танылмаған. Оған дейін Жапонияда «әлемдегі ең кәрі тұрғындардың бірі» деп құжат жүзінде танылған 117 жастағы Мисао Окава қайтыс болған.

Қарақалпақстанның Төрткүл ауданындағы Көне Төрткүл қышлағында тұрған Тути Юсупова ұзақ жасағаны құжат жүзінде дәлелденген жапондық қария сияқтылардың әлемдік тізіміне енбеген. Ұзақ ғұмыр кешкендердің жасы туған күні туралы нақты дерекпен немесе туу туралы куәлік сияқты құжаттармен расталуы тиіс. Тути Юсупова наурыз айының аяғында қайтыс болған. Олардың ұзақ жасағанын әлем деңгейінде мойындау үшін ұзақ ғұмыр иесі өзінің жасын геронтология (қартаю процесінің биологиялық, әлеуметтік және психологиялық қырларын зерттейтін ғылым) негізінде дәлелдеуі тиіс.

Халқының көп бөлігі кедейшілікте өмір сүретін елдерде тұратын ұзақ ғұмыр иелерінің атақ қуып, әлемдік даңққа ұмтылуға мұршасы жоқ. Бірақ, ұзақ жасаған адамдар Қазақстанда бұрын да болған, қазір де бар.

ҰЗАҚ ҒҰМЫР – ҚАПИЯ ҚАЗА

Қарағандылық Сахан Досова - Қазақстанның ең ұзақ жасаған тұрғыны. Жұрт Сахан туралы 2009 жылы жүргізілген халық санағынан кейін естіді. Ол 1879 жылы Семейде туған, 1926 жылы жүргізілген сталиндік алғашқы санақ деректерінде оның жасы 47-де деп көрсетілген. Сахан Досова туралы тіпті Ұлыбританияның «Сан» (Sun) таблоиды «Он баланың анасы – Жер бетіндегі ең байырғы тұрғын әйел» деп жазған.

Кезінде Азаттық тілшісімен әңгімелескен Сахан әже ұзақ жасауының ерекше бір құпиясы жоғын айтып: «Өмірімде дәрі ішпегем, ауырғанда әжемнің ем-домын қолданамын. Кәмпит дегенді аузыма салған емеспін, оны жақтырмаймын. Бірақ, құрт пен талқанды тәуір көремін» деген еді. Туыстары Саханның қанша қиындық көрсе де мойымай, әрдайым жайдары болып жүретін жан болғанын айтады.

Өмірімде дәрі ішпегем, ауырғанда әжемнің ем-домын қолданамын. Кәмпитті аузыма салған емеспін

Даңқы жұртқа жайылған кезде Сахан Досова 11 туысымен қысылып-қымтырылып үш бөлмелі шағын пәтерде тұратын. «Елдің ең қарт тұрғынының жеке баспанасы жоқ» деген сын мақалалар баспасөзде жарияланған соң билік Досоваға әлеуметтік пәтер бөлген. Бірақ, тағдыр оған жаңа пәтердің қызығын ұзақ көруге жазбады. Құрылыс кезінде кеткен ақаудың кесірінен Сахан әже дәл қоныс тойы болатын күні жаңа пәтерінде жығылып, жамбасын сындырып алған.

Ұзақ жасаған қарияның туыстары ол кезде Азаттыққа әжейдің су жайылған еденде тайып жығылғанын (құрылысы шалағай жүргізілген пәтердегі унитаздың түбі тесік болып шығып, еденге су жайылып кеткен) айтқан. Мертіккен жамбас сүйегі сол күйі бітпеген әжей біраз күн жатып дүние салған. 130 жыл жасады деп болжанған Сахан Досова 2009 жылдың мамырында жерленді. Ұзақ ғұмыр кешкен әжейді жерлеу рәсіміне жергілікті билік өкілдерінен ешкім қатыспады.

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ КӘРІ АДАМ

Кезінде Азаттық ұзақ ғұмыр жасаған тағы бір әже - Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданындағы Шарапхана ауылында тұратын Ұлбала Бейсенова туралы да жазған. Құжатқа сәйкес, ол 1897 жылы дүниеге келген.

– Отағасы сол күйі оралмады ғой, соғыстан қайтпай қалды. Кейін «қаза тапты» деген қара қағаз алдым. Ерлердің орнына комбайн жүргізіп, трактор айдадық. Егін орып, қолмен масақ тердік. Ерлердің бәрі соғысқа кетіп, елде кілең қыз-келіншек қана қалған кез. Адам еңбекпен көгереді ғой. Біз қол қусырып отыруды білмедік, – деген еді кезінде Ұлбала әжей Азаттық тілшісіне.

112 жастағы тұрғыны Ұлбала Ақбайқызы. Шарапхана ауылы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 20 наурыз 2010 жыл.
112 жастағы тұрғыны Ұлбала Ақбайқызы. Шарапхана ауылы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 20 наурыз 2010 жыл.

«Шай орнына қара су ішіңдер» деп кеңес беретін әжейдің дастарханынан қазақтың қымызы мен шұбаты үзілмеген. Ұлбала Бейсенова ұзақ жасауының сырын еңбек пен үлкендердің батасымен байланыстырады.

– Адам баласының өмірі қас-қағым сәт сияқты өте шығады екен. Ұзақ жасаудың басты сыры – еңбекте, үлкенге құрмет көрсетіп, салауатты өмір сүруде жатыр. Ата-бабаның әруағынан қорқып, төрге шықпаушы едік. Үлкен кісілерді сыйлағаннан осылай ұзақ өмір сүріп кеттік пе, кім біледі? – деген еді Ұлбала Бейсенова.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЗАҚ ЖАСАУШЫЛАР

Қазақстандық БАҚ елдегі ұзақ ғұмыр жасаушылар туралы соңғы рет былтыр жазған. Атап айтқанда, Қазақстанның ең қарт тұрғындарының бірі, Жамбыл облысы Талас ауданы Есейхан ауылында тұратын Балакүл Балтабаевның қайтыс болғанын хабарлаған. Ол 2014 жылдың наурызында шамамен 118 жасында дүние салған. Үш баланың анасы жарты ғұмырын ауылда мал бағумен өткізген.

2013 жылдың мамырында баспасөз құралдары Солтүстік Қазақстан облысында тұратын 115 жастағы Күлшара Бейсекова туралы жазған. Жақын туысынан ешкімі жоқ әже ол кезде қарттар мен мүгедектердің интернат-үйінде тұрған. Күлшара журналистерге екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қарағандыда еңбек армиясында құрылыста жұмыс істегенін айтқан.

Бір қызығы, Қазақстандағы ұзақ жасаған адамдардың көпшілігі - әйелдер.

Статистика агенттігі дерегіне сәйкес, 2014 жылғы есеп бойынша, Қазақстанда 100-ден асқан 649 әйел болған, оның 115-і- Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындары. 2013 жылмен салыстырғанда, Қазақстанда жасы 100-ден асқан 944 адамның 295-і ғана ерлер болған. Бірақ елде өлім-жітім «жасарып» барады. Түрлі әлеуметтік себептерге байланысты мезгілсіз қайтыс болатын ер адамдар саны көбейген.

Қарақалпақстанның Төрткүл ауданында тұрған Тути Юсупованың құжаты бойынша, ол 135 жыл жасаған. 6 шілде 2012 жыл.
Қарақалпақстанның Төрткүл ауданында тұрған Тути Юсупованың құжаты бойынша, ол 135 жыл жасаған. 6 шілде 2012 жыл.

135 жыл жасады деп болжанған Тути Юсупова Өзбекстан құрамына кіретін Қарақалпақстанның Төрткүл ауданындағы Көне Төрткүл қышлағында тұрған. Құжатында 1880 жылы туған деп көрсетілгенімен, ғалымдар оның жасын ресми түрде растамаған. Ұзақ ғұмыр жасаған әйелдің дүние салғанын Азаттықтың Өзбек қызметінің Төрткүлдегі дереккөзі растады. Оның айтуынша, Тути Юсупованы жерлеу рәсіміне Қарақалпақстанның Жоқарғы Кеңесі (парламенті) төрағасы мен жергілікті әкімшілік өкілдері қатысқан.

2008 жылы Азаттықтың Өзбек қызметіне берген сұхбатында Тути Юсупова «бала-шағам мен немерелерімді қол диірменмен ұн тартып, тандыр жауып асырадым» деген еді. 2010 жылы «Қарақалпақфильм» киностудиясы Тути Юсупова туралы «Үш ғасыр куәгері» деректі фильмін түсірген.

Қазіргі уақытта америкалық әйел Гертруд Уивер Жер бетіндегі ең кәрі адам деп ресми түрде деп танылған. 2015 жылы шілденің 4-і күні ол 117 жасқа толады.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG