Иштванның сөзіне қарағанда, бұған дейін ол "Алтын Адамнан Атиллаға дейін" жобасымен Есік қаласынан Венгриядағы Атилланың мекені аталып кеткен жерге атпен барған. Ол «кейін Бадпештен Астанаға атпен келгенін, ал осы жолғы сапарында атпен Бакуге жетіп, Каспийді кемемен кесіп, Астанаға атпен Ақтаудан шыққанын» айтты. Оның айтуынша, Астанаға ЭСКПО қарсаңында – маусымның басында жеткен. Бенце Иштванның негізгі мамандығы – тіс дәрігері. Бірақ оның Венгрияда «жылқы ұстап отырғанына 20 жыл болған». Отбасында үш ұлы бар саяхатшы келер жылғы сапарын Астанадан бастап, Моңғолиядағы Қарақорым қаласында аяқтауды жоспарлап отыр. Арғы жылы Оңтүстік Корея аспақ.
Венгриядағы кей азаматтар ата-бабалары қазақ халқының да қалыптасуына үлес қосты деп саналатын ежелгі ғұн тайпаларының қолбасшысы Атилланың («Еділ» деп те атайды – ред.) бастауымен қазіргі Венгрия жеріне қоныс аударған деп біледі.
Оқи отырыңыз: Ғұн тайпасының ізімен Қазақстанды атпен аралап жүрген венгр қыпшақтары оңтүстікке келді
Азаттық: – Көлік қатынасы дамыған заманда алыс сапарларға атпен шығуыңыздың сыры неде?
Бенце Иштван: – 1999 жылы Венгрияда «Құман-қыпшақтар одағы» деген ұйым құрылды. Соның алғашқы делегациясының құрамымен Қазақстанға келген кезде көп нәрсеге көзім жетті. Ел-жұрт, жер маған қатты ұнады. Әрине, ол кезде елдің экономикасы қазіргіден гөрі тоқырау кезеңінде болды. Бірақ дәстүр-салттар бұрынғы қалыбын сақтағандай болып көрінді. Ал енді ұзақ сапарларға атпен шығу жайлы сауалға келсек, қазір адамдардың көбі іші бос, кеуек дүниеге басым назар аударып жатыр. Тарихи құндылық мүлдем басқаша. Шындығында ата-бабаларымыз аттың жалында өсіп, салт атпен қос құрлық (Еуропа мен Азияны айтады – ред.) арасында сапар шегіп, көптеген тарихи-мәдени жетістіктерге қол жеткізген. Мен сол өткен тарихқа қазіргі адамдардың назарын аударып қана қоймай, халықтар арасындағы тарихи туысқандық бар екенін, оны қайтадан жаңғырту керек екенін аңғартқым келеді. Екінші бір себебі бар, ол мадиярлар (Венгриядағы тұрғындарды айтады – ред.) - салт атты мәдениет жұрнағы бар елден шыққан жұрт. Сондықтан мадиярлардың санасында мәдени культ әлі өшкен жоқ. Мажарстанда (Венгрияны айтады - ред.) жылқы аз. Сондықтан оны жеуге рұқсат берілмейді. Бірақ санамызда жылқының үлкен орны бар. Сол себепті бір кездегі «салт аттылар мәдениетінің» өкілі ретінде соны әлемге паш ету.
Азаттық: – Тіс дәрігері – әулеттеріңіздің мамандығы екенін айтып қалдыңыз. Бірақ сонымен қатар шағын жылқы шаруашылығыңыз да бар екен. Жылқы ұстаумен айналысқаныңызға қанша уақыт болды, жылқы түлігін қаншалықты танып, біле алдыңыз?
Бенце Иштван: – Иә, әулеттің негізгі кәсібі – тіс дәрігері. Екі ұлым да осы салада. Сонымен бірге, жылқы - күнделікті ермегіміз және екінші кәсібіміз. 20 жылдан бері жылқы өсіріп, салт атпен сапарлап келе жатырмын. Бірақ осы салада кәсіби маманмын деп айтпаймын. Сонда да 20 жыл ішінде жылқының мінезі мен жүріс-тұрысына қатысты біраз дүниені үйрендім. Мәселен осы атпен шыққан сапарларымда 100-ден астам атқа міндім. Сонда олардың әрқайсысының тұқымы, жүрісі, мінезі адамның танымын белігілі деңгейде өсіреді. Сондықтан, өзімді кәсіби маман демесем де орта деңгейдегі маман ретінде танимын.
ВИДЕО: Астанаға атпен келген Иштван
Азаттық: – Қазақ пен венгрлер арасындағы жылқы мәдениетінің айырмашылығы қандай?
Бенце Иштван: – Егер Еуропа тарихында мадиярлар Карпат тауының қойнауындағы өзінің мемлекеттілігін 1100 жыл сақтап тұрса, ол осы жылқы мәдениетінің арқасы. Мадиярларда ат мініп соғысу өнерінің алуан түрлі тәсілі бар. Бірақ бұл мәдениет тек бізде ғана емес, Орталық Азияда да қатар дамып отырған. Әрқайсысының өзіндік даму ерекшелігі бар. Сол секілді қазақтың жылқы мәдениетінің де өз даму жолдары бар. Сол себепті екі елдегі жылқы мәдениетінің де өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері бар.
Азаттық: – Будапештен Бакуге немесе Ақтаудан Астанаға дейінгі атпен сапарыңызда қандай қиындықтарға ұшырастыңыз?
Бенце Иштван: – Бірінші мәрте, 2009 жылы «Алтын адамнан (Есік қаласынан) Аттилаға дейін», яғни Венгрияның солтүстігіне дейін, ал екінші рет сол жақтан Астанаға дейін жүрдім. Биылғы сапарым - қазақ жеріндегі үшінші сапарым. Осы сапарларда қиындықтар жиі кездесті. Ең үлкен қиындық – алты мың, үш мың, екі мың шақырымдық жерлерге жүру. Екі ай, үш ай жол жүру адамды шаршатады. Бірақ уақыт өте келе бұған да адам үйренеді. Бірақ бұдан да қиын нәрсе – аптап ыстық. Аптап ыстықта атпен жүру өте қиын екен. Мәселен, осы жолы Ақтаудан Астанаға дейінгі жүріп өткен жолымызда 50 градустық ыстықтар болды. Ондай ыстықта суық су алып жүре алмайсың. Онан кейін мінетін аттардың мінез-құлқы мен жай-жапсары. Мысалы алғаш қосарға алып шыққан аттарымның бірі улы шөп жеп, өліп қалды. Ат теуіп, аяғымды жарақаттап алған кезім де болды.
Азаттық: – Қазақстандағы сапарыңызда жергілікті тұрғындармен қалай тіл табысып жүрсіз?
Бенце Иштван: – Қазақстанға көп келгендіктен болар, жергілікті қазақтардың сөздерінің көбін түсінемін. Аздаған орыс тілім бар. Нені айту керек, не қажет екенін білемін. Сонымен бірге ағылшын тілім де бар. Жергілікті жердегі әкімшіліктердегі қызметкерлердің арасынан ағылшын тілін білетін жастар жиі кездеседі.
Азаттық: – Қазір аттан гөрі машинаға құмар жастар өсті. Қазақстанда жылқыны көбінесе күнкөріс көзі немесе мал бағу құралы ретінде, онан қалса бәйгеге қосу үшін ұстайтын болды. Ал Венгрияда қалай?
Бенце Иштван: – Жаһандану дәуірінің екпіні өте қатты. Біз мына сығымдалған, өте жылдам өтетін уақыт заманында өмір сүріп отырмыз. Қазір бар нәрсені жылдам жасауға әуеспіз. Яғни, мұндай жаһандану дәуірінен ешкім де құтыла алмайды. Бізде де жағдай осыған ұқсас. Егер бізде жағдай басқаша десем, осындай алыс сапарға жалғыз шықпас едім. Тым болмағанда 10 адам болып жүрер едік.
Азаттық: – Қазақстанда ат спорты ерекше дамып кетпесе де үзіліп қалған жоқ. Венгрияда ат спортының қандай түрі дамыған?
Бенце Иштван: – Мадиярларда «салт аттылар» культі бар деп қайта-қайта айтып отырмын. Бірақ жоғалтқанымыз да көп. Біразын қалпына келтіріп жатырмыз. Мысалы, соңғы төрт онжылдықта мадиярлар арасында ат үстінен садақ тарту, жамбы ату тәрізді нәрселерді қалпына келтірдік. Бұл салада мадиярлар қазір әлемнің алдыңғы қатарында. Сонымен қатар, өзім басқаратын жерлігілікті қордың атынан көкпар, аударыспақ секілді ат спортын жандандырып жатырмыз.
Азаттық: – Жылқыға ерекше құрметпен қарайтыныңыз көрініп тұр. Қазақстанға алғаш келген жылдары сойылған немесе мал бағымында міністе жүрген аттарды көргенде жаныңыз ашыған жоқ па?
Бенце Иштван: – Әрине, алғаш келгенде бұл біртүрлі көрінгені рас. Бірақ мен 18 жыл бойы Қазақстанға келіп-кетіп жүрмін. Сондықтан, бұл мәселеге мен басқаша қараймын. Бұл – қазақтың салты мен дәстүріне, өмір сүріп отырған ортасына, оның экологиясына тікелей байланысты.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!
Бенце Иштван Алматыға келген сапарында Азаттық тілшісімен аудармашы арқылы әңгімелесті.