Кез-келген өзіне беймәлім шет тіліндегі қажетті шағын мәтінді, я үзіндіні немесе жарияланымды Google Translate тегін аударма жүйесі арқылы орыс тіліне тәржімелеп, жалпы мағынасын білуге дағдыланып қалған қазақстандық интернет қолданушылар жетерлік. Олардың көпшілігі – оқытушылар, зерттеушілер, студенттер мен журналистер. Бұл жүйені қазақтілді қолданушылар үшін де пайдалы құралға айналдыру мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді.
Алматылық университет оқытушысы Адам Гроуд пен студент Айнель Мусина – Google аудармамен белсенді шұғылданып жүрген еріктілер. Бұған дейін олар мыңдаған сөз, сөз тіркестері мен қысқаша мәтіндердің аудармасын табумен шұғылданып келген болса, енді олар аударманың келесі сатысына шыққан. Қазір олар аударылған сөздердің сапасына баға береді.
- Мұны орындау өте оңай. Сізге белгілі бір сөз немесе сөз тіркесі беріледі. Сіз бір ғана батырманы басып-ақ сол сөздің аудармасының сапасына баға бересіз, - дейді Айнель Мусина Азаттық тілшісіне монитордан өз жұмысын көрсетіп отырып.
Қазақ тілін әлемдік тегін аударма жүйесі - Google Translate-ке енгізу жұмыстары бірнеше жыл бұрын басталған болатын. Былтыр Google компаниясы қазақ тілін сервиске енгізу бойынша тестілеуді бастаған. Компания қандай да бір тілді аударма жүйесіне қосу үшін нақты бір ғана ұйыммен ынтымақтаспайды, аударма сапасын жақсартуға ниет білдірген барша еріктілерден аударма қабылдай береді. Кейін ерікті сарапшылардың көмегімен ең үздік аударма үлгілерін сұрыптап алады.
Тестілеу жұмыстарын Қазақстандағы үйлестірушілердің бірі, жергілікті Wikibilim қорының дерегінше, бүгінге дейін еріктілердің көмегімен мыңдаған сөз, сөз тіркесі мен қысқаша мәтіндер аударылған. Бұған дейін қарапайым еріктілерді қажет етіп келген қор енді аударылған сөздердің сапасын тексеретін кәсіби мамандарға зәру.
Wikibilim қоры өкілдерінің айтуынша, қазақ тіліндегі Google аудармалардың сапасын бағалауға қарапайым еріктілердің шамасы жетпеуі мүмкін. Сондықтан қор демеушілер тауып, ағылшын тілі мен қазақ тілін терең меңгерген кәсіби мамандар жалдаған. Қор өкілдері қаржылық мүмкіндіктерінің шектеулігіне байланысты ерікті ретінде жұмыс жасайтын кәсіби мамандарды көбірек қажет етеді. WikiBilim қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрғасы Рауан Кенжеханұлы:
- Неғұрлым көбірек мамандар тартылса, қазақ тілінің Google аударма жүйесіне енуі соғұрлым жылдамырақ болады. Қазақ тілін түсінетін алгоритм құру үшін оған көп көлемде аударма қажет. Бұған дейін жасалған аудармаларға мамандар «жақсы» немесе «нашар» деп бағалау арқылы сұрыптап, нашар аударманы жүйеден шығарып, жақсысын негізгі мысал ретінде қолданатын үлгі ретінде сақтап, содан кейін қадам-қадам бойынша алгоритм қалыптастырып шығарады, - дейді.
Оның айтуынша, қазіргі кезде қор еріктілері Google сұратқан аударма жұмыстардың барлығын орындап біткен. Бірақ компания қазақ тілінің нақты қашан аударма жүйесіне енетінін әлі нақ хабарламаған.
- Қазір Google-дің айтуынша, соңғы тестілеу – аударма сапасын қаратуға байланысты жұмыстар жүріп жатыр. Жақын уақытта қосылып қалуы тиіс. Біз де тағатсыздана күтіп отырмыз, - дейді Рауан Кенжеханұлы.
Қазір Google-дің айтуынша, соңғы тестілеу – аударма сапасын қаратуға байланысты жұмыстар жүріп жатыр. Жақын уақытта қосылып қалуы тиіс.
Қазақстанда осы жобаға үлес қосып, өз тәжірибесімен бөлісіп жүрген басқа да тәуелсіз еріктілер бар. Солардың бірі алматылық блогшы Марат Шәкен жақында қазақ тілін Google Translate жүйесіне енгізу бойынша азаматтарға тегін тренинг-сабақтар ұйымдастыруды қолға алғанын әлеуметтік желі арқылы хабарлады. Қазір тренингке қатысуға ниет білдірген азаматтарды тіркеп жатқан ол Азаттыққа осы аптаның аяғында Google аударма жүйесі бойынша дәріс беруді бастайтынын айтты. Оның сөзінше, әзірше жобаға қатысам деген 82 азаматтан ғана өтініш түскен. Тіркеу қазанның 6-сына дейін жалғасады.
Google компаниясының тегін аударма қызметі Google Translate қазір 60-тан аса тілде жазылған мәтіндерді бірінен-біріне автоматты түрде аударып береді. Түркі тілдер арасында әзірге бұл жүйеге тек әзербайжан мен түрік тілі кірген.