Accessibility links

«Жетісу атаманы» погонын шешуден бас тартады


Владимир Шихотов өзін Жетісу казактарының атаманы деп санайды. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
Владимир Шихотов өзін Жетісу казактарының атаманы деп санайды. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.

Жетісу казактарының шенінен айырылған атаманы Қазақстан казактары басшысы мен «Казачий курьер» газетін тағы сотқа берді. Ол қызметке қайта тағайындауды талап етеді.

Алматының аппеляциялық соты Жетісу казактарының шенінен айырылған атаманы Владимира Шихотовтың Қазақстан казактарының басшысы мен «Казачий курьер» газетіне қарсы талап-арызын қабылдамай тастады. Погондарын шешуден бас тартып жүрген Шихотов қызметіне қайта тағайындауды және Жетісу казактары туын қайтарып беруді талап етеді.

Қазақстан казактарының беделді екі тұлғасының арасындағы ашық тартыс осы аптада жаңа сипат алды. Екі жыл бұрын казак полковнигі деген атағынан айырылып, Жетісу казактары одағы атаманы қызметінен шеттетілген Владимир Шихотов Қазақстан казактары жоғарғы атаманы Юрий Захаров пен «Казачий курьер» газетімен әлі соттасып жатыр.

Шихотовтың айтуынша, жоғарғы атаман Захаров оны қызметінен заңсыз түсіріп, беделіне нұқсан келтіретін бұйрығын казактардың газетінде жариялаған. Шихотов бұйрықты заңсыз деп танып, Захаров пен газетті әкімшілік жауапкершілікке тартуды талап етеді. «Ар-ұжданын қорлағаны үшін» Шихотов бір теңге көлемінде символдық өтемақы төлеуді талап етеді.

«ҚҰДАЙДЫҢ ӘМІРІМЕН БЕРІЛГЕН БИЛІК»

Владимир Шихотовтың талап-арыз беруіне Қазақстан казактарының жоғарғы атаманы Юрий Захаровтың оны шенінен айырып, Жетісу казактары атаманы қызметінен босату туралы бұйрығы себеп болған. Бұйрық 2012 жылдың қазанында «Казачий курьер» газетінде жарияланған.

Казактардың Владимир Шихотовты атаман деп мойындайтын бөлігі Жетісу казактарының жаңа туын таныстырып жатыр. Алматы, 2 ақпан 2014 жыл. Фотография Владимир Шихотовтың архивінен алынды. .
Казактардың Владимир Шихотовты атаман деп мойындайтын бөлігі Жетісу казактарының жаңа туын таныстырып жатыр. Алматы, 2 ақпан 2014 жыл. Фотография Владимир Шихотовтың архивінен алынды. .
«Құдайдың әмірімен және Қазақстан казактары берген билік атынан» деген сөздермен басталатын бұйрықта «Жетісу казактары атаманы, казак полковнигі В.С.Шихотов қатардағы казак шеніне дейін төмендетіліп, қызметінен босатылсын және барлық наградаларынан айырылсын» деп жазылған.

Бұйрықта Шихотов «казачество салт-дәстүрлерін сақтаймын деп Иисус Христос бейнесін ұстап берген антты бұзғаны үшін, көп рет жоғарғы атаман бұйрықтарын орындамағаны үшін, казак вертикаль билігі мен мемлекеттік атқару билігі органдарын, Қазақстан халықтары ассамблеясын және Алматы қаласы ішкі саясат департаментін елемей, Қазақстан казактары қоғамдық ұйымдары одағының, орыс координциялық кеңесінің, Қазақстан казак, славьян ұйымдарының бірлігі мен тұтастығына шәк келтіретін әрекеттер мен мәлімдемелерге жол бергені үшін» жазаланғаны жазылған.

Былтыр 11 маусымда Шихотов бұған қарсы Алматы қаласы Медеу аудандық сотына «Захаровтың бұйрығында менің ар-ожданымды таптап, іскерлік беделіме нұқсан келтіретін деректер бар» деген талап-арыз берген. Биыл ақпанда аудандық сот оның талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Осы аптада бұл шешімді Алматының қалалық соты қолдады. Шихотов енді бұл шешімге қарсы шағым бермек. Жауапкерлердің бірі – «Казачий курьер» газетінің өкілі Сергей Машканцев аппеляциялық соттың шешімін әділ деп санайды.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Қазақстан казактары жоғарғы атаманы Юрий Захаровтың бұйрығы қалай пайда болғаны туралы әзірше талапкер Владимир Шихотовтің ғана пікірі белгілі. Жауапкер «Казачий курьер» газетінің өкілі Сергей Машканцев комментарий беруден бас тартты. Телефон арқылы Юрий Захаровтан да комментарий алу мүмкін болмады.

Шихотовтың айтуынша, Захаров екеуінің жанжалдасуына ақша дауы себеп болған. Екеуінің тартысы жер телімі мен ғимараты бар казактардың басқарма кеңсесіне таластан туған. Шихотов «казактар басқармасы мейрамханасы бар бизнес орталыққа айналып кетті. Басқармада казактардың спиртті ішімдік ішуіне болмайды» дейді.

Қазақстан казактарының жоғарғы атаманы Юрий Захаров. Алматы, 2010 жылдың мамыры.
Қазақстан казактарының жоғарғы атаманы Юрий Захаров. Алматы, 2010 жылдың мамыры.
Былтыр алматылық КТК телеарнасына мейрамханадан түсетін кіріс «балаларға сыйлық жасауға, казактардың тұрмысын насихаттауға, іс-шаралар өткізуге, шіркеуде шырақ жағуға, жас казактардың киіміне жұмсалады» деп мәлімдеген Захаров басқа пікірді ұстанады.

Екі атаманның арасындағы дауға Жетісу казактары туы да себеп болған. 2012 жылдың мамырында атаман сайлауынан кейін ту Владимир Шихотовқа табысталған. Бірақ атаман болып сайланған Шихотовты көп ұзамай қызметінен босатып, ол кезде де жанжал сотқа дейін жеткен. Сот Шихотов туды Қазақстан казактары басшылығына қайтаруы тиіс деген шешім шығарған. Бірақ туды уақытында қайтармағаны үшін ол енді 500 мыңнан аса теңге (2 мың 800 долларға жуық) айыппұл төлеуі тиіс. Сот шешімін орындаушылар Шихотовтың мүлкіне қамау салған.

Қазір казак полковнигі погондары тағылған форма киіп жүрген Владимир Шихотов өзін әлі Жетісу казактары одағы атаманы атайды. Оның айтуынша, қайтарып берген ескі тудың орнына Жетісу казактарының жаңа туы жасалған. Ол ту қазір Шихотовтың жақтастарында.

Қоғамдық ұйым деп саналатын Жетісу казактары одағы өз мақсатын казак дәстүрлерін сақтау деп атайды. Олар ұйым тарихы патшалық Ресей кезіндегі Жетісу казак әскерлерінен басталады деп есептейді. Елдегі басқа казак ұйымдары сияқты Жетісу казактары одағы да мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын Қазақстан халқы ассамблеясы жұмысына қатысады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG