Accessibility links

Су комитеті басшыларының сотында тергеуші "пара беру жолдарын" баяндап берді


Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысы Анатолий Рябцев сотта. Астана, 14 қазан, 2009 жыл.
Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысы Анатолий Рябцев сотта. Астана, 14 қазан, 2009 жыл.

Астанада Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы лауазымды басшыларының сот ісі басталды. Прокуратура Анатолий Рябцев пен оның орынбасарларына мемлекет қазынасынан 52 млн. теңгені жымқырды деген айып тағып отыр.

Сонымен Есіл аудандық сотында басталған кезекті сотта айыпталушылар орындығында – Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысы Анатолий Рябцев пен оның орынбасарлары Нұртай Кәменов, Ерлан Бадашев және Әмірхан Кеншімовтер отыр. Оларға Қылмыстық Кодекстің 307, 314, 312 және 235 -ші баптарына сәйкес «мемлекеттік қызметтерін асыра пайдаланды, пара берді және ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айыптар тағылып отыр.
Есіл аудандық сотының судьясы Айым Рысалина. Астана, 14қазан, 2009.

Ал Анатолий Рябцев бастаған жауап берушілер өздеріне тағылған айыптарын жартылай мойындады. Атап айтқанда, жоғарыдағы лауазым иелері үш эпизод бойынша айыпталуда. Олар – Қарағандыдағы Сәтпаев каналын қалпына келтіруге бөлінген қаржыны талан-таражға салды, «Таза ауыз су» бағдарламасы бойынша Арал өңіріне бөлінуге тиіс ақшаны дұрыс жаратпады және осы істерге қатысты тергеу ісін жабу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкеріне 40 мың доллар көлемінде пара берген деген айыптаулар.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне тұтылған бұл шенеуніктер сот ісі басталмай жатып, айыптарын жартылай мойындап үлгеріпті.

СУДЫҢ СҰРАУЫ, ҚАРЖЫНЫҢ ЖОҚТАУШЫСЫ

Прокурордың дерек-дәйегінше, су комитетінің төрағасы болып тұрған Анатолий Рябцев 2006 жылдың басында Сәтпаев каналын қалпына келтіру жұмыстары үшін өткізілген мемлекеттік сатып алу байқауында 475 млн. теңге көлеміндегі тендерді өзінің жақын жолдасы, «ЮСТ» ЖШС-нің директоры Елезаровқа алып берген. Келісімшартқа сәйкес, Сәтпаев каналына сорғыш құралы орнатылып, қалпына келтіру жұмыстары 2006 жылдың қараша айына дейін аяқталуға тиіс болатын. Бірақ Анатолий Рябцев каналдағы жұмыс толық аяқталмай жатып, маусым айында ақ құжаттарға қол қойып, «ЮСТ» компаниясына ақшаны толық аударған. Тексеру барысында 52 млн. теңге жоқ болып шыққан.

Осы секілді Арал өңіріне ауыз су құрамын анықтайтын қондырғы орнату үшін Кувейт қоры арқылы Араб елінен келген 81 млн. теңге көлеміндегі қаржыны (Оның ішінде 10 млн. теңгесі мемлекет қазынасынан бөлінген екен. – Ж.Т. ) көкшетаулық «Эко СС» компаниясына тендер арқылы береді. Мұнда да келісімшартқа отырған компанияға су құрамын анықтайтын қондырғыны орнатпай жатып, қаржыны толық аударған. Нәтижесінде аталмыш компания жұмысты толық атқармаған.

Су ресурстары комитетінің мемлекеттік сатып алу жұмыстарына қатысты жоғарыдағы әрекеттері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің назарына ілінгеннен кейін, экономикалық қауіпсіздік департаменті тергеу амалдарын бастайды. Осы іспен тікелей шұғылданған, сотқа куәгер ретінде келген тергеуші Ілияс Ибраев Анатолий Рябцев пен оның орынбасарларының өзіне 40 мың доллар параны қалай бергенін баяндап берді.

«НАҒАШЫМ КЕЛДІ...»

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Ілияс Ибраев тергеу ісін Сәтпаев каналынан бастағанын айтады. Мұның алдында су комитетіне қатысты қаржы полициясы тергеу жүргізген екен. Бірақ Анатолий Рябцевтің орынбасары Нұртай Кәменов Ілияс Ибраевпен кездесу барысында, «жоғарыдағы күштерді» іске қосқанын, қаржы полициясы таяу арада өздеріне қатысты істі толық жабатынын айтыпты.
Рябцевтің ісі бойынша ҰҚК-нің тергеушісі Ілияс Ибраев. Астана, 14 қазан, 2009 жыл.


Осы секілді Рябцевтің орынбасары тергеушіден де тергеу әрекеттерін жабуды сұрапты. Бұл үшін Анатолий Рябцевтың жеке өзіне сыйақы тағайындайтынын да жеткізіпті. Алайда, тергеуші өзінің құрылымдарын іске қосып, бас прокуратурадан су комитеті басшыларының телефондарын тыңдауға рұқсат алады. Олардың әрбір кездесулері фотоға түсіріліп, аудио, видеоға жазылады. Ақыр соңында Ибраев Нұртай Кәменовтің тергеу ісін тоқтату үшін қанша ақша қажет екенін ымдап түсіндіргенін айтады.

- Астрахань тас жолы бойындағы «Бақыт» қонақ үйінде Анатолий Рябцевпен кездескеннен кейін, Нұртай Кәменов маған қанша ақша қажет деп ымдады. Саусақтарымен 02, 03 деген сандарды көрсетті. «Бұл не» деп сұрағанымда, «керісінше қойсаң 20, 30 болады» деп түсіндірді. Мен оның 20 мың, 30 мың доллар деп айтып тұрғанын түсіндім. Сосын ол «егер қажет болса 40 мың доллар берейік» деді. Мен келістім. Ол ақшаны үйіңе әкеп береміз деді. Бірақ мен бас тарттым. Мен қажет болса, кездесетін орынды өзім табайын дедім. Кейін ол ақшаны беру механизмін өзі түсіндірді. Параның кілті «нағашым келді» деген сөз болады деді, - деді тергеуші сотта берген жауабында.

Ілияс Ибраев келесі күні Нұртай Кәменовтің өзіне түс ауа қоңырау шалып, «нағашым келді» дегенін айтады. Осыдан кейін ол арнайы жасақпен кездесу орны белгіленген «Думан» ойын-сауық кешенінің алдына барады.

Ақшаны алу операциясы аяқталған соң, келесі күні Ілияс Ибраев Анатолий Рябцев пен оның орынбасарларын Ұлттық қауіпсіздік комитетіне кездесуге шақырады.

- Рябцев және оның орынбасарларының қауіпсіздік комитетіне кіруі толығымен видеоға түсіріліп отырды. Мен параның тікелей Рябцевтің өзінен келгенін тағы да анықтау үшін, «кеше 40 құжат алдым, бәрі дұрыс қой» деп сұрадым. Ол «ия» деп жауап берді,- дейді тергеуші.
Анатолий Рябцевтің бұрынғы орынбасарлары (солдан оңға қарай) Нұртай Каменов, Әмірхан Кеншімов, Ерлан Бадашев. Астана, 14 қазан, 2009 жыл.


Осылайша Ілияс Ибраевтың айтуына қарағанда, су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның орынбасарлары тергеушінің құрығына өздері келіп түскен.

Сот тергеуі барысында Нұртай Кәменов өзінің пара беруде делдал болғанын толық мойындады. Ал Сәтпаев каналына қатысты істі мойындағанымен, Анатолий Рябцев өзінің ешкімге пара бермегенін айтып отыр.

Қаржы полициясы Рябцевті 2009 жылы 18 наурызда ұстаған болатын. Оған мемлекеттік сатып алулар бойынша тендер өткізу барысында "қызмет бабын асыра пайдаланған", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрған", "пара берген" деген айыптар тағылған-ды.
XS
SM
MD
LG