Accessibility links

Канн фестивалінде қазақстандық 7 фильм көрсетіледі


"Ай күнді сүйеді" фильміндегі таксист бейнесі.
"Ай күнді сүйеді" фильміндегі таксист бейнесі.

Францияның Канн қаласында 68-халықаралық кинофестиваль өтіп жатыр. Биыл онда қазақстандық жеті фильм конкурстан тыс көрсетілмек.

Мамырдың 13-інен 24-іне дейін өтетін Канн кинофестивалінде көрсетілетін қысқа метражды жеті фильмнің ешқайсысы конкурстық бағдарламаға енбеген. Оларды кәсіби мамандардың шығармашылық әрі іскерлік байланыс орнату және қысқаметражды киноны дамыту алаңы - Short Film Corner жобасы аясында көрсетпек. Бұл фильмдер туралы жалпылама деректерді 68-Канн кинофестивалінің ресми сайты мен Short Film Corner каталогынан табуға болады.

Азаттық тілшісі осы фильмдердің бірінің режиссері Әлішер Сүлейменовке хабарласты. Канн фестивалінде оның 15 минуттық «Ай Күнді сүйеді» фильмінің әлемдік премъерасы өтеді. Азаттық тілшісі режиссерден бұл фильм не жайлы екенін сұрады.

- Бұл – Алматы қаласында жұмыс істейтін таксист өмірінен алынған шағын үш хикаядан тұратын киноновелла. Қайырымдылықты өнердегі мәңгі тақырыптардың бірі деп білемін. Бұл бір жағынан, қазіргі заманда қат болып кеткен қайырымдылық туралы фильм. Фильмнің нақты не туралы екенін кесіп айта алмаймын. Өйткені мен үшін фильм - кез келген көрермен өзіне қажетін алатын әлдебір сезімдердің жиынтығы.

Фильмнің сценарийін жазып, түсірген режиссері де, продюсері әрі композиторы да Әлішер Сүлейменовтің өзі. Бұрын киноға актер ретінде түсіп көргенімен, фильміне өзі түспеген. «Ай Күнді сүйеді» фильміндегі басты рөлді цирк артисі Бақтияр Тұрсынов ойнайды. Фильмге каскадер Бохадир Жалметов, флорист Мария Климович пен оның баласы Никита, Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының актрисасы Бақыт Жанғалиева да түскен. Эпизодтық кадрдан блогер әрі журналист Ержан Сүлейменовті де көруге болады.

Жастық шағым еліміз тұралап қалған 1990 жылдары өтті. 25 жылдан кейін кино түсіру мүмкіндігі табылып, бұл салаға қайта оралдым.
Әлішер Сүлейменов

Әлішердің айтуынша, «Ай Күнді сүйеді» фильмі Қазақстандағы арт-хаус жанрын (авторлық кино) қолдағысы келетін меценаттардың және өзге де таныс-бейтаныс жандар берген ақшаға түсірілген. Бұл - Әлішер Сүлейменовтің екінші фильмі. Алғашқысы - 1990 жылы түсірген «Құс» фильмі. Азаттық тілшісі Әлішерден кинодағы үзілісінің ұзаққа созылып кету себебін сұрады.

- Жастық шағым еліміз тұралап қалған 1990 жылдары өтті. 25 жылдан кейін кино түсіру мүмкіндігі табылып, бұл салаға қайта оралдым. Қазір елімізбен бірге Қазақстандағы кино саласы өркендеп, дамып келеді. Меценат, демеушілердің табылуының өзі көп нәрсені аңғартады ғой, - дейді Әлішер Сүлейменов.

Кинодан қол үзіп кеткен жылдары Әлішер Сүлейменов мемлекеттік «Хабар» теларнасында жұмыс істеп, бизнеспен айналысқан, Қазақстан билігі жақтастарының қатарында саяси сахнада да көрінген. Әлішер Сүлейменов «кино саласына қатысты әзірше өзге жоспарым жоқ» дейді. Ол жуырда үшінші музыкалық альбомы мен қазақ тіліндегі әндерінің төртінші альбомының презентациясын өткізуге уәде берді.

Әлішердің айтуынша, Канн кинофестивалі - кәсіби мамандармен жақын араласуға мүмкіндік беретін тамаша орта.

Былтыр биылғы Канн кинофестиваліне Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімов те баруы мүмкін деген болжам айтылған.

- Мұнда келгендер бір-біріне өз картинасын көрсетіп, пікір алмасады. Бұл жақын танысып, сөйлесуге ыңғайлы орта болады. Биылғы «Еуразия» кинофестивалін сәл өзгешелеу етіп өткізсек деген оймен бірер қызықты идеямды ұсынбақпын, мына жақтан да біраз нәрселерді алмақпын, - дейді режиссер.

Әлішер Сүлейменов Канн қаласынан фильм премьерасына барғысы келетін жерлестерін кездестіргенін айтады. Көрсетілім уақыты мен орны кинофестиваль ашылғаннан кейін белгілі болады.

Былтыр биылғы Канн кинофестиваліне Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімов те баруы мүмкін деген болжам айтылған. Азаттық әкімдіктің баспасөз қызметіне «Әкім Канн қаласына кетті ме?» деген сауал жолдаған еді. Әкімдіктің жазбаша жауабында қарағанда, әкім мамырдың 13-і күні Алматыдағы шараға қатысқан, ал Франциядағы кинофестивальдің ашылу рәсіміне қатысуды жоспарламаған. Бірақ кинофестиваль күндері оның Францияға баратын-бармайтыны ресми жауапта жазылмаған.

Алексей Азаров – Азаттықтың мәдениет жөніндегі шолушысы.

XS
SM
MD
LG