«ҚарағандыЭкоМұражайы» қоғамдық бірлестігі Қазақстанның үш қаласы – Балқаш, Екібастұз және Теміртау қалаларындағы химиялық қалдықтармен ластанған аудандарды анықтады. Олар Ақмола облысындағы Степногорск қаласы мен Шығыс Қазақстандағы кейбір аудандарды да тексерген.
СУ АЙДЫНДАРЫ МЕН БАЛАЛАР АЛАҢДАРЫ
– Оларды жою оңай, ойын алаңындағы лас топырақты қазып алып, орнына таза топырақ салып, әткеншектер мен басқа жабдықтар қойса жетіп жатыр, – дейді Дмитрий Калмыков.
Бірақ су айдындары ойын алаңдары сияқты тез тазартылмайды. Экологтар дүниежүзілік банк бөлген ақшаға Қарағанды облысындағы Нұра өзенін сынаптан тазартқан. Экологтың айтуынша, бұл жобаның құны 100 миллион доллардан асады.
– Өзен жағалауынан және су түбіндегі шөгіндіден сынама алдық. Жағалаудан қауіпті заттарды мүлде таппадық. Соған қарағанда, жағалауды сынаптан тазартқаны байқалады. Бірақ өзенді мүлде тазартпаған секілді. Алған сынамаларымыздың бәрінде ластану мөлшері межелі деңгейден көп асып кеткенін көрсетті. Бірнеше жылда бір рет қатты таситын өзен түбіндегі сынап шөгінділері су тағы тасыған кезде лықсып жағалауға қайта шығады да, мына жұмсалған бүкіл ақша желге ұшады, – дейді Дмитрий Калмыков.
Азаматтық қоғамның Қазақстанның химиялық қауіпсіздігін жақсарту жөніндегі құқық-мүмкіндіктерін ұлғайту жобасы аясында өткізіліп жатқан бұл зерттеудің басталғанына бір жарым жыл болған. Еуропа Одағы және Чехияның даму агенттігі қаржыландыратын жобаны іске асыруға 248 мың еуро бөлінген.
АҚПАРАТ ТАПШЫЛЫҒЫ
Қарағанды экологтарының әріптесі, Чехияның «Арника» компаниясы өкілі Мартин Скалский «қоршаған ортаны қорғау ісінің алға жылжымауына Қазақстан қоғамының ақпаратқа жарымауы да себеп» деп санайды. Оның айтуынша, экологиялық ахуалдан хабарсыз адамдар лас аймақтарда тұрады да, кейін түрлі дертке шалдықтыруы мүмкін ауыр қосылыстар олардың ағзаларында жылдан жылға жинала береді.
– Экологиясы лас болуы мүмкін аймақта тұратын көптеген адаммен кездесіп, халықтың мұндай қатер туралы мүлде аз білетінін анықтадық. Тіпті қоршаған ортаны ластайтын көздің жанында тұрса да, ол жайлы мүлде хабарсыз. Меніңше, халыққа ақпарат беру – мемлекеттік органдардың жұмысы, – дейді Мартин Скальский.
Азаматтық қоғамның Қазақстанның химиялық қауіпсіздігін жақсарту жөніндегі құқық-мүмкіндіктерін ұлғайту жобасының аяқталуына бір жыл уақыт қалды. Экологтар зерттелген аймақтардан қайтадан сынама алып, оларды сараптамадан өткізу үшін Еуропаға жібермек.
«ҚарағандыЭкоМұражай» бірлестігі қызметкерлері билік өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, оларға зерттеу нәтижелері туралы хабарлап, шешім жолдарын ұсынған. Бірақ биліктің пікірін білу оңайға соқпады.
Қоршаған ортаны қорғаумен және өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеп, кәдеге жаратумен айналысатын мемлекеттік орган өкілдері Астанада өткен «Улы қалдықсыз Қазақстан» конференциясына қатысты. Онда Қарағанды экологтары зерттеуінің қорытындылары таныстырылды. Бірақ қызметкер әйелдердің бірі конференция бастала бере кетіп қалды, ал тағы бірі «құзыретім жоқ» деген уәжбен комментарий беруден бас тартты.