Тәжікстанның үш мың тұрғыны бар Фатобод ауылы ұзақ жылдардан бері ауыз су тапшылығынан зардап шегіп келген. Осы ауылдың тұрғыны 41 жастағы бес баланың анасы Сурайо Мирзоева қиын кезең туралы былайша еске алады:
«Мал суды қай жерден ішсе, біз суды сол жерден алып отырдық және соның кесірінен жұқпалы аурулар арамызда тез тарады. Ауданымызда көптеген адам ұзақ жылдар бойы таза ауыз сусыз күн көріп келді. «Жаңбыр жауса екен» деп тіледік – жаңбыр суын жинап қолдану үшін. Өзімізде ештеңе өспейтін, себебі суғаратын су болмады. Әйелдер күн сайын өзеннен су тасуға бірнеше сағатын жұмсайтын».
Алматыдағы «Әйел және су» атты жиыннан видео:
20 ЖЫЛДА 16 МИЛЛИОН САҒАТ СУ ТАСУ
Ауыз су тапшылығынан жеке басы мен қауымын құтқарудың жолын іздестірген Сурайо Мирзоева үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) көмегімен 2014 жылы БҰҰ-на өтініш тапсырып, ауылға су тартуға мүмкіндік беретін, құны 87 мың АҚШ долларлық грант ұтып алған. Осының арқасында ауылына ұзындығы 14 шақырым құбыр тартылып, тұрғындардың аузы суға жариды.
Бес баласын жалғыз өзі асырап отырған Сурайо Мирзоева туралы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының өкілі Айжамал Дүйшебаева Алматыда «Әйелдер және су» атты семинарда айтты.
– Дәл осы Мирзоеваның мысалы өз қауымына көмектесу әйелдердің қолынан келетінін көрсетіп отыр, - деді ол.
Орталық Азия елдері және Ауғанстанның су саласы мамандары қатысқан Алматыдағы семинарда су тапшылығына ұшыраған елдерде қиындық негізінен әйелдерге көбірек түсетіні айтылды. Мәселен, ЮНИСЕФ 20 жыл (1990-2010 ж.ж.) ішінде әйелдердің су тасуға 16 миллион сағат жұмсағанын, ал балалардың – 4 миллион, ер адамдардың – 6 миллион сағат жұмсағанын анықтаған.
Жиынды ұйымдастырушы АҚШ геология қызметінің өкілі, ғалым Ингрид Мария Верстратен судың тауқыметін тартқан әйелдер су ресурстарын басқару ісіне де көбірек тартылса, жағдайдың өзгеретініне сенімді. Әйткенмен қазіргі уақытта су шаруашылығы, ауыл шаруашылығы мен гидрология негізінен ерлер жұмыс істейтін салалар күйінде қалып отыр.
– Әйелдердің су ресурстары мәселелеріне араласқаны өте маңызды. Көптеген елдерде, әсіресе, дамушы мемлекеттерде үйге суды әйелдер тасиды. Бірақ бұл сонымен бірге дамыған елдер үшін де маңызды. Себебі, әйелдер ресурстарды тұрақты түрде басқару мәселесіне әр қырынан келеді және дұрыс шешім қабылдау жағынан да ерекшеленеді. Бұл тұрғыдан алғанда әлі күнге дейін АҚШ-та әйел ғалымдар үшін жоғары қызметке көтерілу өте қиын, - деді Ингрид Мария Верстратен.
ТАЗАЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ
Мамандар неғұрлым әйелдер белсендірек болған сайын олардың мәселелері қоғамда жиі көтеріліп, пікірлері көпке жететінін айтқан кезде залда оған сәтті мысалдар да табыла кетті.
Мәселен, Тәжікстанның су ресурстары комиссиясының өкілі Рангина Назриева қала жағдайында «әйелдер әжетханасының» аздығы, алыс елді мекендерде бұл жағдайдың нашарлай түсетініне назар аударды. Оның сөзінше, азаматтық қоғамда белсенді әйелдер саны ұлғайған соң бұл мәселе айтылып, жағдай бірте-бірте оңалып келе жатыр.
«Әлеуметтік әжетхана» мәселесі көтерілген кезде Өзбекстанның Хорезм қаласындағы Krass агрокеңес орталығының маманы Инна Рудникова өздері жүргізген зерттеу туралы әңгімеледі.
– Біз дәрігерлерді шақырып, елді мекендерде зерттеу жүргіздік. Әжетханалардың орналасуы мен ауыз су қауіпсіздігі арасындағы өзара байланыс туралы. Осылайша мынадай байланыс барын анықтадық: әжетхана үйге яғни, құдық немесе су насосына неғұрлым жақынырақ орналасқан сайын ол үйде диарея, гепатит, т.б. су арқылы жұғатын аурулар көп болады екен. Біз бұған назар аударып, ақпаратты елді мекен тұрғындарына тараттық. Осындай қарапайым ақиқаттың арқасында көптеген мәселелерді шешіп, ауру санын азайта алдық, - деді ол.
Әжетхана үйге яғни, құдық немесе су насосына неғұрлым жақынырақ орналасқан сайын ол үйде диарея, гепатит, т.б. су арқылы жұғатын аурулар көп болады екен.
Семинардың алғашқы күні бұдан бөлек, ғылым мен басқару саласындағы гендерлік тепе-теңдікті орнату жолдары, сумен байланысты даулардың алдын-алуда гендерлік ерекшелікті ескеру мәселелері сөз болды.
Маусымның 18-іне дейін үш күнге созылатын семинар барысында қатысушылар су ресурстарын басқару бойынша білімдерін арттырып, тәжірибелерімен бөліседі.
Қазақстанда халықты ауыз сумен қамту үшін 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасының алғашқы кезеңі 2015 жылы аяқталды. Бағдарламаны іске асыруға бюджеттен 335 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген. Жергілікті қоғамдық ұйымдар бағдарламаны жүзеге асырудың кешігіп жатқанын және қаржының тиесілі түрде жұмсалмай отырғанын айтып шағымданады.