Accessibility links

Мызғымастай болған Мүбәрәк билікпен қош айтысты


Египеттіктер Тахрир алаңында Мүбәрәктің биліктен кеткендігін тойлап жатыр. Каир. 11 ақпан 2011 жыл.
Египеттіктер Тахрир алаңында Мүбәрәктің биліктен кеткендігін тойлап жатыр. Каир. 11 ақпан 2011 жыл.

Ақпанның 11-інде Египет президенті Хосни Мүбәрәк биліктен кетті. Бұл турасында елдің вице-президенті Омар Сүлеймен хабарлады. Ол мемлекеттік телеарнадан қысқа ғана мәлімдеме жасады.


Омар Сүлейменнің мәлімдеуінше, елдің билігі әскери кеңеске тапсырылған.

- Мұндай ел басына күн туған қиын жағдайда президент Мүбәрәк президенттік биліктен кеткен жөн деп шешті. Ол Қарулы күштердің жоғарғы кеңесіне мемлекетті басқаруды бақылауды тапсырды,- деді Омар Сүлеймен.

Мәлімдеме Каирдың орталық алаңында жиналғандарды қуанышқа кенелтті. Олар тарқап кеткен жоқ. Дүниежүзінің телеарналары Тахрир алаңындағы жүздеген мың египеттіктің көзіне жас алып, бір-бірін құшақтап құттықтағаны жайында көрініс таратты.
Мүбәрәк биліктен кеткеннен кейінгі сәттер. Каир. 11 ақпан 2011 жыл.


Бұның алдын Мүбәрәктің әулетімен бірге Шарм аш-шейх қаласындағы резиденциясына кеткендігі хабарланған болатын.

Алғашқылардың бірі болып Еуропа Одағы мен Ресей оқиғаға оң баға берді. Германия канцлері Ангела Меркель Мүбәрәктің биліктен кеткендігін тарихи өзгеріс ретінде атады.

Египет президенті 18 күнге созылған халық толқуынан кейін биліктен кетуге мәжбүр болды. Толқу елдің бірнеше қаласын қамтыды. Каирде президент сарайы мен мемлекеттік телерадио ғимаратының маңына және Тахрир алаңына жиналған жұрт президенттің биліктен кетуін талап етумен болды. Толқу кезінде Мүбәрәкті жақтаушылар мен оған қарсылар қақтығысып, мыңға тарта адам жараланып, ондаған шеруші қаза тапты. Әзірге бұл турасында нақты мәлімет жарияланбай отыр.

82 жастағы Хосни Мүбәрәк елді 30 жылға жуық биледі. Осы аралықта оған бірнеше мәрте қастандық жасалып, аман қалған еді.

Египетте болып жатқан саяси өзгерісті тікелей эфирде біздің мультимедиа парақшасынан көре аласыздар. Трансляцияны Әл-Хурра телеарнасы жүргізеді.

Төмендегі Рейтерс агенттігі таратқан бейнесюжетте Египеттің вице-президенті Омар Сүлеймен президент Хосни Мүбәрәктің биліктен кеткені туралы саяси мәлімдеме жасап тұр.

XS
SM
MD
LG