Accessibility links

Пакты жақтаушыларға наразылық акциясын өткізбеуді айтты


Юрий Пактың сотына келген жұрт. Қарағанды, 29 қараша 2016 жыл.
Юрий Пактың сотына келген жұрт. Қарағанды, 29 қараша 2016 жыл.

«Жалған терроризм» үшін сотталған қарағандылық мұғалім Юрий Пактың жақтастары оны ақтайды деп үміттенген еді. Апелляциялық сот Пак онсыз да жеңіл жазаланды деп білген.

Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасының судьялары Рашид Нұрмағамбетов, Светлана Миночкина және Асқар Тұрысбаев қарағандылық 45 жастағы азамат – физика пәнінің мұғалімі Юрий Пакқа шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырып, оның шағымын қанағаттандырмады. Прокурор Медеу Жақанов та соны талап еткен еді.

Юрий Пакты мобильді телефонынан «112» жедел қызметіне қоңырау шалып, «Қарағандының орталық әмбебап дүкеніне бомба қойылған» деп жалған ақпарат бергені үшін айыптады.

Бірақ Пак пен жақтастары оның қоңырау шалмағанын, тергеу ісі мен соттың әділетсіз өткенін айтады. Қорғаушысы Сергей Ким «Пактың телефонын біреу бұзып кірген, мектеп мұғалімінің бұндай қоңырау шалуына еш себебі болмаған» дейді.

Апелляциялық алқаның шешімін жариялау бір сағатқа кешікті. Сотқа он шақты адам қатысты, олардың ішінде сотталған мұғалімнің жақтастары, журналистер, адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның өкілі бар. Тараптардың пікірталасы қызу болды.

Юрий Пак айыпты мойындамайтынын айтып, болған жағдайды «қатыгез қате» деп атады, қызуқандылыққа салынғаны үшін кешірім сұрады. Пак екі айдан бері отырған уақытша қамау орнында туберкулезге шалдыққандар бар екенін және егеуқұйрықтар жүргенін айтты.

Юрий Пак сотта тұр. Қарағанды, 16 маусым 2016 жыл.
Юрий Пак сотта тұр. Қарағанды, 16 маусым 2016 жыл.

– Менімен бір камерада бомба қойылды деп қоңырау шалған бала отыр, ол бәрін мойындады. Оның ісі ашық өтіп жатыр, менікі олай емес. Бұл біртүрлі сот екен. Куәгерлер ант беріп, сол сәтте жанымда болғандарын айтса да, оларға сенбейді. Төтенше жағдай департаменті қызметкеріне бірден сенеді. Қоңырау шалған болсам, қылмыстың ізін неге жасырмадым? Ол жағдайдан төрт ай өткен соң мені ұстап отыр. Мен олай істеген жоқпын! Ойланыңыздар, – деді Юрий Пак.

СОТТАН КЕЙІН

Шешімді жариялаған соң Юрий Пактың әйелі Ольга Пак қарауылдар әкетіп бара жатқан күйеуімен сөйлесіп қалуға тырысты. Юрий Пактың жақтастары оны далада күтті. Мұғалімнің әйелімен бірге қорғаушысы Сергей Ким де шықты, екеуі журналистерге сұхбат беріп, апелляциялық соттың шешімімен келіспейтіндерін, жоғарғы сотқа шағымданатындарын айтты.

– Қылмыстық істің материалдарымен таныстым, оларды өте мұқият оқыдым. Прокурор мырза куәгердің – сол күні Юраның телефон ұстап жүргенін көрдім деген мұғалімнің сөзіне сүйеніпті. Бірақ ол әйел ерімді сағат 13-тен кеткенде көрген (қырсық шалған қоңырау басқа уақытта жасалыпты), мені сол жағы қатты қапаландырады. Бұл хаттама қазір қолымда бар. Ештеңе түсінбеймін. Мысалы, қазір менде де телефон бар, сонда не болды? Ол түнде де менің қасымда болды деуге бола ма? – дейді Ольга Пак.

Юрий Пактың жұбайы Ольга Пак (ортада) пен адвокаты Сергей Ким (оң жақта) соттан кейін сұқбат беріп тұр. Қарағанды, 29 қараша 2016 жыл.
Юрий Пактың жұбайы Ольга Пак (ортада) пен адвокаты Сергей Ким (оң жақта) соттан кейін сұқбат беріп тұр. Қарағанды, 29 қараша 2016 жыл.

ПРОКУРАТУРАНЫҢ ЕСКЕРТПЕСІ

Апелляциялық шешімді жариялаған соң дереу Қарағанды облыстық прокуратурасында брифинг өтті. Журналистерге таратқан баспасөз хабарламасында «Пактың айыбын дәлелдеуге жетерлік дәлелдер» бар екені айтылған, жасалған сараптама шұғыл қызметке қоңырау шалған дауыс Юрий Пактыкі екенін анықтағаны жазылған.

«Аталған қылмыс ауыр қылмыстар санатына жатады, ол үшін бас бостандығынан айырады (6 жылға дейін). Бірақ сот екі баласы барын және жағдайын ауырлататын істің жоқ екенін ескеріп, ең төменгі мерзім – 2 жылға кесті» дейді прокуратура.

Прокуратура Пакты қолдау үшін наразылық акциясына шығатындар болса, жауапқа тартамыз деп ескертті.

«Әлеуметтік желілерде Пакқа тағылған айыпты кеңінен талқылаған жекелеген адамдар азаматтарды оны қолдау үшін қарсылық акциясына шығуға арандатып отыр. Азаматтарға дәлелсіз және арандатушылық ақпарат таратуға болмайтынын тағы да ескертіп, заңсыз акцияға шықпауға шақырамыз» дейді Қарағанды облысының прокуратурасы.

Юрий Пактың жақтастары оның мобильді телефонынан «112» нөміріне қоңырау шалып, жалған дерек бермегенін айтады. Қорғаушысы Сергей Ким соттан «қылмыс оқиғасы болмағандықтан» Пакты ақтауды сұраған еді.

Юрий Пактың үкімі енді күшіне енді. Оны тұқындалған күнінен – 2016 жылы қазанның 3-інен бастап қамалды деп санайды.

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG