Accessibility links

Құрылыс қоршауының ар жағындағылар


Қазақстандағы еңбек мигранттары
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

Қазақстандағы еңбек мигранттары

Ұлыбританиялық ғалым Қазақстандағы орталық азиялық еңбек мигранттарының айқындалмаған мәртебесі мен заңдағы олқылықтар туралы зерттеуін шығарды. Азаттықтың сұхбатын оқыңыздар.

Орталық Азия елдері бойынша сарапшы, оның ішінде Қазақстанды тереңдете зерттеп жүрген ұлыбританиялық Бавна Даве жақында «Central Asian Survey» журналында «Жасырын жұмыс күші: Қазақстандағы Орталық Азия мигранттарына қатысты заң олқылықтары» атты зерттеуін жарияланды.

Ғалым Қазақстанның біраз аймағын аралап, заңды және заңсыз түрде еңбек етіп жүрген мигранттардың өмірін зерттеген. Доктор Даве – Лондон университетінің Шығыстану және африкатану мектебінің (SOAS) саясаттану мен аймақтану факультетінің профессоры.

Азаттық: - Қазақстан көрші елдерден, әсіресе Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін мыңдаған еңбек мигранты үшін Ресейден кейінгі екінші ірі жұмыс нарығына айналды. Қазақстанда заңды-заңсыз еңбек етіп жүрген мигранттардың саны 1 миллионнан асты деседі. Осы мигранттардың 10 пайызы ғана еңбек ету үшін тіркеледі. Сіз Қазақстанда болып, аймақтарды араладыңыз, «гастарбайтер» деп аталып кеткен орталық азиялық мигранттармен сұхбаттастыңыз. Алғашқы сұрағым: осыншама көп адам басқа елде қалайша жасырын, рұқсатсыз еңбек етіп жүр?

Даве: - Тарихи байланысын ескерсек, Қазақстан Өзбекстан үшін шет ел емес. Советтік кезеңде бұл елдердің тұрғындары бір-біріне еркін жүріп тұратын. Олардың көбі ТМД елдері арасындағы визасыз жүйені пайдаланады. Екі ел арасында саяхат жасауға еш кедергі немесе шектеу жоқ. Қазір Өзбекстан азаматтары Қазақстанда 30 күнге дейін визасыз тұра алады, олар 5 күн ішінде тіркелуге тиіс, жұмысқа тұруға автоматты түрде рұқсат ала алмайды, заңды түрде қызметке тұру үшін еңбек етуге рұқсат алулары керек. Қазақстан жақында ғана Ресейдегі сияқты патент жүйесін енгізді. Оған сәйкес, ТМД елдерінің азаматтары үй шаруашылығында аспаз, үй тазалаушы, саяжай қызметкерлері ретінде патентпен жұмыс істей алады. Бірақ заңды компания немесе фирмаға қызметке орналаса алмайды.

Қазақстандағы гастарбайтерлер

Қазақстандағы еңбек миграциясы туралы маңызды фактілер

  • Дүниежүзілік Банктің есебі бойынша Қазақстан - әлемдегі мигранттар көп ұмтылатын тоғызыншы ел.
  • Қазақстанға заңды және заңсыз түрде келетін мигранттар үш топқа бөлінеді: тек күндізгі уақытта шекараны кесіп өтіп сауда жасаушылар; сәуір-тамыз арасында маусымдық саудаға немесе жұмысқа жалданушылар; ұзақ уақытқа түрлі жұмысқа тартылатындар.
  • Қазақстандағы еңбек мигранттарының 90 пайызға жуығы қара жұмысқа жегіледі.
  • Елдегі гастарбайтерлердің шамамен 60 пайызы - Өзбекстаннан, 25 пайызы - Қырғызстаннан, 10 пайызы - Тәжікстаннан келгендер.
  • Еңбек көші-қоны туралы заңға енген өзгерістерге сәйкес 2014 жылғы ақпанның 1-інен шетелдік еңбек мигранттарды тек жеке тұлғалар жалдай алады. Мигрант патент алып, жергілікті банк есеп-шотын ашып, жеке тұлғамен еңбек келісім-шартын бекітіп, үкіметке ай сайын 23 АҚШ доллары шамасында баж салығын төлеп тұрады. Патент үш айға беріледі, келесі жолы бір жылға дейін созуға болады.

Мигранттардың «көзге көрінбейтіні» жайлы айтсақ, Оңтүстік Қазақстан облысы және Шымкент қаласында еңбек мигранттарының жұмыс істеп жатқан жерін екінің бірі біледі. Демек, олар тек құжат бойынша, заңды мәртебесі жағынан ғана «жоқ» адамдар. Оларды тұрғындар, полиция, билік өкілдерінің бәрі көріп, біліп отыр. Кейде полиция немесе миграция қызметкерлері пайда табуды көздесе немесе көз үшін науқандық шараларды орындау қажет болса, мигранттарды рейд жасап, тауып алған болады, тексеріп, мазалайды. Басқа күндері полиция мигранттарға тиіспейді.

Азаттық: - Қазір заңсыз мигранттар мен жергілікті биліктің қарым-қатынасына сәйкес Қазақстанда шетелдік еңбек мигранттарын бейресми түрде реттеп отыратын қалыптасқан жемқорлық жүйе бар ма?

Даве: - Құрылыс орындарында, базарда жұмыс істейтін мигранттарға көбіне Қазақстан азаматы: өзбек немесе қазақ туысы көмектесіп, жұмысқа орналастырады. Мұндай «бригадирлердің» көбіне полиция немесе басқа да ірі бизнес иелерімен қарым-қатынасы жақсы болады. Олар шын қаласа, мигранттарды қорғай алады. Бірақ жергілікті азаматтар мигранттарды жалдап, жұмыс бітуге таяған кезде әдейі полиция шақырып, тексеріс жүргізіп, депортация жасап жіберген жағдайлар туралы хабарланған. Солайша жұмыс берушілер мигранттардың еңбек ақысын төлемей, оларды пайдаланып кеткен. Бұндай жағдайлар арасында болып тұрады, бірақ мен өз көзіммен көрген емеспін, ондай оқиғалар құрылыс қоршауының арғы жағында өтіп жатады. Кейбір ҮЕҰ-дар ол жайында естіп, оған қарсы күреседі. Менің ойымша, еңбек мигранттарының көбі қазір ондай жағдайдан хабардар, жыл сайын келіп-кетіп жүрген мигранттар сенімді адамдармен байланыс жасайды. Солайша бұндай тұзаққа жиі түсе қоймайды. Әдетте алғаш рет еңбек етуге келгендер, тәжірибесі аз жастар алданып қалады. Негізінде, қалыптасып қалған тамыр-таныстық жүйесі, бейресми жемқорлық бар, полицияға пара беріп, қорғана аласың.

Бавна Даве, Лондон университеті Шығыстану және африкатану мектебінің профессоры
Бавна Даве, Лондон университеті Шығыстану және африкатану мектебінің профессоры

Азаттық: - Зерттеуіңізде біраз қызықты құбылысты байқағаныңыз көрінеді. Мысалы, өзбек мигранттары елдегі 30 күндік виза тәртібін бұзбай, Қазақстанда қалу жолын табу үшін бір отбасы мүшелері құрылыста немесе үй шаруасында бір-бірін алмастырып, кезек-кезек істей береді. Өкінішке қарай, олардың ешбірі парақорлық пен тексерістен құтыла алмайды. Сізбен сұхбаттасқан мигранттардың біразы Алматыны елдегі мигранттар ең көп шоғырланған жер, «қызыл қала» деп атайды. Олар «шестерка», «крыша» деген жаргон сөздерді жиі айтады. Бұлар қандай мағына береді?

Даве: - Екі-үш жыл бұрын Алматыдағы тәжік мигрантымен сөйлестім, ол Мәскеу мен Алматыдағы тәжік мигранттардың жағдайын салыстырды. Оның айтуынша, Мәскеуде адым ашқан сайын ақша төлейсің, ал Алматыда оған қарағанда жеңілдеу, мұндағы «мафиялар» біріккен. Алматыда бір адамға пара берсең, өздері бөліп алады, ал Мәскеуде әркім өз үлесін жеке алғысы келеді. Оның түсінігінше, Алматыға советтік кезеңге тән біртұтас «банда» (қылмыстық топ) тән болса, Мәскеуде бірнеше банда бір-бірімен бәсекелеске айналған. Мигранттар арасында осындай пікір кең тараған сияқты. «Шестерка» деп жергілікті билік мигранттардан ақша жинауға жіберген адамдар тобын айтады, бұл салада осындай бейресми мәміле мен келісімнің түрі көп.

Азаттық: - Олардың түсінігінде Қазақстанда еңбек мигранттары үшін ең мықты әрі танымал «крыша» кім екен?

Даве: - Егер олар үй шаруасына жалданса, сол үйдің қожайыны қорғайды. Егер құрылыста еңбек етсе, оларды жалдаған бригадир немесе жұмыс беруші жауап береді. Кейде жұмыс берушілер құрылысқа арзан еңбек күшін іздеген жақсы адамдар болып шығады, мигранттардың жағдайын түсініп, оларға күтім жасайды. Көп жағдайда Қазақстан азаматтығын алған этникалық өзбектер туған жері Өзбекстаннан жұмысшылар жалдайды. Әдетте олар мигранттарға жақсы қарайды, бірақ нарық бағасын төлемейді. Себебі олар мигранттардың Өзбекстанға қарағанда әлдеқайда көп қаржы тауып жатқанын біледі. Бұндай шартқа екі жақ та разы. Бірақ кейде жұмыс берушінің тым сараңдық танытып, мигранттардың күшін пайдаланып алып, ақысын төлемейтін кезі де болады. Құрылыс біткен соң оларды полицияға ұстап беріп, еліне қайтартып жібереді. Менің ойымша, тәжірибелі, білікті еңбек мигранттары ондай зорлықшылдарды ажырата алады.

Өзбекстанның Қарақалпақстан аймағынан келген гастарбайтер құрылысшылар. Маңғыстау облысы, Форт-Шевченко қаласы, 2013 жыл. Көрнекі сурет
Өзбекстанның Қарақалпақстан аймағынан келген гастарбайтер құрылысшылар. Маңғыстау облысы, Форт-Шевченко қаласы, 2013 жыл. Көрнекі сурет

Азаттық: - Сіз зерттеуіңізде «барынша реттелген квота мен заңсыз еңбек күші парадоксы» туралы айтыпсыз. Бұл парадоксты қысқаша қалай түсіндер едіңіз?

Даве: - Қазақстанда жоғары білікті жұмыс күшіне арналған квота жүйесі бар, бірақ құрылыс жұмысшылары тәрізді қарапайым жұмысшыларға арналған квота жоқ. Орта деңгейдегі мамандарға арналған квоталар да бар. Бірақ олардың саны өте аз және квотаға сай мамандарды анықтау өте қиын. Сондықтан қазақстандық жұмыс берушіге біреуді бейресми түрде жалдай салған тиімді.

Азаттық: - Орталық азиялық гастарбайтерлер мен оралмандар арасында жергілікті еңбек нарығында бәсекелестік байқалмай ма?

Даве: - Бұл екі топтың арасында бәсекелестік бар деп ойламаймын, себебі олар әртүрлі салада еңбек етеді. Оралмандардың заңды мәртебесі болғандықтан, депортация мен полициядан қорықпайды. Өзбекстанда туып-өскен, бірақ тегі қазақ болғандықтан оралман ретінде Қазақстанға көшіп келген адамдар көп. Кейде олардың ішінде қазақ екені «күмәнді» жандардың бары айтылады. Мысалы, Қазақстанға қоныс аударған өзбекстандық оралманның азаматтық алған соң туып-өскен жеріндегі өзбектерге көмектесіп, жұмысқа орналастырғаны жайлы айтылады. Олар бәсекелес емес, керісінше бір-біріне көмектеседі.

Азаттық: - Жергілікті үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) осы еңбек мигранттарын қолдап, оларды құқықтары туралы құлағдар етуде қандай рөл атқарады? Қазақстандағы еңбек мигранттарының құқықтарын қорғауға белсенді түрде қатысып жүрген басқа да мекемелер бар ма?

Сочи олимпиада қалашығын салуға қатысқан Красная Полянадағы еңбек мигранттары. Көрнекі сурет
Сочи олимпиада қалашығын салуға қатысқан Красная Полянадағы еңбек мигранттары. Көрнекі сурет

Даве: - Оңтүстік Қазақстан мен Шымкенттегі жергілікті ҮЕҰ-дар белсенді, олар шекарада, базарлар мен мигранттар жұмыс істейді дейтін жерлерде үнқағаздар таратады. Мигранттардың 5 күн ішінде тіркеуге тұруы үшін қандай құжаттар жинауы керектігін хабарлайды, бірақ тіркеуге тұру Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат алу дегенді білдірмейді. Олар: «Құжаттарың мен төлқұжатыңды басқа адамдарға бермеңдер» деп ескертеді. «Сауал туса, мына нөмірлерге хабарласыңдар, заңды көмек береміз» деп жазады. Мигранттар заңды білуге тиіс, көбіне олар заң мен тәртіптен хабарсыз болады. Мигранттар заң мен тәртіпті қасақана бұзғанда ҮЕҰ-дың көмектесуі қиынға соғады. Кей жағдайларда үкіметтік емес ұйымдар «иә, мигранттар заңды бұзған болар, бірақ олар өмір сүру үшін, үйіне ақша салу үшін солай істеді, жұмыс беруші де айыпты, олар мигрантқа қарағанда заңды өрескел бұзып – оларды жұмысқа алды, құжаттарын алып қойды, пайда табу үшін заңға қарсы шығып оларды жалдады» деп дәлелдеуге тырысады. Солайша ҮЕҰ билікті шара қабылдауға шақырады.

Азаттық: - Орталық азиялық мигранттар ең көп шоғырланған Ресей Қырымды қосып алған соң Батыстың санкцияларына ұшырады. Соның кесірінен алдағы жылдары Орталық Азия елдерінің еңбек мигранттары Қазақстанға қарай ағылуы мүмкін бе?

Даве: - Дәл қазір оны айту қиын, себебі нақты санын ешкім атай алмайды. Заңсыз миграцияның табиғаты да сол – мигранттардың санын анықтау мүмкін емес. Қазақстан ТМД-дан келетін жұмыс күшіне арнап патент енгізді, осы жылдың қаңтарынан баста сол заң күшіне енді. Жыл соңында патент алып, үй шаруашылығында заңды түрде жұмыс істеген адамдардың санын жобалап білуге болар. Әзірше нақты статистикалық дерек болмайынша Ресейде миграцияға қатысты қабылданған қатаң заң мен мигранттарды депортация жасау және елге кіруге тыйым салу әрекеттерінің Қазақстандағы мигранттар санының артуына қаншалықты әсер етуі мүмкін екенін білу қиын. Бірақ мигранттарға қатысты деректерді жинақтау жүйесі болмаса, олардың санының артқанын анықтау да қиынға соқпақшы.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбатты ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG