Accessibility links

«Адамды құжатсыз қалғаны үшін бостандығынан айыруға болмайды»


Алматыдағы әкімшілік сот алдында тұрған өзбек босқындары мен полицей. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы әкімшілік сот алдында тұрған өзбек босқындары мен полицей. (Көрнекі сурет)

Құқық қорғаушылардың дерегінше, Қазақстандағы азаматтығы жоқ адамдардың проблемасының кесірі бала-шағаларына да тиіп жатыр. Ал құжатсыз жандардың көретін әуресі олардыкінен де көп.

Қазақстандық құқық қорғаушылар елде азаматтығы не құжаты жоқ адамдардың көп қиындыққа жолығатынын айтады.

Адам құқығы бюросы директорының орынбасары Денис Дживаганың сөзінше, азаматтығы жоқ әке-шешенің басындағы құжат қайғысы балаларына көшеді.

– Азаматтығы жоқ ерлі-зайыптылардың Қазақстанда туған баласы заң жүзінде осы елдің азаматы болып танылуы керек. Бірақ іс жүзінде көбінде ресми органдар оған да «азаматтығы жоқ адам» деген куәлік береді. Яғни біз азаматтығы жоқ адамдарды өзіміз көбейтіп жатырмыз, – дейді Денис Дживага.

Құқық қорғаушының дерегінше, Қазақстанда 6500-ден астам азаматтығы жоқ адам бар, олардың 80 пайызы осы елде туған.

Қазақстандағы азаматтығы не құжаты жоқ адамдардың, босқындардың мәселесі «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қоры мен Қазақстандағы адам құқығы бюросы АҚШ елшілігінің демеуімен өткізген дөңгелек үстелде де сөз болды. Жиында сөйлеген құқық қорғаушылардың дерегінше, Қазақстанның постсоветтік елдермен шекаралас елді мекендерінде азаматтығы жоқ адамдар көбірек кездеседі. Олардың арасында бұрынғы Совет Одағы кезінде алған құжаттарын ауыстыра алмай жүрген азаматтар да көп.

Қазақстандағы адам құқығы бюросы директоры орынбасары Денис Дживага.
Қазақстандағы адам құқығы бюросы директоры орынбасары Денис Дживага.

Бірақ адам құқығы бюросының өкілі Денис Дживаганың айтуынша, мүлде құжаттары жоқ азаматтардың проблемалары азаматтығы жоқ адамдар жолығатын қиындықтан да күрделі.

– Құжатсыз адамдар анықтама алудан бастап көптеген бітпес қиындықтарға кезігеді. Кей кезде жай ғана адамның аты жөнін анықтау мәселесі туындайды, себебі тіпті туу туралы куәлігі де болмайды. Мұндай жағдайда полиция аты-жөнін анықтау туралы қаулы шығарып, жеке деректерін анықтай бастайды. Іс жүзінде азаматтығы жоқ адамның шаруасы бір жылға, кейде екі-үш жылға созылып кетеді, – дейді ол.

Денис Дживаганың айтуынша, құжаты жоқ адамдарды анықтау күрделі шаруа болғандықтан олардың саны туралы ресми дерек жоқтың қасы.

– 2010 жылғы санақ бойынша, олардың саны 50 мыңға жуықтаса, кейбір деректер бойынша 20-30 мыңдай болады, – дейді құқық қорғаушы.

«Халықаралық құқықтық бастама» қорының президенті Айна Шорманбаеваның айтуынша, құжаты жоқ азаматтар заң бұзушылықтарға жиі тап болады, құқықтарын білмейді, өздерін қорғауы тиіс полициядан қорқады, үкіметтік емес ұйымдарға көбірек сенеді, тіпті ресми органдар тарапынан дискриминацияға ұшырайды.

«Халықаралық құқықтық бастама» қорының президенті Айна Шорманбаев.
«Халықаралық құқықтық бастама» қорының президенті Айна Шорманбаев.

– Біз советтік кезеңнен қалған қабылдау-бөлу орындарына мониторинг жүргіздік. Полиция ол жақта құжат бермейді, №1 деген форма сұрайды. Ол құжатта адамның бұған дейін бөлімде болғаны туралы белгі тұрады. Адамдарды бір ай сонда ұстап, босатып жібереді, – дейді Айна Шорманбаева.

Құқық қорғаушының дерегінше, құжатсыз адам көп ұзамай полицияның қолына қайта түсіп, тағы да бір ай қамалып, бейнеті осылайша жалғаса береді.

– Сондықтан бұл жүйені реформалау қажет. Ешқандай негізсіз, тек құжаты жоқ болғаны үшін ғана адамды бостандықтан айыруға болмайды. Бұл – дискриминация, – дейді Айна Шорманбаева.

«Халықаралық құқықтық бастама» қорының президенті «Қазақстанда құжатсыз жүрген адамдар да – босқындар сияқты қорғансыз,оларға әртүрлі заңсыздықтардың бұрынғы не болашақ құрбандары деп қарау керек» деп біледі.

Жиынға келген құқық қорғаушылардың сөзінше, халықаралық ұйымдар Қазақстанға «азаматтығы жоқ адамдарға қатысты мәселені толық шешу үшін халықаралық конвенцияны қабылдаңдар» деген ұсыныс айтқан, бірақ ел әзірге шешім қабылдамаған. Сондықтан азаматтығы жоқ адамдардың мәселесі ішкі заңдар мен кейбір елдер арасындағы өзара келісімдер арқылы, кейде құқық қорғаушылардың араласуымен шешіліп жатқанын айтқан мамандар бұл жеткіліксіз деп біледі.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG