Accessibility links

Атырауда тағы да хиджаб дауы


Атырау мемлекеттік университетінде оқитын қыздарды хиджаб кигендері үшін сабаққа кіргізбей қойды. 12 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Атырау мемлекеттік университетінде оқитын қыздарды хиджаб кигендері үшін сабаққа кіргізбей қойды. 12 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Атырау қаласындағы 2-мектепте оқитын бір топ ата-ана мектеп директорының қыздарына орамал тағуға рұқсат бермей отырғанына шағымданды.

Солардың бірі Айсұлу Юсупова – осыдан бір жыл бұрын терроризмге қатысты күдікке ілініп, полиция оғына ұшқан Сергей Лидің жұбайы.

«ҚЫЗЫМНЫҢ ДІН ҰСТАУҒА, БІЛІМ АЛУҒА ҚҰҚЫҒЫ БАР»

Айсұлу Юсупова Азаттық тілшісімен кездесуде Атыраудағы 2-орта мектептің 5-сыныбында оқитын қызына сабаққа орамал байлап баруға рұқсат етілмей отырғанын айтты.

Айсұлу Юсупова күйеуі қаза тапқан жерде тұр. Атырау. 31 тамыз 2011 жыл.
Айсұлу Юсупова күйеуі қаза тапқан жерде тұр. Атырау. 31 тамыз 2011 жыл.


- Қыркүйектің 1-і күні барлық басқа ата-аналар тәрізді мен де балаларымды мектепке әкелдім. Қызымның үстінде ақ жейде, қара юбкасы, бірақ басында орамалы болды. Ол мектепке кіре бергенде алдынан шыққан мектеп директоры оның басындағы орамалын дөрекі түрде жұлып алды. Қызым сыныптастары алдында қатты ұялып, көпке дейін жылады, - дейді Айсұлу Юсупова.

Ол қызының конституциялық құқығын қорғауды сұрап, Атырау облыстық прокуратурасына, балалар құқын қорғау жөніндегі департаментке арыз түсіретінін айтты.

- Қызым екеуіміз - дәстүрлі ислам жолын ұстанған мұсылмандармыз. Қызым сол дәстүрге сай жеті жасынан бастап басына орамал тағуы тиіс. Оның конституцияға сай, өзі қалаған дін жолын ұстануға, білім алуға құқығы бар, - дейді Айсұлу Юсупова.

ТАЛАП

Атырау қаласындағы 2-орта мектеп директоры Венера Миденова өзінің бұл мектепте он жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқанын айтып, орамалға байланысты әрекетін «тек мектеп жарғысын сақтау үшін қойылған талап» деп түсіндірді.

- Мен тек мектептің киім үлгісін талап етіп отырмын. Бізге қойылған талап солай. Әу баста ата-аналармен солай келісілген, - деді мектеп директоры.

Атыраудағы орта мектептің бірі. 7 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Атыраудағы орта мектептің бірі. 7 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)


Венера Миденованың айтуынша, бұл мектепте исламдық дәстүрді қатты ұстайтын ата-аналар көп және олардың барлығына қойылған ортақ талап - осы.

- Олар (балалар) бастарындағы орамалдарын шешкен соң есік алдында емін-еркін ойнап, мәз-мәйрам болады. Мен кабинетімнің терезесінен қарап, оларды бақылап отырамын, - деді директор.

Директордың айтуынша бұл мәселе осы күнге дейін ашық айтылмай отыр.

- Не тақсын, не тақпасын деп ашып айтылған жоғарыдан сілтеме жоқ, тек бізге «мектеп киім үлгісін сақтаңдар» дейді. Сондықтан мен де сол бұйрықты орындауға тырысып отырмын. Егер біз рұқсат етсек, бәрі бізден үлгі алмай ма, - дейді Венера Миденова.

ИМАМНЫҢ ЖАУАБЫ

Атырау облысындағы «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Амантай Сәдиев дін адамы ретінде оқушыларға «орамал тақпа» дей алмаймын деді.

- Құранда әйелдердің әуретті жерлерін жабуы тиіс екені айтылған. Оларға «хиджаб киме» десек, облыстың діни лидері «шариғатқа қайшы» дейді. Ол - әділет пен білім министрліктері арасында шешілуі тиіс мәселе. Сондықтан біз мектепке барғанда хиджаб мәселесін көп айтпаймыз, діни білім жөнінде ғана айтамыз, - деді бас имам.

Атырау облысындағы «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Амантай Сәдиев. Атырау, 12 қыркүйек 2012 жыл.
Атырау облысындағы «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Амантай Сәдиев. Атырау, 12 қыркүйек 2012 жыл.


Содан соң имам өз ойын «Мен имам ретінде шешінген қызға «киін» деп айта алам, бірақ киінген қызға «шешін» дей алмаймын» деп түйіндеді.

Атырауда хиджаб мәселесі айтылып келе жатқанына бірнеше жыл болды. Әр жолы хиджаб киген қыз-келіншектердің құқық қорғау органдарына жасаған шағымы аяқсыз қалып, облыстың бас имамы үнемі бұл мәселе бойынша жоғарыдағыдай жауап беріп келеді.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.

XS
SM
MD
LG