Accessibility links

Қорғаныс министрлігінен қорғаныс өнеркәсібін бөліп алды


Қазақстан әскери-теңіз флотының 20 жылдығы шарасынан көрініс. Ақтау, 13 сәуір 2013 жыл. (Суретті түсірген - Талант Құсайын).
Қазақстан әскери-теңіз флотының 20 жылдығы шарасынан көрініс. Ақтау, 13 сәуір 2013 жыл. (Суретті түсірген - Талант Құсайын).

Сарапшылар қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін құру коррупцияны азайтып, экспортқа шығу мүмкіндігін ұлғайтар деп болжайды. Коррупциялық қылмысқа қатысты жанжалдар қорғаныс министрлігінде жылда болады.

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, 52 жастағы Бейбіт Атамқұлов қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды.

Министрлік қазанның 6-сында ғана құрылған. Жаңа министрлікке қорғаныс министрлігінен – қорғаныс өнеркәсібі, инвестициялар және даму министрлігінен – ғарыш қызметі, ұлттық экономика министрлігінен – жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру, экономика министрлігінен – мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту саласындағы өкілеттіктер берілген. Жаңа министрлікке премьер-министр кеңсесінен – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ақпарат және коммуникациялар министрлігінен – ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету функциялары көшеді.

Бірақ мұның бәрі іс жүзінде қалай болатыны сарапшыларға әзірше түсініксіз

КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ЖАРЛЫҚ ТІЛІНІҢ ҚИЫНДЫҒЫ

Сарапшылар ең әуелі қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің киберқауіпсіздік саласындағы атқаратын функциясына назар аударады. Өйткені, жұрт арасында тараған пікір бойынша, бұл бағыттағы негізгі рөл ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілуі тиіс. Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығындағы «жаңа министрлік құзырына премьер-министр кеңсесінен – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ал ақпарат және коммуникациялар министрлігінен – ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету функциялары көшеді» деген сөздерді түсіну қиын.

Бұл – өнеркәсіптік тыңшылық сияқты талай нәрсені қамтитын өте көлемді мәселе. Жалпы жұртқа беймәлім жабық дүниелер бар ғой.

Қорғаныс министрінің қару-жарақ жөніндегі бұрынғы орынбасары генерал Валерий Сапсай Азаттыққа берген комментарийінде ел президенті жарлығында қорғаныс өнеркәсібі министрлігі «мемлекеттік саясатты» іске асырумен айналысуы тиіс деп көрсетілгеніне назар аударады. Оның пікірінше, министрлік байланыстың дәстүрлі және жаңа түрлерін қорғауға қажет техника құрылғыларын шығарумен және киберқауіпсіздікті техникалық тұрғыдан жабдықтауға қатысты өзге міндеттерді шешумен айналысуы тиіс. Ел президенті жарлығының тілін ұғу қиын екеніне назар аударған қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары:

– Бұл – өнеркәсіптік тыңшылық сияқты талай нәрсені қамтитын өте көлемді мәселе. Жалпы жұртқа беймәлім жабық дүниелер бар ғой, – дейді.

Бүгінге дейін жарияланған жалғыз құжатта жаңа министрлікке «жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру саласындағы» функциялар мен өкілеттіктер берілетіні айтылғанына мән берген қорғаныс министрлігінің аты-жөнін атамаған қызметкері де жарлық мәтінінде бұлыңғыр тұстар бар екеніне назар аударады. Бұл әдетте әскери комиссариаттар, яғни қазіргі қорғаныс істері департаменттері атқаратын функция болатын. Сондықтан енді әскери комиссариаттар қорғаныс министрлігі құзырынан алынып, жаңа министрлік қарауына беріледі деп ойлауға болатын сияқты.

Қазақстан әскери-теңіз флотының 20 жылдығы шарасы. Ақтау, 13 сәуір 2013 жыл. Көрнекі сурет. (Фотоны түсірген - Талант Құсайын).
Қазақстан әскери-теңіз флотының 20 жылдығы шарасы. Ақтау, 13 сәуір 2013 жыл. Көрнекі сурет. (Фотоны түсірген - Талант Құсайын).

Қорғаныс министрлігінің жұмылдыру жұмыстарын ұйымдастыру департаменті бастығы генерал-майор Мүслім Дайыров «Енді қорғаныс министрлігіндегі әскери комиссариаттар қорғаныс өнеркәсібі министрлігі қарауына көше ме?» деген сұраққа:

– Әскери комиссариаттар ешқайда көшпейді, жаңа министрлік қарауына қорғаныс өнеркәсібі саласына қатысты мәселелер ғана көшеді, – деп қысқа жауап берді.

ЖЕМҚОРЛЫҚ АЗАЙЫП, ҚАРУ-ЖАРАҚ КӨБЕЙЕ МЕ?

Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Айтқали Есенғұловтың топшылауынша, қорғаныс министрлігі құзырында болған қорғаныс өнеркәсібі саласындағы функцияларды жаңадан құрылған қорғаныс және аэроғарыштық өнеркәсіп министрлігіне беру қорғаныс министрлігіндегі коррупциялық қылмыстарды азайтады.

2009 жылғы сәуірде қорғаныс министрінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары Қажымұрат Мейірманов коррупцияға қатысты айыппен тұтқындалғаннан кейін қорғаныс министрлігінде жыл сайын лауазымды қызметкерлер осыған ұқсас айыптармен тұтқындалып, сот процестеріне іліккен жанжалдар болды. Коррупциялық жанжалдар дүние-мүлкін тәркілеу арқылы ұзақ жылдарға түрмеге кесу туралы сот үкімімен аяқталған. Биыл тамызда қорғаныс министрлігінің тағы бір шенеунігі ұсталған. Қарулы күштерді материалдық-техникалық жабдықтау бас басқармасының қызметкері 20 миллион теңге (шамамен 60 мың доллар) пара алып жатқанда ұсталған. ҰҚК хабарламасында оны көбі қорғаныс министрлігі қызметкерлерінен құралған «10 адамнан тұратын қылмыстық топтың» жетекшісі деп көрсеткен.

Генерал Есенғұловтың пайымдауынша, қорғаныс өнеркәсібі функцияларын беру шешімі қару-жарақ пен әскери техника экспортын ұлғайтуға септесуі мүмкін. Оның сөзінше, енді қорғаныс өнеркәсібі министрлігі қорғаныс министрлігі немесе өзге күштік ведомстволардың қажеттілігін өтеумен шектеліп қана қоймай, әскери өнімдерді сыртқы нарыққа шығаруына болады. Бірақ бұл үшін оның сапасы бәсекеге қабілетті болуы тиіс.

Есенғұловтың тұжырымын қорғаныс министрінің қару-жарақ жөніндегі бұрынғы орынбасары Валерий Сапсай да құптайды. Генералдың сөзінше, қорғаныс министрлігі әскери қабылдау жүйесіне қайта оралғаны жөн.

– Әлгі кәсіпорындарда қорғаныс министрлігіне арнап шығарылған бұйымдардың сапасын қадағалайтын қорғаныс министрлігі өкілдері болуы тиіс, – дейді генерал Сапсай.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен қорғаныс министрлігіне қарасты қорғаныс өнеркәсібі кешенін, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын дамыту басқармасының бастығы Александр Степаненконың айтуынша, ол басқаратын басқарманы реформалау жөнінде әзірше ешқандай ресми құжат түспеген. Ол қорғаныс және аэроғарыштық өнеркәсіп министрлігінде құрылатын қорғаныс өнеркәсібі комитетінде азаматтық тұлғалар жұмыс істейтін шығар деп болжайды.

Ал әлеуметтік желілерде жаңа министрліктің құрылуына байланысты «Осы министрлікте жұмыс істегім келеді. Резюмемді қайда жіберсем болады?» деген комментарийлер пайда болды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG