Accessibility links

Балаларды "зиянды ақпараттан қорғау" басталды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Мәжіліс БАҚ-қа тұтынушылардың жас ерекшеліктерін ескеріп, «балаларға зиянды ақпарат» таратпауды талап ететін заң жобасын мақұлдады. Азаттық заң жобасын ұсынған депутатпен сұхбаттасты.

Желтоқсанның 18-і күні Қазақстан парламентінің мәжілісі «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Бұл хабарға қарағанда заң жобасында балаларды «теріс әсерден қорғау мақсатында» олардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, ақпараттық өнімдерге (баспа, аудио және видео өнімдер) арнайы белгі қою міндеттеледі. Мәселен, ақпараттық өнім қай жастағы балаларға арналғанын көрсететін "6-", "6+", "12+", "16+" и "18+" сияқты арнайы белгілермен таңбалануы қажет. Заң қабылданса, әрбір жас санатына қойылатын талаптар күшейеді.

Азаттық тілшісі осы заң жобасын әзірлеген жұмысшы тобының жетекшісі, мәжіліс депутаты Алдан Смайылмен сұхбаттасты.

Азаттық: - «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң қандай қажеттіліктен туды?

Алдан Смайыл: - Бұл заң жобасын жұмыс топтары қарап, қоғамдық ұйымдардың талқылауынан өткізіп жатқанына бір жылдай болды. Заң ең әуелі балаларға дұрыс тәрбие беруді көздейді. Қазір балаларды рухани тұрғыдан аздыратын ақпараттар көп. Интернет желісін былай қойғанда телеарналардың өзінде де көрсетіліп жатыр.

Заңның негізгі мақсаты – әр жастағы балаға қандай ақпараттық өнімді ұсынуға болатынын белгілеу. Заңда ақпараттық өнімдердің әрбір жас санатына қай уақытта көрсетілетіні де анықталып отыр.

Азаттық: - Балалалардың жас санаттарын таңбалап көрсету ақпарат құралдарының барлық түріне міндетті бола ма?
Қазақстан парламенті мәжілісінің отырысынан көрініс.
Қазақстан парламенті мәжілісінің отырысынан көрініс.

Алдан Смайыл: - Мұндай индекс қою қиын қандай ақпарат болуы мүмкін деген мәселені біз де қарастырдық. Газеттерге, күнделікті жаңалықтарға, қоғамдық-саяси бағдарламаларға, тікелей эфирге ондай талап қойылмайды. Басқасының бәріне ақпараттың индекс-белгі қойылуы тиіс.

Азаттық: - Ресейде осыған ұқсас заң 2012 жылдан бастап күшіне енген екен. Сіздер ұсынып отырған заңның одан айырмасы бар ма?

Алдан Смайыл: - ТМД елдерінің парламенттік ассамблеясы 2009 жылы осындай үлгі заңды таратқан. Ресейге де, бізге де үлгі болып отырған – сол заң. Бірақ біз оны қазақ менталитетімен сәйкестендіруге тырыстық. Әзірге интернет арқылы таратылатын ақпараттық өнімдерге жас санатының белгісі қойылуы керек, қойылмаса, сот шешімімен тоқтатылуы мүмкін деп қана жазып отырмыз. Ондайларды блоктап тастайтын техникалық мүмкіндік Қазақстанда әзірге жоқ.

Азаттық: - Шетелдік өнімдерді балалар интернет арқылы көре бермей ме?

Алдан Смайыл: - Шетелдік өнімдер мен телеарналарды Қазақстанға тарататын операторлар бар. Осы заң қабылданғаннан кейін олармен келісім- шарт жасағанда кейбір ақпараттарды шектеу немесе таратылатын тәулік мерзімін көрсету туралы талап қойылады. Әзірге солай ықпал етуге болады. Шетелдік арналардың Қазақстандағы теле-радио хабарларын таратуына байланысты заң бұрыннан бар. Бұл заңды соған қосымша ретінде санауға болады.
Ақпарат құралдарына қойылған талаптар орындалмайтын болса, зиянды ақпарат балалар көретін уақытта беріліп жатса ғана сарапшылар араласады.

Азаттық: - Бүгін кейбір жергілікті ақпарат құралдары сіз «балаларға электрондық пошта ашуға тыйым салу керек» деген пікір айтты деген ақпарат таратты.

Алдан Смайыл: - Иә, оны мен де оқыдым. Олар менің сөзімді қате ұққан. Мен бұл ретте кәдуілгі электрондық поштаны айтпаған едім. АҚШ-та 1998 жылы қабылданған «Кәмелетке толмағандардың интернеттегі жеке өмірін қорғау туралы» актіден мысал келтіргем. Қазір ақпарат көздері шала түсініп алып жібере беретін болды ғой.

Азаттық: - Ақпараттық өнімнің «зиянды, зиянсыз» екені, қай жастағы балаларға арналғаны туралы сараптаманы кім жасайды?

Алдан Смайыл: - Оны бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі уәкілетті орган жасайды. Ол – мәдениет және ақпарат министрлігі болуы мүмкін. Сараптамашыны және сараптама жасайтын ұйымдарды сол орган белгілейді. Ақпарат құралдарына қойылған талаптар орындалмайтын болса, зиянды ақпарат балалар көретін уақытта беріліп жатса ғана сарапшылар араласады.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.
XS
SM
MD
LG