Accessibility links

Қазақстанның медицина саласында жемқорлық өршіп тұр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Мамандардың айтуынша, медицина саласындағы жемқорлық мәселесі күннен күнге ушығып бара жатыр. Социологтар мен политологтар ассоциациясы, Transparency International қоғамдық қоры соңғы үш жылда жүргізген әлеуметтік зерттеулер нәтижесі Денсаулық сақтау министрлігі республиканың ең жемқор мемлекеттік органдарының қатарында тұрғанын көрсетті.


2010 жылғы жемқорлық деңгейін анықтауға арналған зерттеулер нәтижесінде қызмет көрсету нарығының түрлі сегменттері бойынша халықтың ойынша ең жемқор мемлекеттік органдардың ішінде денсаулық сақтау саласы екінші орынға ие, ал мамандардың пікірінше, ол бірінші орынға табан тіреген.

«Аяғым ауыр болғандықтан тіркеуге тұру үшін ауруханаға бардым. Алдын ала 15 мың теңгеге келіскенбіз, кейін тіркеу қағазым болмағандықтан 20 мың теңге бердім. Дәрігер пара туралы ашық айтты», – дейді Алматы қаласының тұрғыны, екі баланың анасы Ақмарал Байбосынқызы.

«Қатты ауырып, жедел жәрдем шақырдық. Олар өтімде тас бар екенін айтып, жоспарлы операция мерзімін белгіледі. Ол уақытылы өтті. Өтімді алып тастады. Жарты жылдан кейін қайтадан қатты ауырып тағы да жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізді. Сонда өт тасымен бірге орнында тұрғаны анықталды. Алдыңғы операция жасаған хирургқа барып едік, ол қандай да бір жауап беруден бас тартты. Барлығын дұрыс жасағанын айтты. Мен осы оқиғаны журналистерге айттым. Мақала жарық көрді. Сол хирург менің және газеттің үстінен сотқа шағым түсірді. Соттан ол жеңіп шықты. Ал сот маған және газетке айыппұл салу керек деген шешім шығарды. Дәрігер 500 мың теңге сұраған, ал сот 50 мың теңгемен шектелді. Бұл үлкен сома емес, бірақ біз операция үшін көп бердік. 60 мың теңгені дәрігерге операция жасағаны үшін рақмет ретінде берген едік», – деді Алматы қаласының тұрғыны Дмитрий Данилов.

«Преодоление» қоғамдық ұйымының директоры Виктор Хан Дмитрий Даниловтың оқиғасы қылмыстық іс ретінде қарастырылуы керек дейді.

«Кезінде бір дәрігер маған «жақсы емде, сонда сен ешқашан кедей болмайсың» деген еді. №4 қалалық ауруханада мен бір науқастың баласымен таныстым. Одан хирург маман «Мерседес» көлігін талап еткен екен. Ол әуреленіп ақша таппай жүргенде оның әкесі қайтыс болды. Тағы бір оқиғаның куәсі болдым. Науқастың қызына дәрігер «Ақысыз операция жасаған кезде қолым қалтырайды» деп айтты», – деді ол.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Бауыржан Байсеркин медицина қызметкерлері арасындағы пара алу фактілері бар екенін мойындады. Ол осы ретте министрлік бірқатар шешімдер қабылдап отыр дейді.

«Иә, мұндай оқиғалар тіркелді. Біз мұнымен қатал түрде күресеміз. Расында дәрігерлердің жалақысы аз. Бұны шешудің жолы – медицина қызметкерлерінің жалақысын олардың жұмыс нәтижесі бойынша бағалап белгілеу жүйесін енгізу керек деп ойлаймын. Дәрігерлердің жұмысын нәтижелігіне қарай бағалаумен айналысамыз», – деді Бауыржан Байсеркин.

«Денсаулық» хабарын мына жерден тыңдай аласыздар

please wait

No media source currently available

0:00 0:12:30 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG