Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанындағы "Халық қазынасы" ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істейтін жас зерттеуші Айбар Қасеналин былтыр Білім және ғылым министрлігінен зерттеу жұмыстарына грант жеңіп алған. Ол Астана өңірінің көне тарихын зерттеу жобасына министрліктен 9 миллион теңге сұраған. Министрлік жобаға 4 миллион теңге бөлген.
- Біз қажетті қаржыны 9 миллион теңге деп бердік. Жұмыстарды соған сәйкес жоспарладық. Бірақ оны 4 миллионға қысқартып тастаған. Ғылым комитеті хабарландыруында "өтінім арқылы міндеттемелерді қысқартуға болады" деген. Бірақ бізге "жоба аясында атқарылатын жұмыстар тізімін азайтуға болмайды" деген жауап келді. 4 миллион беріп, 9 миллионның жұмысын сұрау – қорлау ғой, - дейді Айбар Қасеналин.
Жас зерттеушінің айтуынша, Астананың көне тарихын зерттеуді мақсат еткен топ археологиялық-лабораториялық зерттеулер жүргізу, ескерткіштердің үш өлшемді реконструкцияларын жасау тәрізді жұмыстар атқаруды жоспарлаған.
- Бұл жерде шығынды ең көп талап ететіні – баспа өнімдері. Кітап, фотоальбом шығару секілді міндеттер жүктеген. Біз кітап жазамыз ба, әлде зерттеу жүргіземіз бе? Кітап зерттеу қорытындысы ретінде шығуы керек еді. Ақша жетпейді мұның бәріне, - дейді Айбар.
Зерттеуші өз шағымын Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында да жазған. Оның сөзінше, Білім және ғылым министрлігі "бастапқы бөлінген сома азайған жағдайда көрсетілген міндеттерді қайта қарастыруға болады" деп айтқан. Бірақ "ғылыми кеңестің көпшілік дауысымен міндеттер кестесіндегі өзгерістер мақұлданбаған". Қасеналин жобаны "сол шешімді шығарған адамдардың өзі-ақ жүзеге асырсын" деп министрлікке ақшаны қайтарып жатқанын жазған.
Зерттеуші грант қаржысын бекіткен "Ұлттық ғылыми комиссияның құрамы көңіліңізден шыға ма?" деген сұраққа:
- Комиссия субъективті нәрсе ғой. [Құрамында] әр адам болады. Сол шешім қабылдайды, соған сәйкес ұлттық кеңес те шешім шығарады. Мысалы, "мына міндетке осынша ақша жетеді, олар артығымен сұрап тұр" деу үшін қалай есептеуі, не нәрсе негіз болуы мүмкін? – деп жауап берді.
Айбар Қасеналиннің сөзінше, ол танитын бірсыпыра зерттеуші қаржы мәселесіне байланысты ерікті түрде гранттан бас тартқан.
Ал Білім және ғылым министрлігі гранттарды анықтайтын комиссия құруда 2011 жылы қабылданған "Ұлттық ғылыми кеңестер туралы" заңның 8-тармағына cүйенетінін айтады.
"Қазақстандық ғалымдарды кеңестердің құрамдарына іріктеу ғылым саласындағы уәкілетті орган жасаған, соңғы бес жылдағы ғалымдардың Хирш индексі бойынша ранжирленген жарияланымдары тізімінің негізінде жүргізіледі. Бұл ретте кеңестердің құрамдарына осы тізімге сәйкес көбірек Хирш индексі бар ғалымдар іріктеледі. Гуманитарлық, қоғамдық, саяси және әлеуметтік ғылымдар саласында мамандандырылған ғалымдарды іріктеу халықаралық рецензияланатын журналдардағы жарияланымдар негізінде жүргізіледі" делінген министрліктің Азаттық сауалына берген ресми жауабында.
Азаттық фотогалереясы. Көне Талхиз қаласы
"30 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ СҰРАП, 7 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АЛДЫҚ"
Қазір Назарбаев университетінде жұмыс істейтін археолог, он жылғы жуық ғылым саласында еңбек етіп жүрген Айдын Жүнісханов – гранттан ерікті түрде бас тартқандардың бірі. Оның уәжі де Айбар Қасеналиндікіне ұқсас – "ғылыми кеңес атқарылуы тиіс жұмыстар тізімін қысқартуға рұқсат бермеген, ал берген қаржысы оларды іске асыруға жетпейді".
- Біраз іс-шараны қысқарта ма деп, өтініш жіберген едік. Бірақ мақұлдамады. "Қалай бар, солай орындаңыздар" деді. Ертең [ақшаның] сұрауы болады ғой деп, министрлікке "күнтізбелік жоспарды қысқартпасаңыздар гранттан бас тартамыз" деп екінші хатты жібердік. Жауап әлі келген жоқ, - дейді ол.
"Бұрын ешқандай зерттеу жұмыстары жүргізілмеген" Семейді жаңа технологиялар көмегімен зерттеуге тырысып, өткен тарихын жазып шығуды жоспарлаған Айдын "енді бұл нәрселерді іске асыра алмайтынына" қапалы. Олар жобаға көмектесу үшін шақырылған шетелдік маманнан бас тартуға мәжбүр болған.
- Біздің жұмысымыз заманауи, бәсекеге қабілетті емес. Мәселен, Латвиядан тарих факультетінің студентін күтіп алдым. Ол бакалавр дипломын жазу үшін Қазақстанға келіп, Астана іргесіндегі Шағалалы деген қола дәуір қонысынан табылған жануарлар сүйегін зерттеп жүр. Ал біздің ешбір анализі жоқ жұмысымыздың ғылыми сапасы бакалавр деңгейінен де төмен болып қалатын болды. Сондықтан гранттан бас тартуға мәжбүрміз, - дейді ол.
Жоба жоспарын жасап, 18 миллион теңге сұраған зерттеушілер тобына комиссия үш есе аз қаржы – 6 миллион теңге берген.
Азаттық берілген грант қаржысының қысқаруына, конкурстан өткен жобаны зерттеуден бас тартқан ғалымдарға қатысты Ғылым комитетіне сауал жолдады. Олардың сөзінше, Ұлттық ғылыми кеңес грант алған зерттеушіге жобадан бас тартуға рұқсат бермеуі мүмкін. Мұндай жағдайда зерттеуші жобаны жалғастыруы керек немесе жобасын басқа зерттеушіге бере алады. Бірақ оған ғылыми кеңестің рұқсаты болуы шарт.
"Зерттеуші бас тартқан грант қаржысы қалай жұмсалады?" деген сұраққа: "Басқа гранттық жобаға я Ғылым комитетіне қайтарылады" деп жауап берді Комитет.
Ал "осы уақытқа дейін неше зерттеуші гранттан өз еріктерімен бас тартты?" деген Азаттық сұрағын Ғылым комитеті жауапсыз қалдырған.
Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтында жұмыс істейтін, құрамына ғылымда жүргеніне он тоғыз жыл болған Альбина Ержанова енген зерттеушілер тобы жоба қаржысы қатты қысқартылса да гранттан бас тартпайтындарын айтады.
- Қатты азайтты. 30 миллион теңге сұрағанбыз, 7 миллион теңге ғана берді. Бірақ негізгі жалақымыз осы гранттан болғандықтан, одан бас тарта алмаймыз. Міндеттемелеріне қатты өзгеріс жасатпады, сол күйінде қалдырды. Қатты өзгертуге проблема бола ма деп қорықтық. Бір-екі кітап, реставрацияны алып тастадық. Оған рұқсат берді. 7 миллион теңгеге 400 беттік монография шығару қиын ғой, - дейді ол.
Ержанованың сөзінше, жобасы өткен зерттеу топтарының ешбірінде "10 миллион теңге деген ақша жоқ".
- [Ұлттық ғылыми кеңестен] жобасы өткендер арасында 5 миллион теңге алғандар да бар. Көбі сол 7-8 миллион теңге алған. Олар да бас тарта алмайды, - дейді ол.
Альбина Ержанова гранттан бас тартып жатқандардың "негізгі алатын айлығы бар, ал біз бас тартсақ – жалақысыз қаламыз" деп түсіндірді.
Басқалары грант алғандарына "тіпті аз болса да отбасын асырауға айлығымыз болады" деп қуанды. Басқалар да амал жоқтан келісіп отыр. Енді не істейді?
- Бүтін бір институттың қаншама адамы жұмыссыз қалады. Сондықтан ешкім бас тартпайды. Басқалары грант алғандарына "тіпті аз болса да отбасын асырауға айлығымыз болады" деп қуанды. Басқалар да амал жоқтан келісіп отыр. Енді не істейді? Жұмыс істеу керек. Амал жоқ, тырысып бағамыз. Ақша керек. Жұмыс істеу керек. Ең бастысы сол – аш қалмау керек, отбасын бағу керек, - деп қынжылады зерттеуші.
Альбина Ержанова амалдың жоқтығынан жобаны зерттеуде "бұрын жинаған материалдарды қолданатынын" айтады.
- Жезқазғаннан Ұлытау жаққа бара жатқан қонысты зерттейміз. Бұрын тұтас бір үйді алсақ, енді үйдің шетін ғана қазамыз. Себебі, 10 адаммен үлкен шаршы метрді ала алмайсыз. Жоспарымыз басқаша еді, - дейді ол.
Ғылыми комитеттің мәлімдеуінше, күнтізбелік жоспарды қысқарту туралы түскен 613 өтінішке рұқсат берілген, 73 өтініш қанағаттандырылмаған.
"НЕ БОЛСА ДА ОРЫНДАЙМЫЗ"
Азаттық тілшісі басқа зерттеушілердің қаржысы қаншалықты қысқарғанын білмек болып бірнеше ғылыми институтқа хабарласты. Журналистің сұрағын естіген бірнеше адам сөйлесуге ықылас танытпады. Тек өзін Анар Асановамын деп таныстырған математика және математикалық модельдеу институты қызметкері ғана "Сізге жалған ақпарат жеткен" деп жауап берді.
- Біздің [жоба міндеттемелерін] қысқартты. Ақпаратыныңыз шындыққа сәйкес келмейді. Басқа институттарда да өзгертуге рұқсат берді. Бірақ біз өзіміздікін не болса да орындаймыз деп, қысқартқан жоқпыз. Кейбір ауқымды жобаларды қысқартуға келмейтіндей ерекшелігі болған шығар, - дейді ол.
Былтырғы конкурстан грант жеңіп алған Анар Асанова түрлі себеп бойынша қаржы әлі түспегенін, "жақында алып қалармыз деп үміттеніп отырғандарын" айтты.
Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты талдау, консалтинг және коммерцияландыру бөлімінің меңгерушісі Біржан Рахымжановтың сөзінше, "берілген қаржы қысқарған соң, күнтізбелік жоспардың қысқарғаны туралы ғылыми кеңестің бірнеше хаттамасын көрген". Ол "шетелде бір ғалымға бөлінетін ақшаның Қазақстандағы бір гранттық жобаға беріліп жатқанына" қынжылыс білдірді.
- Мысалы, 4 мың жоба өтініш берді. Ғылыми кеңес министрліктің "сұралатын қаржы 20 миллион теңгеден кем болмауы керек" деген талабы бойынша әрбіріне тиісті соманы бөліп берсе, 450 жоба ғана қаржы алуы қажет. Гранттық жоба көп болды. Олар "ананың да, мынаның да көңілі қалмасын", "ғалымдар дымсыз қалмасын" деп ойлады, - дейді маман.
Өткен жылы Ұлттық ғылыми кеңес гранттық қаржыландыру конкурсына келіп түскен 4884 жобаның 1781-ін мақұлдаған. Елде ғылыми жобаларды грант негізінде қаржыландыру көлемі үш жылдан бері азайып келеді. Мәселен, 2015 жылы 16,8 миллиард теңге, 2016 жылы - 14,8 миллиард теңге, 2017 жылы - 10,7 миллиард теңге бөлінген.