Accessibility links

Поштасы бұзылғандар әртүрлі жорамал айтты


Хакер. (Көрнекі сурет)
Хакер. (Көрнекі сурет)

Бірқатар белсенділер мен құқық қорғаушылар электрондық пошталары бұзылғанын хабарлады. Олардың арасында мұндай оқиғаға бұрын тап болған азаматтар да бар.

Қоғамдық белсенді Бақытжан Төреғожина Азаттыққа қазанның 21-і күні электрондық поштасына бөтен біреулер бұзып кіргенін айтады.

– Жексенбі, қазанның 20-сы күні сағат 15.07-де поштамнан барлық таныстарыма менің атымнан хат жіберіліпті. Түсініксіз файл. 200-ге тарта таныстарыма кетіпті, содан кейін бірден Facebook-ке жазып, «менен хат келсе ашпаңдар» деп хабарладым, – деді «Ар. Рух. Хақ» ұйымының төрайымы Бақытжан Төреғожина.

ТӨРЕҒОЖИНА: «БҰЛ БЕЛСЕНДІЛІГІМЕ БАЙЛАНЫСТЫ»

Ол бірер жыл бұрын билікке қарсылық митингтерін ұйымдастырып жүрген кезінде Mail.ru-дағы поштасы, Skype-ы бұзылып, жұртқа өз атынан түсініксіз файлдар жіберілгенін еске алды.

– Үш жыл бұрын «ең сенімдісі – Gmail.com» деген соң поштамды сонда
«Ар. Рух. Хақ» ұйымының төрайымы Бақытжан Төреғожина. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.
«Ар. Рух. Хақ» ұйымының төрайымы Бақытжан Төреғожина. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.
ашқанмын. Мұндай жағдай соңғы үш жылда бірінші рет болып тұр, – дейді Бақытжан Төреғожина.

«Сандар мен әріптерді араластырып, мейлінше күрделі пароль қойғанын» айтқан белсенді осы жолы поштасының бұзылуына өзінің белсенділігі себеп болды-ау деп тұспалдайды.

– Мен барлық заң бұзушылықтарға қатысты БҰҰ-ға арыз түсіріп келемін. Екіншіден, қазанның 19-ы күні БҰҰ-ның арнайы баяндамашысына 14 күннен бері Астанада аштық жариялап жатқан Есенбек Өктешбаевтың жағдайына араласуын сұрап, арыз жазғанмын. Меніңше, дәл осы БҰҰ-ның деңгейінде үлкен заңгерлік жұмыс жүргізіп жатқанымыз – поштаның бұзылуына бірден бір себеп, – дейді қоғамдық белсенді Бақытжан Төреғожина.

ЖОВТИС: «КӘСІБИ ҚЫЗМЕТІМЕ БАЙЛАНЫСТЫ»

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис те электрондық поштам бұзылды деп санайтын азаматтардың бірі. Ол поштасына қазанның 20-сы күні қырғызстандық таныс
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 6 қыркүйек 2013 жыл.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 6 қыркүйек 2013 жыл.
құқық қорғаушыдан күдікті файл келгенін, бірақ оны ашпай, жойып жібергенін айтады.

– Осыдан кейін менің адресімнен барлық таныстарға шпиондық вирус кетіп жатты. Мен бизнеспен айналыспаймын, сондықтан мұны интернеттегі алаяқтық деп ойламаймын. Бұл әрекет менің кәсіби қызметіммен тікелей байланысты. Бірақ оны кім және не үшін жасағанын білмеймін, – дейді Евгений Жовтис.

Жовтистің Facebook аккаунты мен электрондық поштасы биыл көктемде де бұзылған еді. Құқық қорғаушы оларды қайта қалпына келтіргенімен, ішіндегі барлық ақпаратын жоғалтып алғанын хабарлаған. Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро мамандары Жовтистің поштасын хакер Нигерияда отырып бұзғанын анықтағандарын айтқан.

ГРИШИН: «ЕШҚАНДАЙ АСТАРЫ ЖОҚ»

Құқық қорғаушы Андрей Гришиннің де электрондық поштасы бұзылып, таныстарына файлдар жіберілген. Бірақ оның пікірінше, «бұл жайттың астарында айтарлықтай ешнәрсе жоқ».

– Жалғыз менікі емес, Gmail.com-да поштасы бар ондаған адамның, оның ішінде
Құқық қорғаушы Андрей Гришин. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.
Құқық қорғаушы Андрей Гришин. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.
шетелде тұратын, саясатқа, қоғамдық өмірге еш қатысы жоқ таныстарымның да поштасы бұзылыпты, – деді Андрей Гришин Азаттық тілшісіне.

Ол «аккаунтты бұзу жалпының басында болатынын», «өзіне жарнамалық сипаттағы файл таратылғанын» айтады.

Қазақстанда электрондық поштаны, әлеуметтік желідегі жеке адам мен топтардың парақшаларын бұзып кіру фактілері бұған дейін де болған. Мәселен, 2012 жылы Facebook-те құрылған «25 ақпан – қарсылық күні» («25 февраля – день несогласия») атты қауымдастықтың парағына хакерлік шабуыл жасалып, қолданушылар мен мүшелер парақшаға кіре алмай қалған. Қауымдастық модераторының поштасы да бұзылып, оның атынан поштадағы барлық контактілерге спам жіберілген.
XS
SM
MD
LG