Accessibility links

Орталық Азияда интернеттің дамуы әртүрлі


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Мамырдың 18-і күні Алматыда Орталық Азия елдеріндегі интернеттің даму мәселелеріне арналған екі күндік аймақтық форум басталды. Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстанның мамандары қатысып отыр.

Форумның алғашқы күні Орталық Азия интернетіндегі сөз бостандығы мәселесіне арналып, мамандар осы саладағы негізгі тенденцияларды айтты. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, көршілес бес елдегі интернеттің даму бағыты – әртүрлі.

ҚАЗАҚСТАН: «ИНТЕРНЕТТІ ШЕКТЕУДІҢ ҮШ ТҮРЛІ ТӘСІЛІ»

Халықаралық ұйымдардың баяндамасына сүйенген құқық қорғаушы Андрей Гришин Қазақстан билігінің интернеттегі сөз бостандығын шектеу әдіс-тәсілдерін үш топқа («баланың ісіне ұқсас» шара, сақтық шарасы, «ересек» амал) бөлді.

Жыл басында Қазақстан үкіметі интернет-кафелердің қызметіне қатысты арнайы ереже қабылдаған еді. Оған сәйкес, азаматтарға интернет-кафеге төлқұжатсыз кіруге тыйым салынып, әрбір тұтынушы өзі кірген интернет-ресурстарды арнайы
Құқық қорғаушы Андрей Гришин. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.
Құқық қорғаушы Андрей Гришин. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.
журналға тіркеп, өзі жөнінде толық ақпарат беруге тиіс. Құқық қорғаушы мамандар тарапынан «өлі ереже» ретінде бағаланған бұл құжатты Андрей Гришин «баланың ісіне ұқсайтын әрекеттер» деп атады.

– Бұл интернет-тұтынушыларға бәлендей зиян келтірмегенімен, құқық қорғау мамандарының назарына ілігіп, түршіктіріп келеді, – дейді ол.

Қазақстанда Eurasia.org, Respublika.info сияқты үздіксіз ашылмай тұрған сайттардың барын айтқан құқық қорғаушы Андрей Гришин «мемлекет алда не боларын білмейді – cондықтан сақтық шараларын артық көрмейді» деп, бұл деректі екінші тәсілге мысал есебінде айтты.

Мемлекет соңғы кездері интернет технологияны да көбірек қолдануға көшкенін айтқан Андрей Гришин мұны «ересек» әдіс-тәсілдер қатарына қосты.

– Шын мәнінде мұның бәрі Жаңаөзен оқиғасына дейін де болған. Өткен жылы ТМД елдерінің прокурорларының жиналысында әлеуметтік желіні бақылау қажеттігі айтылды. Ал Жаңаөзен оқиғасы кезінде Twitter ашылмай қалды. Одан кейін де түрлі сайттарға хакерлік шабуылдар жасалды. «Ересек» тәсілдер деп отырғанымыз – осы. Мұндай тәсілдерді мемлекет Жаңаөзен оқиғасы сияқты өте күрделі жағдайларда қолданады, – дейді Андрей Гришин.

ҚЫРҒЫЗСТАН: «ИНТЕРНЕТ САЯСИЛАНЫП БАРАДЫ»

Орталық Азия елдерінің арасында Қырғызстанда интернеттегі сөз бостандығы салыстырмалы түрде алғанда біршама еркінірек екені айтылды.

Қырғызстаннан келген тәуелсіз журналист Сыягүл Қараманның айтуынша, қырғыз интернеті барған сайын саясиланып келеді.

– Интернеттегі ең қызықты тақырып – саясат, қоғам, төтенше оқиғалар. Бұрын
Форумға қатысушылар. Алматы, 18 мамыр 2012 жыл.
Форумға қатысушылар. Алматы, 18 мамыр 2012 жыл.
интернет қолданушылар жаңалықты жай ғана оқып кететін. Қазір қырғыз тілінде де пікір жазушылар көбейіп келеді, – дейді ол.

Сыягүл Қараман қазір Қырғызстанда қырғыз тілінде жазылған сапалы контентке деген сұраныс өсіп келе жатқанын да айтты. Бірақ бұған интернеттегі жарнама нарықтың дамымауы, мамандардың аздығы, интернет сауаттылықтың жетіспеушілігі, интернет-жобаларды қаржыландыратын донор-ұйымдардың болмауы, т.б. мәселелер бөгет болып отыр.

Оның айтуынша, шамамен 6 миллионнанға жуық тұрғыны бар Қырғызстанда 2 миллион 800 мың интернет тұтынушы бар. Оның бір миллионы – белсенді интернет қолданушы. Елде танымал сайттарға күніне сегіз мыңға дейін адам кіреді.

ӨЗБЕКСТАН: «ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАП ОТЫР»

Өзбекстаннан келген тәуелсіз журналист Гуласал Камолованың сөзіне қарағанда, ол елде ойын-сауық сайттары аса танымал. Бірақ мемлекет тарапынан интернет бақылау да өте күшті.

Оның айтуынша, 29 миллион тұрғыны бар Өзбекстанда шамамен 9 миллион адам интернет тұтынады – оның 4 миллионы интернетке ұялы телефон арқылы қосылады. Елде
Өзбекстаннан келген тәуелсіз журналист Гуласал Камолова.
Өзбекстаннан келген тәуелсіз журналист Гуласал Камолова.
ең танымал ресейлік Odnaklassniki.ru қоғамдық желісіне күніне бір миллионнан астам адам кіреді.

– Бірінші орында – Odnaklassniki.ru, екінші орында – «Мой мир», үшінші орында – Facebook әлеуметтік желісі тұр. Алғашқы екеуінің 600 мыңнан астам қолданушысы бар. Соңғы дерек бойынша Facebook қолданушылары 130 мыңға жеткен, – дейді Гүласал Камолова.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда тек өзбек тілінде 15 әлеуметтік желі ашылған – бірақ ондағы аккаунттарды мемлекет қатаң түрде бақылайды.

– Солардың ең танымалдарының бірі – Muloqot.uz желісі. Атауы «қарым-қатынас» деген мағынаны білдіретін желі – өзбек тілінде. Мұнда Өзбекстандағы тұтынушыны толық бақылауға мүмкіндік бар. Бұл желі аккаунт ашқысы келген адамнан міндетті түрде телефон арқылы кіріп, өз аккаунтын растауды талап етеді. SIM-карта арқылы кодты растағаннан кейін барып аккаунт іске қосылады, – дейді ол.

Гүласал Камоловның сөзіне қарағанда, қазір бұл желінің 25 мың тұтынушысы бар.

ТҮРКІМЕНСТАН: «50 САЙТ – ЗОР ЖЕТІСТІК»

Интернет саласы бойынша Орталық Азияда артта қалып келе жатқан елдердің бірі Түркіменстан екені айтылды. Соғыс және бейбітшілік ұйымының сондағы
Түркіменстандағы интернет-кафе. Ашғабат, 2012 жылдың ақпаны. (Көрнекі сурет)
Түркіменстандағы интернет-кафе. Ашғабат, 2012 жылдың ақпаны. (Көрнекі сурет)
өкілі Инга Сикорскаяның сөзінше, түркімен елінде бар-жоғы 50 сайт бар.

Инга Сикорская билік тек сөз жүзінде ғана интернетті дамыту қажет деп мәлімдейтінін, іс жүзінде оны дамытуға мүдделі болмай отырғанын айтады.

– 2012 жылдың басындағы мәлімет бойынша, .tm зонасында 50 сайт бар. Бұл – Түркіменстан үшін аса үлкен жетістік. 15 интернет кафе бар. Бұрындары интернет сымын тартқызу үшін азаматтар сегіз ай бойы кезекке тұрып, кәдімгідей ақша төлеп, «Түркіментелекомның» қызметіне ие болатын. Қазір бұрынғыға қарағанда жылдамырақ. Ресейлік «МТС» компаниясы елге қайта оралады деген ақпарат та бар. Сондықтан мобилді интернет біршама дамиды деген үміт те жоқ емес, – дейді Инга Сикорская.

Оның айтуынша, Түркіменстанда интернет қолданушылардың саны - 110 мың адам.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG