«Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев «коррупциялық қылмыс жасады» деген күдікпен өткен аптаның аяғында екі айға үй қамағына алынған. «Астана EXPO-2017» компаниясына қарасты құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы, соңғы кезде компания кеңесшісі қызметін атқарған Қажымұрат Үсенов те «бюджеттің 214 миллион теңге ақшасын жымқырды» деген күдікпен коррупциялық жанжалға ілікті.
«Астана EXPO-2017» компаниясы басқармасының жаңа төрағасы қызметі Астана әкімі Әділбек Жақсыбековке қосымша жүктелді.
Саяси сарапшылар мұны «алдын ала болжанған коррупциялық жанжал» деп атайды. Саясаткер әрі экономист Петр Своиктің Азаттық тілшісіне айтуынша, былтыр жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) кеміп, бюджеттің доллар түсімі 8,5 пайызға орындалмай қалған кезде Қазақстан президенті қаржыны үнемдеу саясатына амалсыз көшуге және екінші кезектегі жобалардан бас тартуға мәжбүр болған. Оның айтуынша, енді аса маңызды саналатын EXPO-2017 жобасын жүзеге асыру барысын бақылау күшейіп, Алматыдағы «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты құрылысы жобасы тоқтатылып, тіпті жабылуы мүмкін.
- Соңғы жылдары елдегі жағдай өзгерді. Бюджет түсімі қысқарып, экспорт пен импорт көлемі құлдырап барады, ЖІӨ көлемі екінші жыл қатарынан кеміп отыр. Мұндай жағдайда президент маңайындағы сенімді адамдарға ғана сүйенеді. Көп ұзамай Әділбек Жақсыбековтің қатарынан дағдарысқа қарсы тағы бір менеджер - Владимир Школьникті көріп қалуымыз ғажап емес, - дейді Петр Своик.
Бақылаушылар «Астана EXPO-2017» бұрынғы топ-менеджерлеріне қауіпбұдан ертеректе төнгенін айтады. 2013 жылдың сәуірінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көрме басшылығын қатты сынап, жұмыстарын «түкке тұрғысыз» деп атаған.
Капитал.kz сайты президент Назарбаевтың «Қазір комментарий бермей-ақ қояйын, бірақ бәрің жабылып ұйымдастыру жұмыстарын бүлдірдіңдер. EXPO-2017 көрмесіне дайындықты жүргізетін бірыңғай басшылық жоқ. Мен жауапты корпорацияны құрып беріп, ешкім тиіспесін дегеніммен, әркім өзінше бастық, жұмыс нәтижесін кімнен талап етеріңді білмейсің» деген сөздерін келтірген.
Назарбаев 2014 жылдың шілдесінде Талғат Ермегияевтың да жұмысын сынаған. Ол кезде Назарбаев «EXPO көрмесін өткізуге әлем елдері 5-17 миллиард еуро жұмсайды. Ал қазақстандық көрме – «бюджеті ең тиімді көрме» деп мәлімдеген.
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың Капитал.kz сайтына айтуынша, енді жұрт EXPO-2017 көрмесін қымбат деуден бөлек, коррупциялық жанжалға іліккені үшін де сынайтын болады.
EXPO-2017 кешені құрылысын жалғастыруға 2015 жылы ұлттық қордан бұған дейін жұмсалған 25 миллиард теңгеге қосымша 40 миллиард теңге бөлінген.