Accessibility links

24.kz директоры: «Ешқашан өтірік айтқан емеспіз»


24.kz телеарнасының директоры Арман Сейітмамыт. (Сурет 24.kz сайтынан алынды).
24.kz телеарнасының директоры Арман Сейітмамыт. (Сурет 24.kz сайтынан алынды).

24.kz арнасының директоры Арман Сейітмамыт Лондондағы тілшісі Бэла Құдайбергенованың жұмыстан кету туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.

Мемлекеттік «Хабар» агенттігі» акционерлік қоғамының құрамындағы «Хабар» мен 24.kz телеарналарының Лондондағы тілшісі болған Бэла Құдайбергенова жұмыстан кету туралы даулы мәлімдемесінен кейін Азаттыққа сұхбат беріп, ол әрекетінің себебін түсіндірген еді.

Ал 24.kz телеарнасының директоры Арман Сейітмамыт Бэла Құдайбергенованың әлі күнге дейін ресми тілшілері екенін айтады.

24.kz: "Өтірік айтпаймыз"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:13 0:00
Жүктеп алу

Азаттық: – Бэла Құдайбергенова Азаттыққа берген сұхбатында жұмыстан кететінін мәлімдеген соң «Хабар» мен 24.kz басшылығының кейбір адамдарға өзімен араласуға тыйым салғанын айтқан. Бұл жайлы не дейсіз?

Арман Сейітмамыт: – Бұл сөзіне жағамды ұстап отырмын. Ешкімге ондай нәрсе айтылған жоқ. «Бэламен араласпаңдар, онымен сөйлеспеңдер» деген әңгіме айтылған жоқ. Бэла Құдайбергенова – әлі күнге дейін біздің ресми тілшіміз. Ол әлі ешқайда кеткен жоқ. «Мен ауырып жатырмын» деп бізге еңбекке жарамсыздық парағын берді, басқа ештеңе істеп жатқан жоқ.

Азаттық: – Сонда ол жұмыстан кету туралы өтініш берген жоқ па?

Арман Сейітмамыт: – Ешқандай өтініш келген жоқ. Сондықтан ана жақта, айдалада отырып алып, бірдеңе айтуы... Әрине, өзі біледі ғой не деймін десе де.

«Хабар» агенттігінің Лондондағы тілшісі болған Бэла Құдайбергенова. (Сурет Facebook парақшасынан алынды).
«Хабар» агенттігінің Лондондағы тілшісі болған Бэла Құдайбергенова. (Сурет Facebook парақшасынан алынды).

Азаттық: – Бэла Құдайбергенова ресми түрде сіздерде әлі жұмыс істейтін болса, телеарналарыңыз жайлы сынынан кейін жұмыстан шығаруларыңыз мүмкін бе?

Арман Сейітмамыт: – Оның айтқандары сын емес, ол өзінің жеке пікірін білдірді. Мына жақтағы бүкіл әріптестеріне бекерден бекер күйе жағып отыр. Жұмыстан шығарамыз ба, шығармаймыз ба дегенге келсек, шығарар болсақ, оның әлеуметтік желіде, баспасөзде берген сұхбатына сүйенбейміз.

Азаттық: – Бэла Құдайбергенованың 24.kz телеарнасы тілшісі ретіндегі жұмысы қандай еді? Сіздіңше, оның мұндай мәлімдеме жасауына не себеп болды?

Арман Сейітмамыт: – Қызметтік ескертулері болған. Жұмыс болған соң бәрі болады. Мұның бәрі – «Хабар» агенттігінің ішкі мәселесі, оны сыртқа жаятын жағдайымыз жоқ.

Мәселенің бәрі осы қаржыға тіреліп тұр. Бітті, саяси астар да жоқ мұнда.

Қазір – қаржы тапшылығы. Соған байланысты «Хабар» агенттігі шетелдегі бірнеше тілшілер қосынын жабуға шешім қабылдады. Солардың ішінде Лондон да бар. Қызметкерімізді далада қалдырмас үшін біз оған Мәскеуге не Астанаға ауысуға ұсыныс жасадық. Ол кісіден «Мәскеуге ауыспаймын, Мәскеуге қарсымын» деген жауабын алдық. Егер Мәскеуге қарсы болса, онда Лондонда ұстап отыратын қаржымыз жоқ. Мәселенің бәрі осы қаржыға тіреліп тұр. Бітті, саяси астар да жоқ мұнда.

Азаттық: – Тілшіңізбен жұмыстан кететінін мәлімдеген 3 желтоқсаннан бері сөйлесе алдыңыз ба?

Арман Сейітмамыт: – Мен осы жағдайдан кейін Бэлаға бірнеше рет «Агент», Skype хабар алмасу қосымшалары арқылы хат жаздым. Бірақ одан жауап жоқ. Facebook-те мені бұғаттап қойған, сондықтан оның онда не жазып отырғанын білмеймін, оқи алмаймын. Өзі менімен хабарласқан жоқ.

Азаттық: – Бэла Құдайбергенова сіздерден «өтірік айтудан шаршағандықтан» кететінін де айтқан. Бұл сөзіне қатысты не дейсіз? Телеараналарыңызда мұндай уәжбен жұмыстан кеткен тілшілер болып па еді?

Арман Сейітмамыт: – Менің білуімше, ондайлар болған емес. Бэланың сөзін мұқият тыңдасаңыздар, жалпылама сөзден басқа нақты ештеңе айтылмаған. Қай материалында қандай өтірік айтқанын нақты айтсын. Журналистер өтірік айтпайтынын өздеріңіздер де білесіздер. Оның үстіне біз ешқашан өтірік айтып көрген жоқпыз. Мен өзім журналистерден өтірік айтпауды үнемі талап етемін, «ақпарат өтірік болмасын, бәрін тексеріп алыңдар алдымен» деймін. Бұл қарапайым нәрсе ғой.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рахмет.

XS
SM
MD
LG