Accessibility links

Құқық қорғаушылар 1992 жылғы қаулыны толықтыруды ұсынады


Сотта полицей фуражкасын ұстап тұр. Астана, 15 қазан 2009 жыл.
Сотта полицей фуражкасын ұстап тұр. Астана, 15 қазан 2009 жыл.

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы мен алматылық белсенділер сот тәжірибесінде жала жабуға қатысты заң нормаларын қолдану жайлы нормативтік қаулыға түзетулер жобасын құрастырды. Құқық қорғаушылар жоғарғы сотқа судьяларға осы мәселені түсіндіретін жинақ шығаруды ұсынады.

Азаматтық белсенділер сот тәжірибесінде жала жабу бабын қолдану туралы 1992 жылғы қаулыны толықтыру керек деп санайды. Әлгі қаулыда ар-намыс пен абыройын және іскерлік беделін қорғау туралы талап-арызды заңды тұлғалар емес, азаматтар ғана бере алады деп көрсетілген. Бұдан бөлек, белсенділер жала жабу туралы шағымда «көрінеу» жалған мәлімет таратқанын растайтын жайттар мен дәлелдер көрсетілуі тиіс деп санайды. Бұл жерде «көрінеу» сөзі тікелей пиғыл деп түсіндіріледі.

Жала жабуды декриминализациялау
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00
Жүктеп алу

Құқық қорғаушылар ұсынған түзетулер жобасында анықтығы мен жалғандығын тексеруге болмайтын пайымдау пікірлерді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті алып тастау қажет деп жазылған. Белсенділер бұған қоса, нормативті қаулыда терминдердің нақты анықтамасы туралы ақпарат болғанын қалайды. Мысалы, бедел немесе іскерлік бедел деген не, мәлімет сияқты өзге көптеген ұғымдар туралы түсінік берілгені жөн дейді.

Бейсенбі күні Астанада өткен дөңгелек үстелдегі сөзінде «Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева «егер судьялардың қолында жала жабу анықтамасының нақты критерийлері болса, журналистер мен барша қалам ұстағандар алаңсыз болар еді» деп мәлімдеді. Ол жала жабу бабы бойынша қозғалған істерге қатысты бүкіл жайттарды судьялар жете әрі өте мұқият тексеруі тиіс деп санайды.

Оңнан солға қарай: Жоғарғы соттың ақпаратпен қамту бөлімі меңгерушісі Болат Кальянбеков, «Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева және ЕҚЫҰ өкілі. Астана, 21 шілде 2016 жыл.
Оңнан солға қарай: Жоғарғы соттың ақпаратпен қамту бөлімі меңгерушісі Болат Кальянбеков, «Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева және ЕҚЫҰ өкілі. Астана, 21 шілде 2016 жыл.

- Жала жабу айыбына ілігу – кез келген адам үшін үлкен үрей мен қорқыныш, өйткені бұл үшін еркіндігінен айырылуы мүмкін. Біз («Әділ сөз» - ред.) жала жабу істерін қараған сот процестерін 15 жылдан бері бақылап келеміз. Бізде айыптау үкімі, айыпты дәлелдейтін белгілер үнемі шамамен, болжаммен анықталады. Егер нормативті қаулыда мұның бәрі нақты жүйеленсе, бізде адамды бостандығынан айыру деген мүлде болмайды, - дейді Тамара Калеева.

БҰҰ Бас ассамблеясына сілтеме жасаған оның пікірінше, сөз еркіндігі - өзге еркіндік түрлерінің негізгі критерийі.

- Сөз еркіндігінің халықаралық әрі кез келген қоғамдағы маңызын ескерсек, азаматтық немесе қылмыстық тәртіппен қозғалған жала жабу істерін жеке нормативтік қаулы немесе ар-намыс жайлы жалпы қаулыда жеке бөлім ретінде қарастыруға лайық деп санаймыз, - дейді Тамара Калеева.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің айтуынша, жалған ақпарат тарату - ар-намысты қорғаумен бәсекеге түсіп келе жатқан сөз еркіндігінің бір бөлігі саналады. Ол мұны бейнелі түрде «жала жабумен скотч арқылы тиімді күресуге болады: ауызды желімдеп қойсаң, ешқандай жала жаба алмайды» дейді.

Жала жабумен скотч арқылы тиімді күресуге болады: ауызды желімдеп қойсаң, ешқандай жала жаба алмайды.
Евгений Жовтис

Жоғарғы соттың ақпаратпен қамту бөлімі меңгерушісі Болат Кальянбековтің Азаттыққа айтуынша, сот тәжірибесінде жала жабу бабын қолдану жайлы қаулыға толықтырулар мен өзгерістер енгізу жобасын қарау бір немесе екі жылға созылуы мүмкін.

- Қаулы заңды ауыстыра алмайды, әдетте қаулы судьялар мен сот процесіне қатысушыларға сот процесі кезінде заңды қолдануға көмек ретінде қабылданады, - дейді Болат Кальянбеков.

Қазақстанда ар-ұжданды қорғау екі кодекс – азаматтықжәне қылмыстық кодексте реттеледі. Жалған мәліметтер таратқаны үшін миллиондаған ақша айыппұл салу немесе үш жылға дейін еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.

Қазақстанда журналистер мен белсенділер жала жабуды декриминализациялауды талап еткеніне талай жыл болды. Олардыбұл мәселеде ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы – ред.) өкілдері қолдағанымен, парламент пен мемлекеттік органдар құптамайды. Жала жабу бабын декриминализациялауды енгізуге құлық танытпаудың бір себебі қоғам мәдениеті мен менталитеті мұндай өзгерістерге «әзір емес» деген уәжбен түсіндіріледі.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG