Accessibility links

"Қаржы көзі күдікті адам бақылауға алынады"


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Терроризмді қаржыландыруға қатысты кейбір заңдарға өзгеріс енгізілді. Бұл туралы Азаттықа берген сұхбатында сенатор Бақтыбай Шелпеков кең таратып айтып берді.

Қазақстан парламенті қылмыстық жолмен келген кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша екінші оқылымда кейбір заңдарға түзету енгізді. Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Бақтыбай Шелпеков Азаттыққа заңға енген жаңа өзгерістер туралы айтып берді.

Азаттық: - Парламент бүгін кейбір заңнамаға терроризмді қаржыландырудың алдын алуға қатысты өзгеріс енгізді. Осы мәселе Қазақстанда қаншалықты өзекті?

Бақтыбай Шелпеков: - Терроризмді қаржыландырудың алдын алу жаңадан қолға алынған шаруа емес. Қазақстан әлемдік ұйым – FATF-тың (Ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы – The Financial Action Task Force) талаптарын орындап жатыр. Егер біз оны орындамасақ, Қазақстанды «терроризмді тежеуге іс-қимыл жасамай отыр» деп қабылдайды. Бұл өз кезегінде инвестиция тарту, қаржылық тұрақтылықты сақтауға кері әсерін тигізеді.

Азаттық: - FATF-тың талаптарының саны қанша? Қазақстан оның нешеуін орындады?

Бақтыбай Шелпеков: - Жалпы саны – 49. Қазақстан оның 30-дан астамын орындап, тиісті заңнамаға өзгеріс енгізді. Яғни, бүгін қабылданған өзгертулер мен түзетулер терроризмді қаржыландырудың алдын алу іс-қимылына қатысты жасалып жатқан шараның басы да, соңы да емес. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғаса береді.

Азаттық: - Бүгінгі қабылданған өзгертулер мен түзетулер нақты қандай салаға қатысты?

Cенат депутаты Бақтыбай Шелпеков.
Cенат депутаты Бақтыбай Шелпеков.

Бақтыбай Шелпеков: - Бұл өзгертулер қолма қол ақша айналымын бақылау және теріс әрекеттерге кетпеуін қадағалауға мүмкіндік береді. Мәселен, ломбардтарда белгіленген мөлшерден артық сауда жасалса, ломбард сол клиенті туралы қаржылық қадағалау комитетіне ақпарат беруі тиіс. Мұндай тәртіп нотариустарға, банктерге де қатысты болып отыр.

Мысалы, банк арқылы бір адам екінші адамға бірнеше рет үлкен сомада қаржы аударса, банк қаржылық қадағалау комитетіне хабарласады. Егер ондай адамның сондай мол қаржыны алу, табу көзі, жұмсау жолы күдік тудырмаса, ештеңе болмайды. Ал жұмысы жоқ, қаржы табу көзі күдік тудырған адам бақылауға алынады.

Азаттық: - Яғни, қаржылық қадағалау комитетіне қосымша құзырет беріліп отырған сияқты. Ал бұл бақылау жеке адамдардың саяси, қоғамдық белсенділігін шектей түспей ме?

Бақтыбай Шелпеков: - Қаржылық қадағалау комитетіне соншалықты құзырет берілді деп айтуға келмейді. Бұл - тек қадағалаушы орын. Қаржылық қадағалау комитеті жоғарыда айтқан FATF-пен тікелей жұмыс істейтін орын. Сондықтан бұл комитетсіз Қазақстан өркениетті мемлекеттер қатарына қосыла алмайды. Кез келген дамыған елде осындай ұйым, заңнама бар. Олардың бірде біреуі «жеке адам белсенділігіне шектеу қойылды» деп жатқан жоқ. Бұл – елге, елдің тұрақтылығы мен тыныштығына керек заң. Сосын, қаржылық қадағалау комитеті «адамдарды жаппай тексеруге алады» деген түсінік болмауы тиіс.

Себебі, олар біріншіден, бәрін тексеріп отыра алмайды. Екіншіден, ішкі тәртіптері бойынша комитет секем тудырған қаржыны ғана назарға алып, терроризмді қаржыландыру мен көлеңкелі ақша айналымына тосқауыл қояды.

Азаттық - Сұхбатыңызға рахмет!

XS
SM
MD
LG