Локомотив зауытының 4-цех бастығы Абзал Кенжебаевтың қолына «басшылықтың сенімінен айырылуына байланысты» еңбек шарты бұзылғаны жазылған тәртіптік шара қолдану туралы бұйрықты ұстатып, қыркүйектің 29-ы күні жұмыстан шығарған. Ал бұдан ертеректе Абзал Кенжебаев пен оның кейбір әріптестері «сапасы нашар қозғалтқыштардың кесірінен локомотивтер сатылмай жатыр» деп зауыттағы дағдарыс туралы бас прокуратураға шағымданған.
Биыл маусым айының аяғында «Локомотив құрастыру зауытының» кейбір жұмысшылары компания басшылығы кәсіподақ ұйымы төрағасы қызметіне басшыларға «қолайлы» адамды сайлауға мәжбүрлеп отыр деп те наразылық білдірген.
Абзал Кенжебаевтың айтуынша, оны жұмыстан шығарардан бір ай бұрын локомотив құрастыру зауытында жайсыз оқиға болған: оның қарамағында істейтін екі адам артық кабельді зауыттан алып шығуға тырысқан кезде ұсталған. Абзал Кенжебаевты цех бастығы ретінде кез келген оқыс жайттан хабардар етуі тиіс болғанымен, бұл оқиғаны ол бірнеше күннен кейін «кездейсоқ естіп қалған».
- Қыркүйектің 1-і күні менен түсініктеме талап етті. Бірақ маған хабарламай бұл істі не үшін созбақтап жүріп алғандары белгісіз. Ішкі істер министрлігіне қарасты ресми органдарға арыздануды да 3-4 күнге созып жіберген. Кейін әлгі екі жігіт маған «зауыт басшылығы әлгі біз жазған хатқа «таныспай жатып, қол қоя салыппыз» деп кәсіподақ қызметі туралы хат жазуды өтінгенін» айтты, - дейді Абзал Кенжебаев.
Абзал Кенжебаев пен әріптестері кәсіпорындағы дағдарысқа қатысты шағымданған әлгі хат бас прокуратураға, адам құқығы жөніндегі уәкілге және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшылығына жолданған. 135 адам қол қойған хатта «локомотив қозғалтқышы еуростандартқа сай келмейтіндіктен», зауыт шығаратын тепловоздардың аз сатылып жатқаны және жалақы мен әлеуметтік төлемдер қысқарып қалғаны жазылған.
Прокуратура мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының арнайы тобы жұмысшыларға «арызда көрсетілген жайттардың көбі тексеру кезінде расталмады» деп жауап қайтарған.
Абзал Кенжебаевтың айтуынша, зауыт басшылығы арнайы тексеру ұйымдастырып, ол басқаратын 4-цехта шұғыл инвентаризация жүргізген.
- Комиссия менің балансымда 113 миллион теңгенің артық материалы тұрғанын тапты. Бірақ әлгі артық материалдардың қандай жолмен жиналатынын жұрт жақсы біледі. Мен әлгі тексеру кезінде оларға «бүкіл бәлені маған жапқыларың келеді» дедім. Олардың болжамынша, мен әлгі артық шыққан материалдарды жасырып, жеке пайдамды көздеп тығып отырған болып шықтым. Енді әлгі материалдарды және жетпейтін 185 мың теңгені менің мойныма ілгілері келеді. Бізде металдың бетін тегістейтін машинаға арналған дискілер болады. Диаметрі 125 миллиметрлік дискінің 952 данасы жетпейтін болып шықты. Ол артық жұмсағаннан жетпей қалды, бірақ оның орнын жабуға жететін сомада 230 және 180 миллиметрлік дискілер бар болып шықты. Бірақ олар мұны мойындағылары келмейді, жалақымнан ақша ұстап қалды, - дейді Абзал Кенжебаев.
Ол «бұрын менің қарамағымда жұмыс істеген әрі жергілікті кәсіподақ үшін күрескен адамдар да қудалануы мүмкін» дейді. Биыл маусымның аяғында «Локомотив құрастыру зауыты» компаниясының 50-ден аса жұмысшысы «бір ай бұрын ғана сайлау өткеніне қармастан, компания басшылығы кәсіпорынның кәсіподақ ұйымы төрағасын қайта сайлауға мәжбүрлеп жатыр» деп мәлімдеген. Ал кейбір жұмысшылар компания басшылығы кәсіподақ төрағасы қызметіне «қолайлы» адамды қоюға тырысып отыр деп мәлімдеген.
Компания басшылығы бұл айыптардың бәрін терістейді. Компанияның өндіріс жөніндегі вице-президенті Төлеген Жаңабаев Азаттыққа кәсіпорынның бұрынғы қызметкері Абзал Кенжебаев «ешқандай қудалауға ұшырамағанын» айтты.
- Ұрлықтың кәсіподақ қызметіне ешқандай қатысы жоқ. Бұл - талай қайталанған ұрлық. Себепсізден себепсіз ешкімді жұмыстан шығармаймыз, бәрі заң жүзінде, - дейді Төлеген Жаңабаев.
Ол болған жағдайға байланысты толығырақ мәлімет алу үшін ресми сауал жолдауды ұсынды.
Абзал Кенжебаев қызметіне қайта тағайындауды сұрап, қазанның 8-і күні «Локомотив құрастыру зауыты» компаниясының келістіруші комиссиясына жүгінген. Бірақ комиссия Кенжебаевты жұмыстан шығаруды заңды деп тапқан.
Жұмыстан шығарылған цех бастығы енді сотқа және өзге инстанцияларға жүгінбек. Оның бұрынғы әріптестері «әділ өтпеген тәртіптік комиссия отырысымен де, Кенжебаевты тез арада жұмыстан шығарумен де» келіспейтінін мәлімдеп, зауыт басшылығына ұжымдық хат жолдаған.
«Локомотив құрастыру зауыты» - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны. Зауыт Қазақстандағы мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында алты жыл бұрын ашылған.