Accessibility links

«Бомба жайлы жалған хабар» мұғалімді екі жылға соттатты


Солдан оңға: Юрий Пактың жұбайы Ольга Пак, Юрий Пак пен адвокаттары. Қарағанды, 3 қазан 2016 жыл.
Солдан оңға: Юрий Пактың жұбайы Ольга Пак, Юрий Пак пен адвокаттары. Қарағанды, 3 қазан 2016 жыл.

Қарағандыда «теракт туралы жалған хабар берді» деп айыпталған физика пәні мұғалімі Юрий Пак екі жылға сотталды. Сот мұғалімнің айыбы толық расталды деп біледі. Пакты қолдай келген он шақты адам бұл үкіммен келіспеді.

Ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген 45 жастағы Юрий Пак өткен аптаның сенбісінде, қазанның 1-і күні Қарағандыдағы жалпы білім беретін 89-мектепте физика пәнінен сабағын өткізген. Оны бүгін сот залында тұтқындап, «теракт жасауға дайындалып жатыр деп жалған хабар бергені» үшін екі жылға соттап, жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтеуге үкім етті.

Юрий Пактың үкімді естіген жақтастары айғайлап жылап, сотты сынап жатты. Мұғалімнің өзі үкім оқылып жатқан кезде жұбайын жұбатып, онымен сөйлесіп тұрды.

ЮРИЙ ПАКТЫҢ САБАҚТАРЫ

Сот үкімін тыңдауға келген жұрт Қарағандыдағы Қазыбек би ауданы сотының тар залына сыймай кетті. Көбі Юрий Пактың оқушыларынан құралған жұрттың біразы дәлізде тұрды. Мұғалімді кісендеп алып шыққанда олар қол шапалақтап, құрмет көрсетті.

Кеше Юрий Пактың анасы қайтыс болған еді. Адвокат Сергей Ким мұғалімнің анасын жерлеуге мүмкіндік ала алмауын «тағылық» деп атады.

Жиналғандар үкім шыққан соң тарамай тұрды. Олар Юрий Пактың жұбайын күтіп, оған басу сөз айтты. Пактың зайыбы Ольга Пак істі бұлай қалдырмасын айтады.

Ольга Пак (солдан екінші) сот ғимараты алдында тұр. Қарағанды, 3 қазан 2016 жыл.
Ольга Пак (солдан екінші) сот ғимараты алдында тұр. Қарағанды, 3 қазан 2016 жыл.

– Күйеуім ондай адам емес. Еш жазығы жоқ адам азаматтың жүйегі қарсы тұруы өте қиын. Біз күреспесек, баяғыда сотталар еді. Ерім балаларымыз бен оқушыларына мемлекетті, заңды сыйлау керек деп үйреткен. Ол маған «ұлымызда сақта» деді. Баламыз 13-те. Күйеуіме «ақырына дейін барамын» деп уәде бердім. Бір ғажап болар деп сенемін, – дейді Ольга Пак.

Көзіне жас алған Ольга Пак жиналған жұртқа қолдағандары үшін алғыс айтып, «бізге бүкіл дүние жүзіндегі адамдар тілектес» деді.

Юрия Пактың үкімін тыңдауға келген оқушыларының ата-аналары да жазамен келіспейтіндерін айтады.

– Бір де бір қисында айғақ болмады. Ол орысша өте сауатты сөйлейді. Ал сотты тыңдатқан аудиожазбада сауатсыз сөз жазылған, – дейді оқушылардың бірінің анасы.

Сот ғимаратынан шыққаннан кейін кей ата-аналар талап-арыздағы мыңдаған теңге зиянды, сот пен сараптама шығындарын өтеу, анасының жерлеу үшін Пактың отбасына материалдық қолдау көрсетуді ұсынды.

Бүгінгі сотқа келген әртүрлі жастағы балалар – Юрий Пактың оқушыларының біршілігі де қайран қалдырды. Олар үкіммен келіспейтіндерін жылап тұрып білдіріп, «әділет жолындағы күресте» мұғалімдерінің бала-шағасына көмектескісі келетіндерін айтты.

– Оның «Егер жолдарыңда титтей де болса әділетсіздік кездессе, онымен ақырына дейін күресіңдер» деген сөзін ешқашан ұмытпаймын. Ол бізге жай мұғалім ғана емес дос болатын әрі жақсы адам еді. Оған қатты бауыр басып кетіп едік. Ақырына дейін күресеміз. Бұл алғашқы шайқас – алғашқы сот қана. Біз берілмейміз, – дейді 10-сынып оқушыларының бірі.

Юрий Пактың оқушылары мен олардың ата-аналары сотта тұр. Қарағанды, 3 қазан 2016 жыл.
Юрий Пактың оқушылары мен олардың ата-аналары сотта тұр. Қарағанды, 3 қазан 2016 жыл.

ҚОҢЫРАУ СОҚҚАН КІМ?

Үкім жарияланғанға дейін мұғалімнің жақтастары мен бақылаушылардың кейбірі Юрий Пакты істегі «қайшылықтарға» қарамастан, айыпты деп танитын шығар деп жорамалдаған.

Бүгін үкімді жариялаған кезде судья Әлия Жошева сотталушының кінәсін «жалған терроризм» ісі бойынша жиналған бүкіл айғақтар дәлелдейді деп мәлімдеді. Судьяның мәлімдеуінше, Юрий Пактың полицияға жарылғыш құрылғы қойылды деген шалған қоңырауы кесірінен «мемлекеттік органдардың қалыпты жұмысы бұзылған». Тергеу болжамынша, Юрий Пак 2015 жылы полицияға қоңырау шалып, Орталық әмбебап дүкеніне бомба қоймақ ниетін хабарлаған. Тергеушілердің мәлімдеуінше, сол күні ғимараттан 3 мың адам эвакуацияланған.

Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен ішкі істер департаменті, жедел жәрдем станциясы сотқа ондаған мың теңге материалдық шығынды өтеу туралы шағымданған. Бүгін сот олардың шағымын қанағанттандыру туралы шешім шығарды. Іске жапа шегуші тарап ретінде тартылған сауда орталығы әкімшілігі талап-арыз беруден бас тартқан. Сотталушының кәмелетке толмаған екі баласының болуы және бұрын сотталмағаны оның жазасын жеңілдететін жайттар ретінде танылды.

Юрий Пак тергеу басталғалы бері және сотта мектептегі кабинетте аз уақытқа қалып қойған сөмкесіндегі телефонын әлдебіреу «бұзып», қашықтан қоңырау шалған болуы мүмкін деп, айыпты терістеп келген. Оның бұл ұйғарымын куәгерлер де растап, мұғалімнің ол уақытта кабинетте жұмыс орнында болғанын айтқан. Ал сотта жарияланған аудиожазбада қоңырау шалған ер адам, ар жақтан естілген шуға қарағанда, көшеде тұрып сөйлескен болуы мүмкін.

Пактың адвокаты жарылғыш зат туралы мұғалімнің телефонынан емес, Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің телефонынан хабарланғанын мәлімдеген.

Үкім жарияланар қарсаңында Пактың адвокаты Сергей Ким сотта жарылғыш зат туралы мұғалімнің телефонынан емес, Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің телефонынан хабарланғанын мәлімдеген. Ол осы себепті сотқа «Қазақтелеком» компаниясының өкілін шақыртуды және сараптама жүргізуді сұраған. Бірақ судья Әлия Жошева бұл өтінішті қабылдамай тастаған. Юрий Пактың жақтастарының айтуынша, адвокаттың телефон қоңырауы ұзақтығы бар болғаны 6 секунд болғанын, ал сөйлесу жазбасы 2 минут 41 секундты құрағанын «көзге көрініп тұрған қарама-қайшылық» деп атаған мәлімдемесі де еленбеген.

Юрий Пактың адвокаттары апелляциялық шағым түсіретіндерін және адам құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдардың көмегіне жүгінетіндерін мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG