Accessibility links

Бүлінген жолдарды бағдарлама анықтайды


Жөндеу көрмеген жол. Көрнекі сурет
Жөндеу көрмеген жол. Көрнекі сурет
Facebook Like және Share түймелеріне байланысты сотқа берілді. Өткен жылы Марсқа қонған аппарат ғаламшар топырағын қазып зерттей бастады. Ғылым мен технология жаңалықтарын оқыңыз.

ИДЕЯНЫ ДАУЛАУ

Rembrandt Social Media компаниясы Like және Share түймелерін рұқсатсыз қолданғаны үшін Facebook-ті сотқа берді.

Компания заңгерлерінің айтуынша, бұл функцияларды холдингпен әріптес болған голландық программист Джонс Жозеф Эверардус ван Дер Меер (марқұм) 1998 жылы патенттеп, өзінің Surfbook әлеуметтік желісінің сайтына қолданған.

Facebook компаниясының негізін қалаушылардың бірі Марк Цукерберг. АҚШ, 15 қаңтар, 2013 жыл
Facebook компаниясының негізін қалаушылардың бірі Марк Цукерберг. АҚШ, 15 қаңтар, 2013 жыл
- Rembrandt Social Media-ның патенттері - әлеуметтік желінің маңызды бөлігі. Судьялар мен сот алқасы да дәлелдерге сүйене отырып осындай қорытынды жасайды деп есептейміз, - дейді компания заңгері Том Мелшеймер BBC-ге.

Шағым иесі идеяны қолданғаны үшін Facebook-тен 2021 жылға дейін тұрақты төлем төлеуді талап етіп отыр.

Әрбір Facebook қолданушысына таныс Like және Share түймелері жазбаларға «ұнату» белгісін қойып, бөлісуге мүмкіндік береді.

Facebook - бір миллиардтан астам қолданушысы бар, әлемдегі ең ірі әлеуметтік желі. Оның ең көп қолданушылары АҚШ-та, Қытайда шоғырланған.

Идея ұрлағаны үшін әлеуметтік желіні жиі айыптайды. 2012 жылы Facebook компаниясына қарсы 20 шақты арыз түсірілген.

МАРС ТОПЫРАҒЫ ЗЕРТТЕЛЕ БАСТАДЫ

Өткен жазда Марсқа қонған НАСА аппараты Curiosity («Кьюриосити») тарихта тұңғыш рет планета топырағын қазып зерттей бастады.

Аппарат небәрі 6,35 сантиметр қазса да, ғалымдар мұның ұлы жаңалыққа балайды.

НАСА аппаратының Марстан түсірген суреті. 7 қаңтар, 2013 жыл
НАСА аппаратының Марстан түсірген суреті. 7 қаңтар, 2013 жыл
- Ең соңғы үлгідегі робот қазіргі кезде Марста тұтастай сараптама лабораториясының жұмысын атқарып жатыр. Өткен жылдың тамыз айында Марсқа қонғаннан бергі бұл Curiosity командасы үшін расымен де ірі жетістік, - дейді НАСА өкілі Джон Грансфелд National geographic-ке.

Ғарыштан тіршілік белгісін іздеп жүрген ғалымдар аппаратқа ең бірінші судың ізі бар жерді қазғызған.

Аппарат ондағы топырақ үлгілерін алып, оған екі түрлі анализ жасайды: әуелі топырақ құрамын анықтайды, содан соң онда тіршілік белгілері болған ба, соны анықтап көрелі.

Сараптама аппараттағы SAM (Sample Analysis of Mars) лабораториясында жасалады. Әуелі қызыл ғаламшардан алынған топырақ үлгілерін 1093 градусқа дейін қыздырып, топырақ құрамындағы тастарды буға айналдырады. Мұнан соң газдардың құрамы мен олардың «тарихына» сараптама жасалады.

ШҰРЫҚ-ТЕСІК ЖОЛДАРДЫ ЖӨНДЕУГЕ КӨМЕКТЕСЕТІН ПРОГРАММА

АҚШ-тың Мэриленд университетінде (University of Maryland, College Park) Йон Фрэлих (Jon Froehlich) бастаған зерттеушілер тобы шұрық-тесік жолдар мен жолдардағы түрлі бөгеттерді жөндеуге көмектесетін бағдарлама жазып шықты.

Бұл бағдарлама Google Street View көмегімен жөнделуі тиіс жолдар мен тосқауылдарды, пандусы жоқ жерлерді, т.с.с. орындарды картада белгілеп анықтауға мүмкіндік береді

Newscientist.com сайтының жазуынша, зерттеушілер 400 еріктіге тренинг өткізіп, бағдарламаны практика жүзінде сынап көрген. Еріктілер белгілеген ақпараттың 93 пайызы дұрыс болып шыққан.

Зерттеу тобы бағдарламаны әрі қарай жетілдіруді мақсат етіп отыр. Олардың айтуынша, егер компьютерлік алгоритмдер жолдағы тесіктерді неғұрлым дәл тапса, онда бағдарламаның келесі түрінде еріктілерді тартудың да қажеті болмайды.

Бұл жобаға қазірдің өзінде АҚШ-тың көлік министрлігі қызығып отыр. Олардың айтуынша, бұл жоба жөнделуі тиіс жолдарды тезірек тауып, уақытты үнемдеуге көмектесуі мүмкін.

Зерттеушілер алдағы уақытта көшедегі камераларды да іске қосуды жоспарлап отыр.

«Бұл жобаның FixMyStreet-пен ұқсастықтары көп екен. Онлайн технологиялар өзге жолмен үнін жеткізе алмайтын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өте қолайлы» дейді Лондондағы FixMyStreet.com жобасымен айналысатын үкіметтік емес ұйым өкілі.

FixMyStreet.com – көшедегі проблемаларды тіркеп отыруға арналған сервис.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG