Accessibility links

Павлюктің өліміне қатысты сотқа Қырғызстаннан куәлар келген жоқ


Журналист Геннадий Павлюктің өліміне байланысты сотқа тартылған Алдаяр Исманкулов. Алматы, 27 маусым 2011 жыл.
Журналист Геннадий Павлюктің өліміне байланысты сотқа тартылған Алдаяр Исманкулов. Алматы, 27 маусым 2011 жыл.

Қырғыз журналисі Геннадий Павлюктің сотына куәлардың бірі, қырғыз парламентінің депутаты, саясаткер Өмірбек Текебаев жұмысы көптігін айтып келмеді.


Алматыда Бостандық аудандық сотында қырғыз журналисті Геннадий Павлюктің өліміне қатысты сот процестері жалғасып жатыр.

Дүйсенбі күні болған сот процесінде бірқатар бейнетаспа көрсетілді, ешбір куә тыңдалған жоқ. Айыпталушы жақ адвокаттарының айтуынша, осыған дейін болған сот процесінде Қырғызстаннан келуі тиіс куәлардың сотқа әртүрлі себептермен қатыса алмайтыны туралы өтініштері көпке мәлім болған. Бұлар – екінші қатардағы куәлар, яғни қаза тапқан журналистің жақындары, таныстары.

КҮДІК

Басты айыпталушы Алдаяр Исманқұловтың адвокаты Светлана Мурзинаның айтуынша, судья Ахметқали Молдағалиев маусымның 22-сі күні өткен сот отырысында Геннадий Павлюкпен азаматтық некеде бірге тұрған Ольга Павлюктің Ресейге көшіп кеткенін хабарлапты. Ол куәлардың өтініші жасанды болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

– Бұл тәжірибемнен туындап отыр. Астанада бір іс болды. Онда да өзге елдің азаматтары куәгер ретінде танылып, әуелі келген жоқ. Олардан сотқа
Айыпталушы Алдаяр Исманқұловтың адвокаты Светлана Мурзина сот отырысында. Алматы, 27 маусым 2011 жыл.

келе алмайтыны туралы өтініш келген. Алайда сол куәгерлер кейіннен сотқа келіп, ешқандай өтініш жазбағандықтарын айтқан. Сондықтан мұнда да бұл мәселе маңызды болғандықтан өтінішті дәл сол адамдардың жазғанына күдігім бар, – деді Светлана Мурзина.

Қырғызстаннан келуі тиіс куәлардың арасында Павлюкпен өмірінің соңына дейін істес болған, қырғыз парламентінің депутаты, «Атамекен» партиясының төрағасы Өмірбек Текебаев та бар. Ол осыған дейін Азаттық радиосына берген сұхбаттарының бірінде басты айыпталушы, Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздің қызметінің бұрынғы қызметкері Алдаяр Исманқұловты Бакиев режимінің тапсырысын орындаушы ретінде атап, журналистің өліміне айыптап еді.

Ал Алдаяр Исманқұлов бұған дейінгі сот процестерінде Павлюктің өліміне Қырғызстандағы белгілі бір саяси топтардың қатысы бар екенін айтып, Өмірбек Текебаевтың да есімін атаған.

ИСМАНҚҰЛОВ ЖӘНЕ « МАКСИМ БАКИЕВТІҢ ТАПСЫРЫСЫ»

Дүйсенбілік сот процесі барысында Алдаяр Исманқұловтың адвокаты Светлана Мурзина әсіресе Өмірбек Текебаевтың келе алмайтынына өкінді. Ол қазақ полициясының тергеуді Текебаевтың болжамына иек артып, «біржақты жүргізгеніне» де қынжылатынын айтты.

– Текебаев «Исманқұлов Қырғызстанның бұрынғы президентінің баласы Максим Бакиевтың тапсырысын орындаған» деп айыптаған. Бұл болжамның қалай шыққаны да түсініксіз. Қандай тапсырыс болуы мүмкін? Павлюк кімге кедергі келтіруі мүмкін? Өйткені ол іс жүзінде саясатпен де айналыспаған, – дейді Светлана Мурзина маусымның 27-сі күні Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Максим Бакиев сұраққа мүлдем тартылмаған, ал қазақ полициясы алдын-ала тергеу кезінде Өмірбек Текебаевтан куә ретінде екі
Қырғыз парламентінің депутаты, “Атамекен” партиясының төрағасы Өмірбек Текебаев. Бішкек, 10 қазан 2010 жыл.

рет жауап алған.

– Текебаевтан бір рет Қырғызстан территориясында, екінші рет Қазақстанда, кеден бекетінде жауап алынды, – дейді Светлана Мурзина.

«ТЫҒЫЗ ШАРУАЛЫ» ТЕКЕБАЕВ

Ал Өмірбек Текебаев дүйсенбі күні Азаттық тілшісіне сот процесіне мүлде қатыса алмайтынын айтты.

– Қазақстанның құқық қорғау органдарына екі рет куәлік бергенмін және алдыңғы куәлігімді жазбаша түрде растадым. Олар сотта оқылуы мүмкін, - деді Өмірбек Текебаев.

Өткен жылы қаңтар және наурыз айларында сол кездегі биліктің қарсыластарының бірі Өмірбек Текебаевтың Қазақстан құқық қорғау орындарына Павлюк ісі бойынша куәлік бергенін Азаттық радиосы жазған.

Өмірбек Текебаев сотқа келе алмауының себебін депутаттық қызметімен де байланыстырды.

– Парламенттің күн тәртібі тығыз шаруаларға толы. Республика аумағынан шыға алмаймын, - деді Өмірбек Текебаев.

Қырғыз журналисті Геннадий Павлюк ісі бойынша үш адам айыпталушы ретінде танылып отыр. Олар – Алмаз Игіліков, Шалқар Оразалин (Қазақстан азаматтары) және Алдаяр Исманқұлов (Қырғызстан азаматы).

Бұл азаматтарға Қылмыстық кодекстің 96, 181, 125-баптары (яғни адам ұрлау мен өлтіру, бопсалау) бойынша айып тағылған. Олар кінәлі екендерін мойындамайды.

Қырғыз журналисі Геннадий Павлюк 2009 жылы желтоқсанның 16-сында Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің 6-қабатынан жұмбақ жағдайда құлап, сол ауыр жарақаттан есін жимаған күйі желтоқсанның 22-сінде қайтыс болған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG