Нұра ауданы Ахмет ауылының тұрғыны 34 жастағы Николай Синявин Нұра аудандық полиция бөлімшесіндегі тергеуден соң мойын омыртқасы сынып, белі мен басына зақым келіп, мүгедек болып қалған. Николай Синявин полицияның үш қызметкері өзіне «ұрлық жасадым деп мойындату үшін физикалық және психикалық зақым келтірді» дейді.
Синявин прокуратураға өтініш берген соң, қылмыстық іске қатысты тергеу жұмыстары бір жылға созылып, биыл 7 шілдеде басталған. Нұра аудандық соты 22 шілде күні түнге қарай Нұра аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы үш полицейін «Алдын ала келісім бойынша топ болып адам азаптады" деген айыппен үш жылға соттады.
Сотталған үшеуі де учаскелік инспекторлар, 27 жастағы лейтенант Нұрәлі Бегімбаев Майоровка селосында, 31 жастағы капитан Мақсат Байтілеуов Ахмет ауылында, ал 37 жастағы майор Берік Тақсынбаев Шахтер селосында қызмет істеп келген.
Тергеу барысында олар "қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіргені үшін" қызметтен босатылған. Сот айыпталушылардың өздерін қамауға алмауы үшін өткізген ақшаларын қайтармауға шешім шығарды.
- Сот полицейлерді жазасын үш жыл жалпы режимдегі колонияда өтеуге және ішкі істер органдарында қандай да бір лауазымды қызметтер атқару құқығынан айыруға үкім етті. Енді олардың жазасын қай колонияда өтейтіні туралы мәселе шешілмек. Үкім 15 күннен кейін күшіне енеді. Бір куәгерге қатысты істі сот жалған куәлік бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдауға Нұра аудандық прокуратурасына жолдады, - деді Азаттыққа істі қараған судья Сәлім Жүпенов.
Үкім жарияланған соң сот залында бұрынғы полицейлердің қолдарына кісен салынып, оларды айдауылмен әкетті.
Николай Синявин Азаттыққа сот шешіміне қанағаттанатынын білдірді.
- Анам екеуміз прокурор мен судьяның істі шынайы қарап, әділ шешім шығарғанына ризамыз. Полицейлер істеген ісінің жазасын алды. Бұл өзгелерге бассыздық істемеуге сабақ болатын шығар, - деді Николай Синявин.
Полицейлер өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Үкім жарияланатын сот отырысына айыпталушылардың адвокаты Павел Фейст қатысқан жоқ. Адвокат Азаттық тілшісіне комментарий беруден бас тартты.
Жәбірленушінің анасы сотқа моральдық және материалдық шығынды өндіріп беру туралы шағым түсіретінін айтты.
Николай - бойдақ, әке-шешесімен бірге тұрады. Денсаулық жағдайына байланысты жұмыс істей алмайды. Оған посттравматикалық эпилепсия деген диагноз қойылған. Шешесінің сөзінше, Николайдың белі жазылмайды, ем-домы мен реабилитациясына қаржы керек. Николай Синявин басы үнемі ауырып, қан қысымы көтеріліп тұратын болғасын Қарағандыға ауруханаға жатпақшы.